Басты мақсатымыз – ғалымдар ашқан жаңалықты өндіріске енгізу

0 143

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

«ХХІ ғасыр – қазақстандықтар үшін алтын ғасыр болады» деп Елбасы атап көрсеткендей 2001 жылдан бастап Қазақстанның аты әлемдік деңгейде таныла да, айтыла да бастады. Оның өзі Назарбаевтың атымен байланыстырылатын. Мәселен, Түркияға бір құрылтайға барғанда, бізді «Назарбаев чожуклары», яғни Назарбаев балалары деп мәртебемізді көтеріп бір марқайтқаны бар. Мұнымен айтайын дегенім, Қазақстан Елбасымыздың кемел саясатының арқасында көркейіп келе жатқанын мойындауымыз керек.

Ең қиын мәселе – педагог мамандар даярлау. Қазір оқуға түсе алмайтындардың бәрі мұғалімдікке құжаттарын тапсыратын болды. Оның өзіне сырттай оқу бөліміне. Олардың ойынша ұстаздық екінің бірінің қолынан келетін мамандық сияқты көрінеді. Қазіргідей он екі жылдық білім беру жүйесіне көшеміз деп отырғанда, жоғары оқу орнына түсудің талаптары күшейтіліп жатқанда педагог мамандар даярлауға да ерекше мән берілуі керек. Мектеп мұғалімдерінің өресі жоғары болуға тиіс. Сондықтан, менің ойымша, әсіресе, педагогтарды сырттай оқытуды доғару керек. Қайда болса, сонда жұмыс істеп, жылына бір барып, «көрініп» кетіп, төрт жылдан кейін диплом алып, мұғалім болып шығуға тыйым салу керек.

Ғылым нақты қоғамға қызмет етуі керек!

– Кәрімбек аға, жуырда ел алдындағы еңбегіңіз еле­ніп «Құрмет» орденін алға­ныңызды білеміз. Құтты болсын!

– Рахмет!

– Ол ғана емес, біздің білуіміз­ше, Сіз үшін 2012 жыл жаман жыл болған жоқ. Араға 17 жыл салып, біздің елімізде ҰҒА-ның корреспондент-мүше­лігіне өтуге сайлау жарияланып, 100-ге тарта үміткердің ішінен 44 ғалым академияның мүшелігіне өтсе, соның ішінде тіл саласындағы ғалымдардан сіз жалғыз ҰҒА корреспондент- мүшесі болдыңыз. Бұл біздің үлкен академиямыздың қайта түлегенін білдіре ме?

– Ұлттық ғылым академиясы өзінің негізгі ғылыми жұмыстарын, ел Үкіметінің алға қойған жоспарларын орындап келеді. Ал, заңды тұлға ретінде ол – республикалық қоғамдық бірлестік. Сіз осы жағын мегзеп отырған болсаңыз керек.

Кеңестік кезеңде бізде бір Ұлттық ғылым академиясы бар болатын. Ол ғылым саласындағы орталық орган еді. Ұлттық академия президентінің құқығы министрлердің мәртебесімен бірдей еді. Соңғы жылдары біз француздық модельге көштік. Бұл модель бойынша академия жоғары оқу орындарының жанынан құрылады да, ғалымдар сондағы грант бойынша жұмыс істейді. Яғни, мұндай жүйе бойынша жұмыс істейтін адам ғана ақша табады да, жұмыс істемейтін адам далада қалады. Ал бізде академияға бір өтіп алғаннан кейін, ҰҒА мүшесі ретінде бір тақырыпты бес жылға бекіттіріп алып, соны қаузап, айлығын алып, шалқып жүре беретін. Ал француздық модель бойынша жыл сайын не бересің, қолданбалы бағытта нақты қоғамға қандай игілік әкелесің – сол талап етіледі.

– Яғни, ол жүйе бойынша ғылым ғасырда бір жеміс беретін мәуе ағашы емес, нақты қоғамға қызмет ететін игілікке айналуы керек қой?

– Иә, солай. Іргелі ғылымға қызмет етіп, ұзақ толғату емес, ғылымның нақты нәтижелілігі керек.
Сондықтан да, кеңестік жүйе бойынша арқаны кеңге салып жүріп қалған ғалымдар, біздер жаңа жүйеге үйрене алмай, кішкене тосырқап қалғанымыз рас. Бірақ, Елбасы айтып жүр­гендей, ғылымда қартаю процесі бар. Ғылымдағылардың орта жасы 60-тың үстіне шығып кетті. Сондықтан, араға он жеті жыл салып, 2012 жылы ғылымға жас­тарды тарту мақсатында ҰҒА корреспондент мүшесі болуға сайлау өткізуге рұқсат берілді.

– Онда «академия мүшесі атануға 50 жастан аспаған ғалымдар ғана үміткер бола алады» деген шарт қойылды. Неге?

– Ол жаңағы ғылымды жасарту мақсатынан туған. Яғни, үміткер академияға мүше-корреспондент ретінде өту үшін 50-ден аспауы тиіс делінген. Бірақ, ол бір жолғы ғана шарт. Бұдан былай жасқа қарай ондай шектеу болмайды. Өйтпеске амал да қалмады. Өйткені, тіл білімі саласы бойынша академиктер Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбаев тоқсанды алқымдап қалса, ең жас академигіміз тіл білімі бойынша Өмірзақ Айтбайұлының өзі де 77-ге келді. Осы қартаю процесін азайту мақсатында, арнайы орын бөліп, жасырақ кандидаттарды қабылдады. Яғни, дәстүр сабақтастығы ескерілді деген сөз.

Бізді түркиялық әріптестеріміз «Назарбаев чожуклары» деп атады

– «Шүріппенің басуына қоянның қашуы» демекші, Елбасының соңғы Жолдауының бір тарауы ғылым-білімді дамыту мәселесіне арналды. Бұл сіздердің жұмыстарыңызға серпін бере ме?

– Әрине. Біз бұл Жолдауды елор­дамыздағы Астана опера театрында отырып тыңдадық. Әдеттегідей Елбасы Жолдауын Парламентте емес, дәл осы театр ғимаратында, жастарды, қоғамға қызмет етіп жүрген әр түрлі саладағы азаматтарды қатыстыра отырып баяндады. Бір қызығы, осы Жолдаудан кейін журналист әріптестер келіп: «Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспары жарияланды. Таң қалдыңыз ба?» деді. Мен: «Таң қалған жоқпын» дедім… Таң қалмайтын себебім бар. 1997 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспары қабылданған кезде мен таң қалғанмын. Үміттен гөрі күдік басым болғаны рас. «Елге еңбекақысын бере алмай жатып, зейнеткерлер зейнетақысын, студенттер шәкіртақысын ала ал­май қиналып жүрген шақта, яғни экономикалық әлгі шарттардың толыққанды қалыптаса қоймаған тұсында, 2030 жылға дейін осындай-осындай бағыттар бойынша дамып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосылуға ұмтыламыз» дегенде сәл тосырқап қалғаным рас. Ал енді барлығына уақыт төреші ғой, Елбасының сарабдал саясатының арқасында, көрегенді стратегиялық бағыты бойынша жоспарда көрсетілген жетістіктердің біршамасына қазірдің өзінде қол жеткізіп отыр­мыз. Жаңа Астана салынды. 55 елдің мемлекет басшысы қатысқан саммит қаламызда өтті. Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалықты табысты өткіздік. Ал осыдан жиырма бір жыл бұрын қандай едік? Бізді Ауғанстан, Пәкістан секілді мемлекеттермен шатастырып, намысымызға тигенін несіне ұмытамыз. Тіпті, шет елдерге барғанымызда Қа­зақ­стан дейтін мемлекет барын көпшілік біле бермейтін еді ғой. Ондай да заман болған. «ХХІ ғасыр – қазақстандықтар үшін алтын ғасыр болады» деп Елбасы атап көрсеткендей 2001 жылдан бастап Қазақстанның аты әлемдік деңгейде таныла да, айтыла да бастады. Оның өзі Назарбаевтың атымен байланыстырылатын. Мәселен, Түркияға бір құрылтайға барғанда, бізді «Назарбаев чожуклары», яғни Назарбаев бала­лары деп мәртебемізді көтеріп бір марқайтқаны бар. Мұнымен айтайын дегенім, Қазақстан Елбасымыздың кемел саясатының арқасында көркейіп келе жатқанын мойындауымыз керек.
Өткен Жолдауында Президен­тіміз: «Ғылым мен инновация екінші орында тұрған ел ешқашан ешбір сала бойынша бірінші орында бола алмайды» деді. Бұл барлық ғалымдарымызды қанаттандырды деп ойлаймын.

– Ал, кейінгі Жолдау…

– Бұл Жолдау жарияланған күн қазақ бөркін аспанға ататын күн болды деп есептеймін. Мәсе­лен, «2025 жылы Қазақстан толығымен қазақ тіліне көшеді» деді. Сол кезде біз Қазақ мемлекеті аталатын боламыз. Бұл, шын мәнінде, кеудесінде намысы лаулаған бар қазақтың арманы емес пе? Қазір көз алдына елестетудің өзі мүмкін емес нәрсенің ертең шындыққа айналатынына сенгім келеді. Сол секілді, осы көрсетілген уақытта біз латын әліпбиіне көшіп үлгеруіміз керектігі де нақтыланды.

– Негізі, латын әліпбиіне көшу мәселесі біраз жылдан бері сөз болып жүр ғой.

– Иә. Тіпті, 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының мәжілісінде осы мақсатты жүзеге асыруға тапсырма да берілген болатын. Ол кезде мен Білім және ғылым министрлігіндегі Жоғары білім департаментінің директоры болатынмын. Филология ғылымының докторы, профессор ретінде сол кездегі министр Бірғаным Әйтімова мені сол латын әліпбиіне өтуге байланысты жұмыс тобының төрағасы етіп сайлап, біз жұмысты бастап та кеткен болатынбыз. Кейіннен «асықпайық» деген тапсырма берілді. Оған, әрине, латын әліпбиіне жұрттан бұрын көшкен Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдеріндегі кейбір сәтсіздіктер де себеп болуы мүм­кін деп топшылаймын. Өйт­кені, біздің де олардағыдай кемші­ліктерге бой алдырмауымыз үшін, асықпай жағдайды зерттеп-зерделеп, тиянақты тұжырымдар жасауға уақыт керек болған сияқ­ты. Енді сол уақыттың мезгілі жет­кенін Елбасы қадап айтып, нақты уақытты межеледі.

Жалпы, Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі Әбдуәли Қайдар латын әліпбиіне көшу мәсе­лесін қозғап, 1992 жылдың өзінде-ақ Нұрсұлтан Әбішұлына хат жазып, бастама көтерген. Сол кезде академик Өмірзақ Айтбайұлы бастаған «Қазақ тілі» қоғамы да аракідік осы мәселені көтеріп, қоғамдық пікір тудыруға атсалысқанын айтқанымыз абзал. Енді осы әліпби төңірегіндегі әңгі­ме әбден пісіп-жетіліп, көпшілік бір байламға келе бастаған тұста Елбасымыз 2025 жылы толықтай латын әліпбиіне көшеміз деп, нүкте қойып отыр. Бұл өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Латын әліп­биі бізге керек және мен оны қос қолдап қолдаймын.

Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ терминологиясын қалыптастыру қажет

– Жалпы, латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болғанда ең қатты қуанғандар – қоғамда отарсыздану процесі жүруін қалайтындар. Бұл енді айдан анық. Ал енді Елбасымыздың терминология бойынша айтқан пікірін сіз қалай қабылдадыңыз?

– Терминология бойынша бізде әлі даулы мәселелер көп. Бізде пуризм ағымын ұстанып, бұрынғы француздар секілді бір- де-бір шет тілі сөзін алмаймыз деп, терминнің бәрін аударып алу бағытын ұстанатындар да бар. Сол себепті де, кезінде халықаралық терминдердің орынсыз баламамен берілгендері де болды. Мәселен, балконды – қылтима, ресторанды – онда ас беру рәсімін де өткізетінімізге қарамастан, мейрамхана деп, музейді – мұражай, телеграмманы – жеделхат, телефонды сымтетік деп аударып алған кезіміз болды. Академик Шора Сарыбаев ұстазымыз екеуміз бұл мәселенің орынды шешілу жолдарын қарастыру мақсатында алқалы ғылыми отырыстарда, ақпарат құралдарында қоғамдық пікір тудыру мақсатында өз ой-пікірімізді білдірген болатынбыз. «Ойбай, Сарыбаев пен Құрманәлиев халық­аралық терминдерді қазақшаға аударуға қарсы екен» деп, бізді жаратпағандар да табылды. Бірақ, біз шындығында терминдерді аударуға қарсы болған жоқпыз, тек халықаралық терминдерді аударуда сақ болуға шақырдық. Жастарды шатастырмау жағын ойладық. Енді сол мәселеге Елбасының өзі араласып отыр. Мұның өзі терминжасам мәселесінің күрделілігін көрсетеді.

Біз Түркияда өткен жетінші құрылтайда түркі тілдерінің ортақ терминологиясын жасау мәселесін көтердік. Өйткені, біз термин жасағанда ұшақ, сынып деген секілді бірен-саран сөз болмаса, түркі тілдерінен енген терминдер шамалы еді. Шын мәнінде, түбі бір болған соң терминдер де үндестікпен, бірлікпен аударылуға тиіс.Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ терминологиясын қалып­тастыру қажеттігі күмән тудырмайды. Бұл біздің тамырлас елдердің бірлігін де нығайта түсері хақ.

– Үкіметтің жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссияның жұмысын да жандандыру керек сияқты. Өзіңіз де сол комиссияның мүшесісіз, солай емес пе?

– Иә. Бірақ, менің ойымша, алдағы уақытта осы комиссияның құзіретін арттырып, оны жан-жақтан ғалымдарды жинап алып, ақылдаса қоятын жәй бір ұйым емес, Үкіметтің жанындағы тұ­рақты комиссия түрінде қайта құру керек деп ойлаймыз. Яғни, терминологиялық комиссия құрылуы керек те, ол жерде бар­лық ғылым саласы бойынша маман кадрлар жалақысын алып, жұмыс істеу керек те, басқа біз секілді ғалымдар сарапшы ретінде өз салалары бойынша пікір қосып отыру керек. Және терминдер қолданысын бір ізге түсіру үшін бұл комиссия тікелей Үкімет бас­шысына бағынуы керек деп есептейміз.

Елордада ғылым-білімді дамыту үшін Ұлттық академия ашылды

– Сіз жеті жылдай Жоғары білім департаментінде бас­шылық қызмет еттіңіз. Елбасы­ның өз Жолдауында мамандар дайындау мәселесіне ерекше тоқталғанын білесіз. Осы төңіректе не айтасыз?

– Рас, бізде қазір жастар үшін білім алар оқу орындары жет­кілікті. Алайда, тәжірибе алар, яғни машықтану мүмкіндіктері сын көтермейді. Теория жүзінде, ауызша білім алады да, оны іс жүзінде пайдалана алмай жатады. Сондықтан да, Президент машықтану, тәжірибеден өту оқу орындарының екінші курсынан бастап енгізілуі керек деді. Бұл, әсіресе, инженерлерге, техника саласының мамандарына аса қажет. Ол үшін студент, жұмыс беруші және жоғары оқу орны бірлесіп, келісім шартқа отырып, студент кезінен бастап келешек кызмет жасайтын жұмыс орнында машықтанудан өтуге дағдыланғаны жөн. Сонда ғана жақсы маман дайындалары сөзсіз.

Ең қиын мәселе – педагог мамандар даярлау. Қазір оқуға түсе алмайтындардың бәрі мұға­лімдікке құжаттарын тапсыратын болды. Оның өзіне сырттай оқу бөліміне. Олардың ойынша, ұстаздық екінің бірінің қолынан келетін мамандық сияқты көрінеді. Қазіргідей он екі жылдық білім беру жүйесіне көшеміз деп отырғанда, жоғары оқу орнына түсудің талаптары күшейтіліп жатқанда педагог мамандар даярлауға да ерекше мән берілуі керек. Мектеп мұғалімдерінің өресі жоғары болуға тиіс. Сондықтан, менің ойымша, әсіресе, педагогтарды сырттай оқытуды доғару керек. Қайда болса, сонда жұмыс істеп, жылына бір барып, «көрініп» кетіп, төрт жылдан кейін диплом алып, мұғалім болып шығуға тыйым салу керек. Ал сырттай оқуға орта кәсіптік білімі арқылы мектепте бес жылдан бері қызмет етіп келе жатқан нақты еңбек өтілі бар мамандарға ғана ерекше жағдай ретінде рұқсат етілуі керек деп есептеймін.

– Сөзіңіз аузыңызда, сіз елі­мізде ғылым дамып жатыр, ғалым­дарымыз жұмыс істеп жатыр деп отырсыз. Сол ғылым қазір қоғамға қызмет етіп жатыр ма?

– Орынды сұрақ. Рас, қазір ғылым жүріп жатыр. Бірақ, ол өндіріске енбей келеді. Ол ғылыми зерттеу жұмыстарының бәрі қағаз бетінде қалып жатыр деген сөз. Қазір, құдайға шүкір, қаражат бар. Енді соны игеріп, ғылыми жұмыстарды жартысын мекеме, жартысын жеке кәсіпкерлер көтеретіндей етіп, серіктестікті дамыту қажет. Ол үшін идеяға бай, күш-қуаты көп жастарды ғылымға тарту керек. Ал жастарды ғылымға тарту үшін оларға жағдай жасау керек. Талантты жастарды жинап, оларды ғылыми зерттеу орталығына топтастырып, баспанамен, тұрақты жалақымен қамтамасыз етіп, толыққанды ғылыммен айналысуға жағдай жасау керек.

Біз қазір дүние жүзіндегі мем­лекеттер арасында білімділі­гі жағынан 36 орындамыз. Халық­аралық деңгейдегі рейтингіміз бойынша, 51 орындамыз. Өткенде Президентіміз экономикалық өсіміміз бойынша, 51 орынға көтерілдік деді. Сол сияқты, қазір ешнәрсеге таң қалуға болмайды. «Көз қорқақ, қол батыр». Соғыс болмаса, мұнайымыздың бағасы арзандап кетпесе, біз Жолдауда көрсетілген биікке көтерілеміз. Астананы саларда да Есілге ел қондырамын дегенге көбі сенбеген. Ал, бүгін елордамыз әлем көз тіккен әсем қалаға айналып отыр.

– Ал сіз қызмет ететін академия, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы қаланың және жалпы еліміздің өсіп-өркендеуіне қандай ықпал тигізуі мүмкін?

– Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ымыз бар. Елордамыздағы Ақмола педагогикалық институтын ҚазҰУ-дей болсын деп, Еуразия ұлттық университетіне айналдырдық. Алматыдағы консерватория сияқты болсын деп, Айман Мұсақожаева ашқан музыка академиясы негізінде Өнер университетін аштық. Одан бөлек, әлемдегі озық технологиялармен жасақталған Назарбаев университеті және басқа да оқу орындары ашылып жатыр. Бұл елордамызда ғылым-білім күннен-күнге қарыштап дамып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев Елбасына Астанадағы ғылым-білімді одан сайын жетілдіру үшін осы қалада ғылым ордасы – Ұлттық академия ашылса деген ұсыныс білдірген еді. Осыған орай, Қазақ­стан Ұлттық жаратылыстану академиясы ашылды. Қазір біздің мекеме өзіне Үкімет жүктеген міндеттерді орындап, ғылымның басым бағыттары бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп келеді. Бұл өз кезегінде Елорда жастарын ғылымға тартуға да ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ал, түптеп келгенде, біздің ғалымдар біліктілігі мен қабілеттілігі жағынан Елбасы соңғы Жолдауында көрсетіп берген тапсырмаларды орындап, елді дамытуға үлес қосуға әбден дайын деп айтуға болады.
Әңгімелескен,

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + nineteen =