Батыр ауылын білесіз бе?

0 77

Бұл елді мекен – астанадан Бурабай бағытына шыққанда тоқсан шақырымдай жерде орналасқан Еңбек ауылы. Бұл – Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ағамыздың туған жері.

Кезінде өзінің қатысуымен туған жерінде мерейтойлары атап өтілді. Ол кісі 2013 жылы 89 жасында дүние салды. Сол тасжолмен Еңбек ауылының тұсынан өтіп жүріп, жолаушылардың басым көпшілігі батырдың туған жері екенін білмейтіндігіне көзім жетті. Осы кемістікті қалай жою керек екендігін ойлап жүріп, кішкене бағдарламаның жобасын жасап, аудан әкіміне ұсыныс білдіріп, қолдау таптым. Бұл жобаны іске асыру үшін біраз қаржы қажет еді. Демеуші табу үшін батыр ағамыздың атындағы «Жас ұлан» мектебіне бірнеше рет бардым, ақырында «бізде артық қаржымыз жоқ» деген жауап алдым. Содан кейін Қорғаныс министрлігінің кейбір азаматтарымен сөйлесіп едім, олар да мүмкіншілігі жоқтығын білдірді. Үмітімді үзбей Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың президенті Махмут Нәлібаев мырзамен байланысып едім, көңілімді демеп, көмектесетінін жеткізді. Бұл кісі өзінің көмекшісі Қали Бүркітбайұлын жіберіп, екеуміз Ақмола облысы әкімінің қабылдауында болып, мектеп пен мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаражат сұрап алдық. Таяуда Еңбек ауылына барғанымда, мектеп директоры Қ.Баймолдина айтады: «…мен осы мектепте қырық жылдан астам қызмет істеймін, мұндай жөндеу жұмысы ешуақытта болған емес. Ұстаздар да, оқушылар да, ата-аналар да дән риза… Осындай алғыс айтқан сөзді ауыл тұрғындарынан көп естідім. Жалпы айтайын дегенім, Сағадат ағамыздың жерлестері облыс әкімі Ермек Маржықбаевқа ризашылықтарын білдіреді.
Осы бағдарлама бо­йынша ауылға дейінгі төрт шақырым жолды жөндеу, орталық көшені жарықтандыру, автобанның Еңбек ауылы тұсына билборд қою қарастырылған болатын. Осы жұмыстарды аудан әкімі Алпысбай Қуандықұлы жергілікті бюджеттен қаржы бөлдіріп, абыроймен орындап шықты. Мәдениет үйінде Сағадат Нұрмағамбетов музейі жабдықталып жатыр. Осы шаруалардың уақытында сапалы орындалуын қадағалап, тіпті кейбір басшылармен сөзге келіп қалып жүрген Еңбек ауылының әкімі Сағындық Абахановқа және де осы ауқымды істерді атқаруда өз үлестерін қосып жатқан ауыл азаматтарына зор ризашылығымды білдіргім келеді.
Енді бітпеген бір-екі шаруа бар. Оны батыр ағамыз­дың алдағы туған күніне қарай, Жеңіс мерекесіне дейін атқарылады деп сеніммен қараймын. Сағадат Қожахметұлының ауылына келіңіздер, батыр туралы біраз мағлұмат аласыздар ғой деп ойлаймын.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақмола облысы
Ақкөл ауданының
құрметті азаматы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =