Басты мақсат – кәсіпорын тиімділігі мен қуатын арттыру

0 32

Бір жыл бұрын «Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына сенімді басқаруға заңды тұлғалар қатарындағы он сегіз кәсіпорын берілді. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында осылардың ішіндегі «Астанаэнергосервис» АҚ, «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС, «Астана Тазалық» ЖШС сияқты нысандарды басқарудың тиімділігі қаралды.Осы бір жыл ішінде «Astana» ӘКК» АҚ тарапынан аталмыш кәсіпорындар қуатын арттыру бағытында не атқарылды? Болашақ жоспарлар қандай? Мәслихат депутаттары осының есебін тыңдады.
– Елорданың энергетика кешенін тиімді басқару мақсатында, соның ішінде тұтынушыларға түсетін қосымша жүктемені алып тастау, басқару персоналын ұстауда артық шығындарды болдырмау үшін осы жылдың 27 тамызында акционерлердің жылдық жалпы жиналысында «Астанаэнергосервис» акционерлік қоғамын тарату туралы шешім қабылданды. Нұр-
Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин бекіткен «Жол картаға» сәйкес кәсіп­орынға түгіндеу жүргізіліп, оның мүлкі «Астанинская Энергосбытовая компания» ЖШС-ке берілді. «Астанаэнергосервисті» тарату жылдың соңына дейін көзделіп отыр. Кәсіпорынды тарату аяқталған соң жыл са­йын 1 миллиард теңге үнемделеді деп отырмыз. Қазіргі таңда оның есебінен «Астана Тазалық» ЖШС-ке 67 қажетті техниканы сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, аталмыш кәсіпорынға 124 техника сатып алынбақ, – деді қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев.
Оның айтуынша, «Астана Тазалық» ЖШС-тің штатында 2300 адам жұмыс істейді. Жалақы қоры 2,8 млрд теңгені құрайды. 2019-2020 жылдары кәсіпорын автопаркі мен мамандандырылған техниканы толықтыру мақсатында осы күндерге дейін 15 автогрейдер, 20 көпфункционалды шағын ­тиегіш, 2 трактор, 15 қар тиегіш және басқа да техника сатып алынды. Ал 198 адам қызмет ететін «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС жұмысы өз тиім­ділігін көрсетті.
Аталған кәсіпорындар қыз­меті туралы «Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рүстем
Қуанышбаев толығырақ баяндап, проблемаларды да жасырмады. Атап айтқанда, «Астана Тазалық» ЖШС жұмыскерлері қолмен жинайтын аумақ көлемі жылдан-жылға азайып барады. Мәселен, 2017 жылы бір аптаның ішінде 11,8 млн шаршы метр тазаланса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 11,3 млн шаршы ­метрге азайды. Биыл, тіпті, 8,2 млн шаршы метрге түсіп кетті.
– Мұның себебі, қазір бұл салада бәсекелестік артты. Механикалық қолмен жинау жұмысына жекеменшік кәсіпорындар көп қатысатын болды. Осыған байланысты «Астана Тазалық» сияқты ірі кәсіпорындар конкурстарды жеңіп, тазалау жұмыстарын сапалы атқару үшін алда конкурстарды үш жылға жариялау жоспарланып отыр. Бұл мақсатта қазір техниканы жаңарту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қысқы техника желтоқсанның ортасына дейін жеткізіледі, ал көктемге және жазға керек техниканы наурыз айында сатып аламыз, – деді Р.Қуанышбаев.
Қазіргі кезде «Астана Тазалық» ЖШС 12 маршрут бо­йынша тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 25 мың текше метр құм-тұз қоспасы мен 1 мың тонна көктайғаққа қарсы реагент дайындалды. Жалпы, осы қыста қаланы қардан тазалауға аталмыш кәсіпорыннан 496 техника жұмылдырылды. Төрт аудандағы қар төгілетін орындар белгіленді. Қолмен жинауға 420 адам, «Астана Тазалықтың» 600 жол жұмыскері тазалық жұмыс­тарына шығады.
– 2017, 2018 жылдары кәсіп­орынға техниканы сатып алуға қаражат мүлде бөлінбеді. Биыл қаржы бөлініп отыр. Бұл өте дұрыс болды. Біз қазіргі уақытта қаланың 30 пайызын ғана тазалаймыз. Елордада төрт аудан болатын болса, солардың аумағы бірнеше бөлікке бөлінген. Мысал үшін Алматы ауданында 10 орам болса, біз сондағы біреуінде ғана жұмыс істейміз. Бірақ сын, негізінен, біздің кәсіп­орынға ғана айтылады. Ал қазір бәсекелестеріміз баршылық, – деді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Бағдат Азбаев.
Мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов таяуда сол жағалаудағы тұрғын үйлердің жарықсыз қалғанын еске алып, қаланы электрэнергиясымен қамту ісінде аса мұқият болуы керектігін айта кетті. Оның әріптесі Мәжит Шайдаров қар тазалау кестесіне байланысты ескертпе айтты. Басқа да депутаттар мәселе бойынша өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды