Басты қағидат – «жұртқа жақын полиция» болу

0 94

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ­Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жасады. Жолдауда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін барынша жоғары деңгейде қамтамасыз етуге көңіл бөлініп отыр.Президент «Әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру керек. Қоғамға және заң қауымдас­тығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны түсінікті болады» дей келіп, құқық қорғау жүйесін реформалау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты стратегиялық міндеттерді, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін адамдармен ашық диалог жүргізуге үйретудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа ие болуы керек.
Біздің міндетіміз – күнделікті іс-шараларда азаматтардың өтініштері мен шағымдарын толық және сапалы қарауға ерекше назар аудару, сонда әрбір тұрғын полицияға жүгіне отырып, оның қорған болатынына сенімді болады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз Жолдауында полиция институты бүкіл дамыған елде қызмет көрсетудің моделі негізінде дамып келе жатқанын баса айтты. Бүгінгі таңда сервистік модельге көшу шеңберінде Полиция департаменті кез келген азамат жүгіне алатын және қажетті кеңестер ала алатын фронт-офистер құрды. Сондай-ақ жаңа қызмет – туристік полиция құрылды, оның басты міндеті – халық баратын мәдени нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондай-ақ қызмет моделіне көшу тұрғысынан «Нұр-Сұлтан» полиция бөлімі ЖПИК және басқа да қызмет көрсету ұйымдарының өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізеді, бұл бізге халықпен кері байланыс орнатуға және бұзушылықтар туралы сигналдарға жедел жауап беруге және алдын алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Жолдауда «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді деген Президент осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетінін айтты, мұнда басты рөл учаскелік инспекторға жүктеледі. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыдан көтеру, оған нәтижелі жұмыс жасау үшін барлық мүмкіндіктер жасау қажет. Ол азаматтарға танымал, қолжетімді, беделді және олардың құқықтарын белсенді қорғауы керек. Ішкі істер министрлігі 2020 жылды учаскелік полиция инспекторларының жылы деп жариялады. Қазіргі уақытта елордада учаскелік полиция инспекторларының жұмысын нәтижелі де сапалы ету мақсатында барлық жағдайлар жасалды, материалдық-техникалық база едәуір нығайтылды.
Ішкі істер органдарының бірінші кезектегі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстардың себептері мен жағдайларын анықтау және олардың алдын алу шараларын қабылдау. Полиция бар күш-жігерін азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға, пандемияның алдын алу іс-шараларын жүзеге асыруға, заңдылық пен тәртіпті нығайту жолында күндіз-түні жұмыс істеуде.

Ержан СӘДЕНОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы
Полиция департаментінің
басшысы,
генерал-майор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 19 =