Батыр ескерткіші даңқына лайық па?

0 31

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толды. Осы Жеңіс туын алғаш Рейхстагқа қазақтың даңқты перзенті Рақымжан Қошқарбаев қарулас досы Григорий Булатов екеуі тікті. Бірақ бұл ерлік көп жылдарға дейін бағаланбады. Алайда шындық ешқашан жоғалмайды, ақыры батырлардың ерлігі мойындалды. Еліміз егемендік алғаннан кейін Рақымжан атамызға Халық Қаһарманы берілді.Осыдан төрт жыл бұрын елордада Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш қойылды. Бұған дүйім ел қуанып, Рақымжан атамыз ортамызға қайта тіріліп келгендей күйде болды. Бір жағынан, ол кісі елорданың түбіндегі Тайтөбе ауылында өмірге келген. Сондықтан ардақты азаматқа туған жерінде ескерткіш орнатылғаны қауымды бір серпілтті. Міне, содан бері де біраз уақыт өтті. Бұл ескерткіш Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Маңайындағы биік үйлерден онша көзге көп түсе қоймайды. Аумағы да ептеп тарлау. Сондықтан астаналық зиялылар батырға арналған ескерткіштің көптің көңілінен шықпай жүргендігін айтып, редакцияға хабарласты. Біз осы орайда белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың пікірін беруді жөн көрдік.
– Елордадағы Рақымжан Қош­қарбаевқа­­ арналған ескерткіш үлкен архитектуралық талғаммен жасалмағандығын байқайсыз. Ескерткіштің алдынан қарасаңыз, ту көтеріп келе жатқан адамды көресіз. Мүсіннің өзінен ту үлкен. Ол неғылған ту, неғылған адам, бейне толық ашылмаған. Екіншіден, ескерткіштің бүйірінен барсаңыз, бір қолайсыздық сезіледі, күңгірт көрінеді. Екі даңғылдың қиылысындағы қуысқа орналасқан жері де көңілден шыға қоймайды. Жақында ескерткішке барып едім, күтімі де болмай тұр екен. Бұл астаналықтарға да, елорда әкімдігіне де сын.
Рақымжан ағамыз Рейхстагқа ту тіккен жалғыз қазақ. Кезінде бұл кісінің ерлігі бағаланбады. Батырмен бірге ту тіккен Булатовтың өмірі қайғылы жағдайда аяқталды. Рахаң соның бәрін асқан төзімділікпен көтере білді. Халқымызда «Сый қылсаң сыпыра қыл» деген сөз бар емес пе, сондықтан мемлекеттік тұрғыдан қайтадан комиссия шақырып, ескерткішті қайта қарау қажет. Керек болса, жөндеу жүргізілсін. Ескерткіштен батырдың қаһармандығы мен ерлігі танылып тұрса деймін. Содан соң елдің тағы бір айтып жүрген ұсынысы бар: Рақымжан Қошқарбаев даңғылымен «Нұр Орда» мектебіне қарай жүрсеңіз, «Хазірет Сұлтан» мешітінің қарсысында ескерткішті қоюға болатын тамаша алаң бар. Мүмкін осы алаңды да ойластырған жөн болар. Қалай болғанда да, Рақымжан ағамыздың ерлігі мен батырлығы мәңгілік десек, оның ескерткішіне лайықты орнын тауып, мүсінін қояиық, – деді қаламгер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =