Батыр қыздарымыз – «халық жауының» перзенттері

0 70

Кеңестік тарихтың ашылмай жатқан ақтаңдақтары көп. Соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты бұрмалаушылықтар жетіп артылады. Бұл мақала шығыстың қос шынары атанған қос батыр қыздарымыз – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловаға арналады.

МӘНШҮК МӘМЕТОВА

Қан майданда ерлікпен қаза тапқан батыр қызымыз Мәншүктің әкесін кеңестер үкіметі алашордашы, «халық жауы» деп соттаған. Ол кезде қоғамда «халық жауының» балалары майданға өз еркімен аттанса, ата-аналарының жазасы кешіріледі» деген ұзынқұлақ хабар тараған. Осы сөз құлағына тигелі Мәншүк бір жыл бойы әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып жүріп, соғысқа өзі сұранып аттанады. Қаршадай қыз ол кезде әкесінің атылып кеткенін білмеген еді.Ахмет пен Әмина Мәметовтер

Ахмет пен Әмина Мәметовтер

Мәншүк 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал ауданында туды. Балалық шағы Жасқұс деген ауылда өтті. Әкесі Жиенғали қойма күзетшісі болды, анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан.
Әке-шешесінің азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Бала күнінде анасы «Моншағым» деп еркелеткен. Өсе келе оған Мәнсияның тілі келмей, өзін «Мәншүк» атаған. Кейін құжатына солай жазылып кеткен.
Батыр қыз 3 жасқа толған шағында ауылға Саратов қаласынан Жиенғалидың немере туыстары
Ахмет пен Әмина Мәметовтер келеді. Бір перзентке зар болып жүрген Ахмет пен Әмина дастарқан басында Жиенғалиға күтпеген жерден сәбиді асырап алғысы келетіндерін айтқан. Мәншүктің ата-анасының алыстан ат арытып келген құрметті туыстарының өтінішін жерге тастай алмапты, еріксіз келісіпті. Айта кетейік, Мәншүкті асырап алушы әкесінің немере інісі Ахмет – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер, әйелі Әмина – әдебиет пәнінің мұғалімі.
30-жылдардың екінші жартысында Мәншүктің туған анасы мен әкесі бірінен кейін бірі бақилық болып кетеді. 1938 жылы дәрігер Ахмет Мәметовке «халық жауы» деген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Анасы Әминаның да басқан ізі аңдулы болған. Жесір әйел мен кәмелет жасына енді толған бойжеткеннің тұрмыстары қатты нашарлап кетеді. Барша ағайын-туыс, дос-жаран «халық жауының» отбасымен араласуға қорықты. Мәншүк институттағы оқуын тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы болып жұмысқа кірді.
Мәншүк майданға 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында аттанады. Батыр қыздың өз қалауы бойынша пулеметшілер ротасына жіберілді. Ол нәзік жанды қыз бола тұра соғыста батылдығымен, қайтпас қайсарлығымен қаруластарын талай таң қалдырған, талай ерлік істер жасаған. Сол үшін Мәншүк пулеметшілер батальонының бөлім командирлігіне тағайындалып, сержант атағы берілді.
Бірде батальон Изоча станция­сын жаудан босатуға қатысты. Кескілескен соғыста кеңес әскері оңбай жеңіліп, көп сарбазынан айы­рылып, кейін шегінуге мәжбүр болды. Батыр қыз шегінген әскердің артын жауып, «Максим» пулеметімен тосқауылда қалды. Қайтпас қайсар ару осы соғыста жүздеген немістің көзін жойды. Ақырғы оғы қалғанша шайқасты. Қасындағы жолдастарынан айырылған Мәншүк жалғыз өзі үш пулеметті қатарынан қойып, жауды 3 сағат бойы бөгеп тұрған.
Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Қаралы хабарға кеңес жауынгерлерінің қабырғасы қайысты. Өйткені сарбаздар Мәншүкті адамдық қасиеті мен жауынгерлік батылдығы үшін қатты құрметтейтін. Мәметованың өлімі туралы газеттерде жазылып, радиоларда айтылды. Арада 6 ай өткеннен кейін оған Кеңес­тер Одағының Батыры атағы берілді.

ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА

Батыр қыз мына жарық дүниеде бар болғаны 19 жыл ғана өмір сүрді. Әкесінің аты – Нұрмұханбет, анасының аты Маржан еді, ал шын фамилиясы Сарқұлова болатын. Ата-анасы қызыл жендеттердің қолынан қаза тапты.Әлия Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында 1925 жылы 25 қазанда дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты – Ілия. Ашаршылық жылдарында Әлияның 8 жасқа келген шағында анасы егістік даласынан картоптың қалдығын жинап жүріп, күзетшінің оғынан қаза табады. Әкесі Нұрмұханбет байдың баласы болғаны үшін қуғындалады. Әйелі қаза тапқанда қолында ұлы Бағдат пен қызы Әлия қалыпты.
Қуғында жүрген жалғызбасты әкеге екі кішкентайды қарау мүмкін бе, әкесі амалсыздан екі баласын Темір ауданының Шығырлы ауылында тұратын қарындасы Қанышаға тапсырып кетеді. Бірақ ұлы аяқ астынан ауырып қайтыс болып, әкесі жалғыз қалған Әлия­ны Ақтөбеде тұратын балдызы Әбубәкір Молдағұловтың қолына береді. Сөйтіп, болашақ мергеннің мұнан кейінгі өмірі Молдағұловтар отбасында жалғасады.
Көп кешікпей Әбубәкір Әскери-көлік Академиясына оқуға түсіп, отбасымен Мәскеуге көшеді, сосын Ленинградқа ауысады, Әлия­ны өздерімен ала жүреді. Кейін нағашысы жұмыс бабымен Ташкентке ауысқанда Әлияны балалар үйіне тастап кетеді.
Сұрапыл соғыс басталған жылы Әлия Ленинградта №140-мектептің 6-сыныбын бітірген болатын. Қала блокадада қалды. Қала халқы төбеден томбылдап жауған бомбыларға да, аштық-жоқшылыққа да, жарықсыз, жылусыз үйге де үйренді, тек әйтеуір аман жүргендеріне шүкіршілік етті. Әлия мектептегі оқуынан кейін госпитальға барып, жараланған жауынгерлерге көмектесті.
1942 жылы Әлия Рыбинск авиа­техникумына оқуға түсті, алайда 3 айдан кейін соғысқа сұранып кетеді. Атқыш-мергендерді дайындайтын әйелдер мектебіне түседі. Батыр қыз оқуға бар ынта-шынтасымен беріледі, көз өткірлігін, мергендігін, қолдың дәлдігін көп жаттықтырды.
…1942 жылдың желтоқсанында 54-атқыштар бригадасының 4-батальоны құрамына түседі.
Бойжеткеннің алғырлығы, төтенше жағдайда шұғыл шешім қабылдай білу қабілеті, ойының жүйріктігі мен зеректігі шайқас­тың шешуші сәттерінде оны өзгелерден даралап тұрды.
1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының Казачиха деревнясын азат етуде Әлия ерлікпен қаза тапты.
Он тоғыз жастағы өрімдей қыз батальонының барлық офицерлері қаза тапқанда, жаңбырша жауған оқтың астында қатары сиреп қалған қаруластарын 6 рет шайқасқа өзі бастап шыққан.
Қаһарман қызға оған дейін ерлігі үшін «Даңқ» ордені табысталған болатын, қайтыс болғаннан соң Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Сөз соңы. Жалпы, мұрағат деректеріне сүйенсек, 2-Дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 5183 қыз-келіншек аттаныпты. Олар сын сағаттарда ерлермен бірдей ерлік жасап, батырлық пен табандылықтың, Отанды сүюшіліктің жарқын үлгісін көрсеткен.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + eight =