«Батыр дүкенді қайдан біледі?»

0 142

Автобус Бөгенбай даңғылымен жүйткіп келеді. Сарыарқа даңғы­лының қиылысына жете бергені сол, алдыңғы орындыққа жайғасқан кішкентай бала әкесіне қарап шаңқ ете қалды:

–Әке, мынау Бөгенбай батыр емес пе?!

–Иә, балам.

–Сонда анау артында тұрған дүкенді ол қайдан біледі?

–Жоғ-а-а, білмейді. Ол жоңғар шап­қыншылығы кезінде өмір сүрген ғой.

–Жоқ, біледі. Мен біліп тұрмын. Әне, қараңызшы, « 5 минут» деп көрсетіп тұр өзі.

Елдің бәрі кішкентай бала нұсқаған жаққа қарады. Расында, Бөгенбай батырымыз (мүсін) бес саусағын барынша тарбита ашып тұр. Ал, дәл арт жағында қақ маңдайшасында үлкен қызыл әріптермен жазылған «5 Минут» әмбебап дүкені мен мұндалайды.

Әкесі баласына жауап бермеді.

P.S «Енді жетпегені – ел намысына тұтқа болған батырымызды жарнамаға араластыру еді…» деген күйі аялдамадан түсіп бара жаттық.

Қазақ пен мазақ

Астана қаласында білдей банктің филиалын басқарып отырған азаматтың бірауыз пікірі  қажет болды.

Телефонды алған бойда әлгі ағамыз қазақша жауап беруге қиналатынын жет­кізді. Қазақ газетінен екенімді айтып едім, «оқасы жоқ, мен қазір тұтқаны аудармашыға беремін» деді. Мен сауалымды қойдым. Тұтқаның ар жағындағы қазақ қыз әрбір сөзімді тақылдап бастығына аударып берді. Ол кісі жауабын айтты. Келісіп алғандай, аудармашы қазақ тілінде маған қайталады. Екінші сауалдың да жауабы осылай алынды. Бір пікірді алуға, бір сағат уақыт кетті. Өзі де шаршаған болу керек, тұтқаның ар жағынан «Орысша білмейтін қандай журналист» деп қойып қалды. Мезі болған мен де тәржімәшіден телефонды бастығына беруін сұрадым. Алған бойда, «Позор, если казах с казахом общаются через переводчика» дедім. Ол уәж айтпады. Ең бастысы, түсінді. Тұтқаны тастай салды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =