Басты байлығымыз – балаларымыз

0 178

Жуырда Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев әлеуметтік желі­лер арқылы елімізде 34 785 қам­қорсыз қалған және жетім балалар бар екенін жариялады. Олардың 62,5 пайызы, яғни 21 736-сы Қа­­зақстан азаматтарының отба­сына асырауға берілген. Ал 6,2 пайызы, яғни 2 162-сі патронаттық тәр­биеде. Ал 196 жетім балаға арнал­ған мекемелерде 10 887 бала, яғни жалпы жетімектердің 31,3 пайызы тәрбиеленіп жатыр екен.

Бұл сандар кез келгенді ойландырмай қоймайды. Жетімдер қай­дан шығады? Неге бала асыраусыз қалады? Әрине, жауабы жұмбақ.

Алайда, қоғамда мейірімділікті, қайырымдылықты сақтаудың бір мүмкіндігі – балалар. Біз балалар­ды шексіз сүю арқылы ғана жүре­гімізді жұмсартып, өз бойымызды таза сақтай аламыз.

Бұл тұрғыда өзінің соңғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер барын, олар балалар үйін толтырып жүргенін айтқан еді. Сол жолы: «Бұл – өкі­нішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күре­суіміз керек. Мемлекетіміз бен қоға­мы­мыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуіміз қажет» деген.

Расында, бала тәрбиелеу – бола­шаққа ең үлкен инвестиция. Сол себепті, әрбір ата-ана басты бай­лығы, өмірінің мұраты – жақсы ұрпақ қалдыру екенін ұмытпағаны абзал.
Бұл туралы Елбасымыз да аз айтып жүрген жоқ.

«Үкіметке: ана мен баланы қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарауды; ана мен балаға қарсы бағыт­талған қылмыс үшін, сондай-ақ, осы саладағы ең ұсақ деген заң­­бұзушылықтар үшін жазаны кү­­шейтуді; туу мен балалы болуды ынталандыру жүйесін реформа­лауды – жеңілдетілген салық, ме­дициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүм­кіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын» деді Жолдауында Елбасы.

Бала – ұлт болашағы. Алайда, бала тууды ынталандырып, демо­графиялық өсімге қанша­лықты мән берсек, ата-ана қамқо­рынсыз қалған балаларға жағдай жасауға да соншалықты мән беру абзал. Осы мақсатта Парламент жетім ба­лаларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған құжатты қа­рас­тыру үстінде.

Қазіргі күні елордада ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған бала­лардың және тұл жетімдердің саны шамамен 1030-ға жуықтайды екен.

Олардың жартысынан аста­мы қамқоршы отбасыларда тәр­биеле­нуде. Қалған балалар балалар үйін­де және «Пана» атты арнайы ме­кемелерде тұрып жатыр.

Өткен жылдарда басталған «Ба­лаларға жылу сыйла» акциясы өз жемісін беріп, қазір жетім қалған балаларды өз үйлеріне алып, бауыр басып жатқан отбасылар да көптеп кездеседі.

Біз жалпы еліміздің демо­гра­фиялық өсімі мен балалардың ба­қыты үшін ойластырылған әрбір қадамды қуаттап, қолдау көрсетуге міндеттіміз деп ойлаймын.

Гүлнәр ЕРЕЖЕҚЫЗЫ
Астана қаласы мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − five =