Басты міндеттер ­айқындалған

0 15

Жыл сайын Президентіміздің өз халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауын өзім әрқашан асыға күтемін. Биылғы Жолдау Тә­уелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында жарияланып, ширек ғасырда жеткен жетістіктерімізбен қатар, бұрын бұқара халықтың көңілінен шықпай жүрген көптеген түйткілді мәселелердің жария болуымен ерекшеленіп отыр.Жолдаудағы жеті бөлімнен тұратын жүйелі реформалардың жариялануы жаһандық дүние­мен тығыз байланыстағы ел өркендеуінің және халқымыздың бірлігінің негізін нығайтады деген сенімдеміз.
Жолдаудың «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деген жетінші бөлімінде тәуелсіздігіміздің кепілі этнос­аралық және конфессияаралық татулықты сақтау бағытында жаңа міндеттер қойылды. Елбасымыз «Бірлігіміз – әралуандықта» деген өзгермейтін қағиданы ұстана отырып, халықаралық аренаны жайлаған тұрақсыздық пен жаңа сын-қатерге толы оқиғаларға төтеп бере алатын міндеттерді айқындады. Әсіресе, соңғы кезде қоғамда, біздің елімізбен ең ұзақ шекарасы шектесетін Ресей мемлекеті ұлтшылдарының тарапынан ұлтараздықты тудыруға бағытталған әрекеттері алаңдатқанын жасыруға болмайды. Сонымен қатар өз елімізде мемлекеттік тіл қазақ тілі мен ресми тілдің арақатынасы туралы пікірталастар күшейген еді. Бұл мәселелерге байланысты Жолдауда «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп нақты шегелеп айтылды. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие екені айтыла отыра, оны қолдануды шектеуге болмайтыны, бұл мәселеге парасаттылықпен қарау керектігі де айтылып өтті. Дегенмен болашағын қазақ елімен байланыстыратын әрбір азаматқа, оның ішінде өзін қазақпын десе де, ана тілін менсінбейтіндерге, отыз жыл болды бір ауыз мемлекеттік тілде сөз білмейтін басқа этнос өкілдеріне қаратып айтылған сөз деймін. Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайтуда тарихымыз бен мәдени мұраның ең басты құралы мемлекеттік тілді білу екенін кейбір қазақстандықтар түсінбейді. Міне, осы бағытта диалог пен өзара сыйластық әлі жетіспейтіндігі, оны дәріптеуді күшейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл жұмыста Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын қайта қарау, оның рөлін күшейтіп қана қоймай, ұлтаралық бірліктің нығаю жолында олардың жауапкершілігін арттыру керек. Мемлекет тарапынан Қазақстан халқы ассамблеясына, олардың мүшелерінің жоғарғы заң шығарушы органға дейін орын алуының өзі аларға барлық жағдай жасалынғанын көрсетеді. Мемлекеттік тілдің беделін көтерудегі олардың жүйе­лі жұмысына еш кедергі жоқ.
Мемлекет басшысы Қазақстанның басты байлығы еліміздің азаматтары екендігін айта отыра, олардың әл-ауқатын арттыруға арналып, айқындалған 25 міндеттен басқа өзіндік тың жаңа бес бастаманы ұсынды. Бұл – Жолдаудың негізгі өзекті жаңалығы.
Ең аз жалақы мөлшерін 60 мыңға көтеру, «көлеңкелі» экономикаға соққы беру, жекеменшік банктерге халық есебінен баюға жол бермеу, өңірлік саясатты жетілдіру бағытында биыл ауыл әкімдерін жергілікті халықтың сайлау қорытындысы бойынша бекіту тәжірибесі, алдағы уақытта аудан әкімдерін сайлау арқылы бекіту міндеттері Президент тарапынан жасалған батыл қадамдардың бірі деп санаймын.
Ардагер ұстаз-зейнеткер болғандықтан, 1 қыркүйек – Білім күні жарияланған Президент Жолдауындағы «Сапалы білім беру» туралы үшінші тарауына ерекше жылы лебізбен қарадым. Жас ұрпаққа беретін білім сапасын арттырудағы ұстаздарды қолдаудың жалғаса беретіні, олардың білімін жетілдіруді енді бес жылда емес, үш жылда өткізу – өте дұрыс шешім, себебі ұстаздар білімін жетілдіруді ұзаққа созу оларды жаһандану заманы үрдісінен кейін қалып қоюына әкеледі. Оқу бағдарламаларын ұдайы жетілдіріп отыру, «Цифрлы ұстаз» бағдарламасы жоспарын жасау болашақ ұстаздардың жыл сайын өзгеріп отыратын жаңа инновациялық-цифрлы технологияны меңгеруіне мол мүмкіндік береді.
Балаларды отбасы, балабақша, бастауыш сыныптан бастап мамандыққа үйретіп бейімдеу, жастарға тегін, кәсіби техникалық білім беру ісінің жалғасатыны барша халықтың және қарапайым, тұрмысы төмен отбасылардың көңілінен шығып отыр. Әрбір жастың қасиетті борышы – Отан қорғау міндетін атқарып жүрген жастарымыздың уақытты үнемді пайдалану арқылы кейбір мамандықтарға үйрету жұмысы – жақсы жаңалық.
Жолдауда айтылған білім сапасын арттыруда ерекше талпыныстарға жеткен оқушылар мен ұстаздарды материалдық жағынан марапаттау зор ынталандыру тетігі деп есептейміз.
Қазағымның алтын бесігі – қазақ ауылдарын қайта түлету ауыл шаруашылығы реформасына тікелей байланысты екені бізге мәлім. Ауыл мектебін бала санына байланысты қаржыландыру мәселесі Жолдауда айтылды, бірақ осы мәселені білім басқармалары мен жергілікті атқарушы билік мұқият қарағаны жөн деймін, себебі бала саны аз орта ауыл мектебіне бала саны бойынша қаржыландырса, мектептің материалдық базасы төмендеп кетеді. Тағы бір түсінбейтін жағдай елімізде жыл сайын мектеп бітірушілердің 50 мыңға жуығы ақылы негізде жоғары оқу орындарына түседі екен. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасылардан. Мұндай келеңсіз жағдайдың болуы мемлекеттік орта білім беру мектептерінде білім сапасының төмендігін көрсетсе, керісінше, елдегі ауқатты азаматтар өз балаларын жекеменшік немесе бүгінде мемлекет тарапынан жартылай қаржыланатын жекеменшік мектептерде оқытады. Мемлекеттік мектептердегі білімді ұстаздар да осы жекеменшік мектептерге ағылады. Сондықтан бүгінде, егер біз жалпыға бірдей оқу заңын іске асырамыз десек, мемлекеттік мектептерді көбейту, ондағы еңбекақыны жекеменшік мектептерден төмен қылмау, материалдық базаны жақсарту жұмыстарын қолға алу қажет. Осы мәселені Білім және ғылым министрлігі ескерсе деген ойдамыз. Екі-үш ауысымдағы мемлекеттік мектептер қиналып жатқанда, мемлекеттік бюджет тарапынан салынған ғимараттар жекеменшік мектептерге берілуі, онда қалтасы қалың азаматтардың балаларының еркін оқуына жағдай жасауды қалай түсінеміз? Конституциямыз бойынша өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуды көздейді. Олай болса мемлекет құрушы ұлттың мемлекеттік тілі – қазақ тілінің елімізде басымдылықпен қоғам өмірінде жаппай қолдануына жету нағыз демократия деймін. Мемлекеттің негізгі тірегі – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, денсаулық пен білім саласына басты көңіл аудару – әлеуметтік мемлекеттің көрінісі.
Биылғы Президент Жолдауы ата-бабаларымыздың аңсаған тәуелсіз мемлекетін құрып, бекіту жолындағы басты міндеттерін тереңдетіп, айқындап берді. Мемлекет құрушы ұлттың өкілі ретінде біз бірлік пен ынтымақты сақтай отыра еңбек етеміз.

Қажымұрат НӘСИЕВ,
ардагер ұстаз

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =