«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Батыл әрекет бағаланды

0 184

Осы күндері барша елордалықтар 10-қабаттан құлағалы тұрған 7 жасар баланы қағып алып, ажалдан құтқарып қалған Артем Каревтің ерлігіне ризашылығын білдіруде.

Егер Артем қас-қағым сәтте қапы қалмай шұғыл әрекет етпегенде, сәбидің тағдыры қыл үстінде тұр еді. Өзгенің тағдырына бей-жай қарамай, қысылтаяңда дұрыс шешім қабылдаған Артемге қала әкімі өзінің және қала тұрғындары атынан алғыс білдірді. «Құрметті Артем Семенович, біз барлығымыз сіздің кешегі ерлігіңізге таңғалдық. Сіз ептілік пен батылдық танытып, өз өміріңізді қатерге тіге отырып, 7 жасар баланың өмірін құтқарып қалдыңыз. Бұл – үлгі тұтарлық мысал, яғни біздің тұрғындар, азаматтарымыз айналасына осылай жауапкершілікпен қарауы тиіс» деді Бақыт Сұлтанов Артем Каревке 500 мың теңге сыйақыны табыстап тұрып. Артем өз кезегінде бұл қаражатты мұқтаж отбасылардың терезесіне қоршау орнатуға жұмсайтынын айтты.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров Артеммен кездесіп, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың атынан бағалы сыйлық табыс етті.
Ержүрек жігіттің ерлікке бергісіз әрекетін Сарыарқа аудандық әкімдігі де ескеріп, аудан әкімі Арман Тұрлыбек те баланы өлімнен құтқарып қалған азаматқа теледидар тарту етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды