Басты мақсатымыз – еңбек адамының мүддесін қорғау

0 332

Қазіргі уақытта кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлі мен орны қандай, мәселелерді шешуде қандай мүмкіндіктері бар? Бұл туралы Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаевпен сұхбат құрдық.

Кәсіподақтың болашағы зор

– Тастанбек Құтжанұлы, әңгіменің әлқиссасын кәсіп­одақтың қазіргі қоғамдағы рөлінен бастасаңыз.
– Кәсіподақ – ең әділ әрі тә­уел­сіз ұйым. Сондықтан еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешуде рөлі жоғары. Кеңес өкіметі кезінде кәсіп­одақсыз ешбір түйткілдің түйіні шешілмейтін еді. Бірақ кейінгі уақытта кәсіподақ деңгейінің төмендеп кеткені рас. Соның салдарынан бүгінде тіпті кәсіподақтың не екенін де білмейтіндер көп. Дегенмен оның имиджін көтеруді алға қойып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр­мыз. Нәтижесінде бұл ұйым қайтадан жанданып келеді. Болашағы да зор деуге болады.
– Бұл ұйым елімізде қашан құрылған еді? Тарихына қыс­қаша тоқталып өтсеңіз.
– Биыл Қазақстандағы кәсіп­одақ ұйымының құрылғанына 113 жыл толды. 1905 жылы 6 желтоқсанда құрылған болатын. Еліміздегі тұңғыш кәсіп­одақ ұйымы ретінде Қарағанды облысындағы Успен мыс кенінің (бүгінгі күнде бұл мыс кені жұмыс істемейді, 1964 жылы жабылған – ред.) жұмысшылары жариялады. Олардың еңбек шарты ауыр болған. Өндірісте де қауіпсіздік шаралары сақталмаған. 10-12 сағаттан артық жұмыс істесе де, тым аз жалақы алған кеннің 6 жұмысшысы бірігіп, басшылыққа өздерінің еңбек шарттарын жақсарту туралы талап қояды. Нәтижесінде талап қабылданып, бәрі өндіріске енгізіледі. Осылайша, елімізде кәсіподақ ұйымы пайда болды. Осындай бастама көтерген
жұмысшылардың қозғалысы ешқашан ұмытылмайды. Содан 1990 жылдың 10 қазанында құрылған Қазақ КСР кәсіп­одақ­тар федерациясы еліміз тәуелсіздік алған соң 1992 жылдың 3 наурызында Қазақстан Рес­публикасы кәсіп­одақтар феде­рациясы болып қайта құрылды.
– Ал республикалық кәсіп­одақтар федерациясының қазіргі мақсаты қандай?
– Федерация қызметінің бас­ты мақсаты – кәсіподақтың жұмысын үйлестіру. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін көрсету және қорғау, кәсіподақтың құқықтары мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Қазақстан бойынша 25 салада, ал Астана бойынша 9 салада кәсіподақ ұйымы бар. Астанадағы 9 саланың 500-ге жуық бастауыш кәсіпорындарында 85 мыңнан аса адам кәсіподаққа мүше.

Түйіні шешілмейтін түйткіл жоқ

– Жалпы, кәсіподақ ұйымы қандай мәселелерді көтеріп жүр?
– Кәсіподақтың көтеретін мәселесі көп. Мысалы, әрбір адамның әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін жеке баспанасы, тұрақты жұмысы болуы керек. Баспанасы болмаса, үй кезегінде тұруы тиіс. Кезекті қалай әділ шешу керек? Егер жұмыстан қысқарып қалса, оның себебі неде? Осының бәрі кәсіп­одақтың назарында болады.
Қазіргі уақытта мекемеге жаңа басшы тағайындалса, ол өзінің командасын жинап, көбіне бұрынғы қызметкерлерді жұмыстан босатады. Өкінішке қарай, жұмыс берушілер қарамағындағылардың әлеуметтік мәселесіне бас қатырып жатпайды. Сондай-ақ мемлекетке салықты аз төлеу үшін кейбір жұмыс берушілер қарамағындағылармен келісімшартқа отыр­майды. Заңды келісімшарт­қа қол қоймағандықтан, еңбек адамдары зардап шегеді. Мысалы, жұмысшының зейнет­ақы жарнасы аударылмайды, еңбек демалысы төленбейді, тіпті демалыс берілмейді. Олар жалақыны «конвертпен» алады. Осыдан барып адам құқығы бұзылады. Кәсіподақ осындай жағдайларды болдырмау үшін күш салып, заң бұзушылыққа жол бермейді. Сонымен қатар Астана қаласы кәсіподақ орталығы еңбеккерлердің үлесін көрсету, әлеуметтік-әріптестік жүйесін дамыту, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін, жұмысшыларға Қазақстан Рес­публикасы Еңбек Кодексінің ережелерін түсіндіру, Кәсіподақ туралы Заң нормалары мен жарғылық міндеттерді орындау сияқты жұмыс­тарды атқарады. Ең бас­тысы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері қарас­тырылады.
Өнеркәсіптерде техникалық жаңартуларды енгізуде де жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, цифрландыруға байланысты бұрынғы көп мамандықтар жойылып, 10 адамның орнына қазір бір ғана техника қойылып жатыр. Жұмыстан босаған азаматтарды жұмыспен қамту, оларды басқа мамандықтарға қайта даярлау курсынан өткізу үшін жағдай жасау да кәсіп­одақтың құзырында.
Бұл тұрғыда жұмыспен қамту орталығымен және басқа да әлеуметтік серіктестермен, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс­тамыз. Осы ретте республикалық кәсіподақтар федерациясы Жоғарғы сотпен меморандумға қол қойып, қалалық кәсіподақ орталығы Астана қалалық сотымен келісімшарт жасасты. Соның нәтижесінде татуласу орталығы ашылды. Медиация, адвокатура мен кәсіп­одағы бар татуласу орталығы шағымданушылардың ісін сотқа жеткізбей шешуге күш салады. Сол сияқты Үкімет, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және республикалық кәсіподақтар федерациясы тарапынан 2018-2020 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды. Бұл келісімнің мақсаты – еңбек ету заңнамасының сақталуына бақылауды күшейту, әлеуметтік стандартты кезең-кезеңімен жақсарту. Сол сияқты қалалық әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және қалалық кәсіподақ орталығының үш жақты келісімі бойынша құрылған комиссия отырыстарында да біз шешілмей жатқан мәселелерді көтеріп, жан-жақты талқылаймыз.

Мәселені шешуде мүмкіндік мол

– Әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіподақтың қандай мүмкіндіктері бар?
– Кәсіподақ жұмысшылармен тікелей байланыста болғандықтан, олардың мәселелерін уақыт созбай, дер кезінде шеше аламыз. Республикалық кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Жарылқасынұлы Үкіметтің жиналыстарына тұрақты түрде қатысуға мүмкіндігі бар. Мен де қалалық мәслихат сессиясы комиссиясының құрамындамын, сол
сияқты тұрғын үй комиссия­сының мүшесімін. Жалпы, кәсіподақ өкілдері қаланың әлеуметтік-­экономикалық дамуын, гендерлік тепе-теңдік, халықты әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына қатысты бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі түрлі комиссиялар мен жұмыс топтарының мүшелері болып табылады. Сондықтан қарапа­йым еңбек адамының мәселелерін жоғарғы буындарға бірден жеткізе аламыз.
Қазіргі уақытта жұмыс берушілер тарапынан көп қате­ліктер кетіп жатыр. Соның сал­­дарынан адамдар ешкімге сен­бейді. Егер ұжымға жаңа басшылық келсе, бұрынғы қызметкерлер жұмысынан айырылып қалмас үшін аяғының ұшымен жүреді. Ал сол ұжымда кәсіп­одақ ұйымы болса, олай қорқудың қажеті болмайды. Себебі кәсіподақ үшін басшы кім болса да бәрібір, онда жұмысшылардың мүддесі бірінші орында. Егер кәсіподақ мүшелерін заңсыз жұмыстан шығарып жіберсе, жалақысын төлемей, еңбек адамының құқығы тапталса, ол үшін біз соттасуға дейін, тіпті бейбіт шеру өткізуге дейін барамыз. Мысалы, үш жылдан бері жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың еңбекақысын алып беріп, жұмыстан шығарылған адамды қайтадан өз орнына орналастырдық. Осы сияқты көптеген маңызды шараларды атқаруда кәсіподақтың өзіндік салмағы бар.
– Сіз басшылыққа келгеннен кейін бұл ұйымға қандай да бір өзгеріс енгіздіңіз бе?
– Кәсіподақ жұмысы әрда­йым ашық болуы керек. Бұл тұр­ғыда цифрландырудың кө­ме­гімен кәсіподақ мүшелері­нің аты-жөндері интернетте тіркеліп, нәтижесінде қанша қаржы жиналып, оның қайда жұмсалып жатқаны, қаншасы ұжымдарға қайтарылып жат­қаны көрініп тұратын болады. Ең бастысы, жұмысшылар кә­сіподақтың өздерінің қорғаны екенін сезінуі керек. Егер олар сенбейтін болса, біздің жұмысымыздың бәрі бос деген сөз.
Республикалық Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым бұл қыз­метін өткен жылдың қарашасында бастаса, менің қызметім былтырғы желтоқсанның 25-інен басталды. Содан жұмысымызға кіріскен соң осыған дейін деңгейі төмендеп, құлдырап кеткен кәсіподақты жандандыру үшін бәрін қайтадан жан-жақты қарап, жаңғырту жобасын жасадық. Біршама өзгерістер енгізіп, Елбасының Жолдауларын жүзеге асырып,тапсырмаларын орындау тұр­ғысында қазіргі күннің талаптарына сай жұмыс жүргізуді қолға алдық.

Алдағы уақытта денсаулыққа көңіл бөлінетін болады

– Алға қойған тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Ең бірінші денсаулыққа аса мән беруіміз керек. Бұрын әрбір жұмыс орнында спортпен айналысуға жағдай жасалған болатын. Бірақ қазір ондай шаралар жасалып жатқан жоқ. Жалпы, спорт тек қана ден­саулықты жақсартып қана қой­май, адамның жан-жақты дамуына да әсер етеді. Әртүрлі экспериментке сәйкес, спортпен айналысатын адамның басқаларға қарағанда жұмыс істеу қабілеті 30 есеге ар­тық болып шыққан. Қазіргі біздің алға қойып отырған жоспарымыз – ұжымдардағы жұмысшылардың спортпен айналысуларына барынша жағдай жасап, олардың еңбек етуге деген қабілетін арттыру. Біз осы бойынша үш айдан бері айналысып келеміз. Бұл тұрғыда Бақытжан Жарылқасынұлының тапсырмасымен Астана қалалық кәсіподақ орталығы арнайы бағдарлама әзірлеп, денешынықтыру сауықтыру орталығы ашылды. Жалпы, барша жұмысшыларды бұқаралық спортқа баулып, өндірістік гимнастикаға тарту қажет. Олардың отбасы мүшелеріне де спортпен айналысуға жағдай жасалып, жеңілдіктер қарастырылуы тиіс.
Мұнымен қоса, қазіргі уа­қытта көп ұжымдар жұмысшылары бұрынғыдай шипажайларға жіберілмейді. Себебі сол кейбір ұжымдардағы кәсіподақ төрағасы жиналған қаржыны өз меншігіндей көріп, жалғыз өзі пайдаланып келген. Біз бұдан былай ондайға жол бермейміз. Ұжым жиналған қаржыны қалай жұмсайтынын өздері шешуі тиіс.
Республикалық кәсіподақфедерациясы төрағасының басшылығымен қазіргі уақытта Щучинскідегі 5 мың орындық шипажайға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер бәрі сәтімен болса, алдағы уақытта кәсіподақ өзінің мүшелеріне әжептәуір көмек көрсететін болады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =