Бастапқы көмекке бетбұрыс

0 35

Бастапқы медициналық санитарлық көмек – кез келген медицинаның негізі. Мықты БМСК бар денсаулық сақтау жүйесі анағұрлым тиімді саналады, әрі соның арқасында көп шығынға батпай-ақ халық денсаулығының жақсы көрсеткішіне қол жеткізуге болатыны бұрыннан дәлелденген. Кешегі Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкімет алдына алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау міндетін қоюы да тектен текке емес. «Бұл қызмет қалың жұртшылық, әсіресе ауыл тұрғындары үшін мейлінше жедел, әрі қолжетімді болуға тиіс» деді ол.

БМСК халықты тіркеумен айналысатын емханалар мен клиникалар тарапынан көрсетіледі. Бұл көмек учаскелік терапевт, педиатр, жалпы практика дәрігері, фельдшер, тіркелген емханадағы медбике сынды мамандар қызметінен тұрады. Оған профилактикалық екпелер мен скринингтер, жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау, созылмалы аурулар мен әлеуметтік маңызы бар – онкология, туберкулез, ВИЧ, психикалық ауруларды динамикалық бақылау сынды медициналық қызмет түрлері жатады.
Мемлекет басшысы тарапынан Жолдауда БМСК қызметіне бұлай назар аударылуы әсіресе, пандемия кезінде аталған салада бұған дейін қордаланып қалған мәселелердің жалаңаштанып қалуымен де байланысты деуге болады. Бүгінде елордада халыққа қызмет көрсететін 31 емхана бар, соның 16-сы – мемлекеттік, қалғандары – жекеменшік мекемелер. Тұрғындар тарапынан келетін түрлі шағымдар бойынша тексеру жүргізетін «Адалдық алаңы» жобасы аясында биыл сондай емханалардың біріне қатысты шағым түскен болатын. Сонда айтылған сағаттап кезек күту, дәрігерлердің жиі ауысуы, мамандар қабылдауына жазылу үшін тіркеу бөліміне хабарласа алмау, дәрігерлердің ауыр науқасқа шақырту бойынша келмеуі, карантиндік шаралардың сақталмауы, тегін препараттардың берілмеуі сияқты мәселелер еліміздегі көптеген емдеу орындарына тән жағдай екені жасырын емес. Оған қоса елордаға қоныс аударушылардың саны жыл сайын артуымен байланысты емханалардағы әр учаскелік дәрігерге түсетін жүктеме де көбейген. Мәселен, 50 мың адамға қызмет көрсетуі тиіс №10 қалалық емханада қазіргі таңда 80 мыңға жуық тұрғын тіркеуде тұр. Бұл – қала көлеміндегі жүктемесі ең көп емхана.
«Ұзын-сонар кезектің болуы халықтың шектен тыс көптігімен байланысты болып отыр. Тағы бір себебі – кей адамдардың дәрігер қабылдауына алдын ала жазылып келгісі келмейтіндігінде. Өйткені алдын ала жазылса 2-3 күн тосуына тура келеді. Сондықтан осылай аяқтай кезекке тұрып, тез кіріп шығамыз деп ойлайды. Ал алдын ала жазылып, ретімен кірер болса, мұндай кезек мәселесі туындамас еді. Шұбатылған кезекті халықтың өзі жасап отыр. Осы тұрғыда біздің тарапымыздан айына, аптасына барлық мемлекеттік емханаларға тексеру жүргізіледі» дейді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы стационарлық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлфайруз Ысқақова.
Елорда емханаларында алдын ала жазылу бойынша дәрігерге қабылдау тәсілі жылда жаңартылады. Дегенмен тұрғындар үшін мұның алдындағысы қолайлы еді, оған уақытыңыз көп кетпейді, кезек күтіп жүйкеңізді жұқартпайсыз. Ал қазір ауырып қалғанда керек еткен кей маманыңыз тек 1-2 айдан соң қабылдауы мүмкін деген жауап алу көбейді дейді тұрғындар. Мәселен, невропатолог, стоматолог және т.б сияқты дәрігерлерді айлап күтуге тура келеді. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі өзіндік тәсіл ме, әлде тағы да сол мамандар тапшылығынан туындаған мәселе ме? Амал жоқ осыдан кейін дертті адам мемлекеттің тегін көмегінен күдер үзіп, жеке меншік емхана жағалап кетеді.
«Менің білетінім, стоматологқа қаралу, тіс дәрігерінің алдын көру тым ұзақ процес. Қызымның тісін қарату үшін алдын ала жазылып, медбикеден әлі хабар күтіп жүрмін. Одан басқа тағы бір ыңғайсыз нәрсе – өзім тіркелген үй жанындағы емхананың бізді басқа емханаға жіберуі. Баламен жүрген әйелге де, жасы үлкен адамға да басқа алыс емханаға бару оңай емес. Сондықтан барлық қызметтер үй жанындағы өз емханамызда көрсетілсе дейсің. Бар шаруамызды бір жерден бітірген қолайлы емес пе? Сондықтан балаларымды ауырғанда өзім емдеп алуға, мүмкіндігінше дәрігерлерге бармауға тырысамын. Олардың қызметіне тек анализ тапсыру, тіс емдету керек болғанда ғана жүгінемін. Анализ тапсырғаннан кейін де оның нәтижесін ұзақ күтеміз» дейді елордалық тұрғын Нұрила. Тұрғындар «Даму мед» қосымшасының да тиімділігін жоққа шығарады. Себебі онымен де мамандарға жазылу функциясы көбіне жабық тұратын көрінеді. Сонда бұл қосымшаны не үшін іске қосқан? Көпшілік соны түсінбейді.
Халықтың көңіліне келетін тағы бір мәселе – не дәрігер, не медбикенің ана мен бала денсаулығына қатысты скринингтер мен түрлі жоспарлы тексерулерді қашан өтуі керек туралы өздері соғып айтып отырмайтындығы.
«Балаларым тіркелген қазіргі емханаға көңілім толмайды. Бұрынғы №6 емхана қызметі күшті еді. Ал №9 емханада дәрігерлер балаға екпені қай кезде салу керек, қашан баруымыз қажет, сол жағынан тіпті хабары да, шаруасы да жоқ. Баланың жағдайын да сұрамайды. Сосын графиктері өзгере береді, тұрақсыз. Невропатолог маманға жазылып, айлап күтетін болғасын ақылы қызметке барамыз. Оны қашанғы күтіп отырамыз. Одан бөлек жаңадан нәрестелі болғандарға тегін сүт беру немесе тегін массаж қызметі туралы ақпараттарды мамандар көп айта бермейді, дұрыстап насихаттамайды. Көптеген аналар сондай мәліметтерді білмей қалып жатады» дейді тағы бір тұрғын Әсемгүл.
ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің амбулаториялық емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Салтанат Салықбаеваның айтуынша, дәрігер қабылдауына алдын ала жазылатындар негізінен жоспарлы ем алатындар, ал жағдайы тым ауыр болып, шұғыл көмек керек етсе, әрине, науқас жедел жәрдем шақыртуы керек. Ал жағдайы қиын болғанмен емханаға келе алатындай жағдайда болса, ешқандай кезексіз және алдын ала жазылусыз фильтр кабинетке келіп, кезекші дәрігерге қарала алады. Пандемия кезінде пайда болған тағы бір қаралу түрі – онлайн жазылып, онлайн қабылдау арқылы да дәрігер көмегін алуға болады.
Тұрғындармен тілдескенде олардың айтар шағымы жетерлік, біз сөз еткен мәселелер – солардың ең өзектілері. Бұған қарсы медицина қызметкерлерінің уәжі де жоқ емес. Дегенмен «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, елдің көргенін, бәріміз де байқап жүргендіктен, көпке топырақ шаша алмаймыз. Мәселенің бәрі кадр тапшылығы, жүктеменің көптігі, жалақының төмендігі, жүйенің дұрыс еместігіне келіп тіреледі десек те, антына адалдығын, мамандығына сүйіспеншілігін сақтай алатындар заманы түлкі болса да, тазы болып шала қоймас еді. Осы мәселерді реттеп, халықтың жүрегінде ақ халатты абзал жандарға, еліміздің медицинасына деген сенімді нығайту үшін мемлекет деңгейінде көңіл бөлініп, оның Жолдау арқылы бекітіліп жатқаны қуантады.
«Өз басым медицина қызметкерлері үшін ерекше қуандым. Кешегi жолдау барысында ақ халатты абзал жандарға тағы бір мәрте айрықша алғыс айтылды. Еселі еңбектері үшін үстемақы ретінде 150 миллиард теңге бөлінетін болды. Енді екі жылда жалақылары екі есеге көбейеді. Ең бастысы, мақтанып айтатын мәртебесі жоғары мамандыққа айналуда. Тұтас әлемді аяғынан тік тұрғызған пандемия 2-5 жылға созылады деп болжанды. Демек, өткеннен сабақ алып, алдағы қатерлерге дайын болуымыз қажет. Ауылдағы алаңдаған ағайынның да мәселесі ұмыт қалмады. Барлық елді мекендер фельдшерлік-акушерлік пунктпен және отбасылық амбулаториямен қамтылады. Жалақы мен мәртебеге айрықша мән берілуде. Енді саладағы сапаны барынша арттыру міндеті тұр. Ол да уақыт талабы екені даусыз» деді әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірген ҚР ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау тапсырмасына сәйкес аталған министрлік тарапынан 2023 жылға дейін сәйкесінше жоспар әзірленетінін жеткізді. Ал Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, елордада БМСК-ті дамыту және нығайту бойынша жұмыстар қазірден-ақ басталып кетті. Себебі бастапқы медициналық санитарлық көмек – дені сау қоғам қалыптастыруға бастайтын ең бірінші қадам. Оның қызметі неғұрлым халықтың көп бөлігінің денсаулығы мықты, әл-ауқаты зор деңгейде болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандарды даярлау мәселесі өткір қойылып отыр. Сол себепті үкіметке медицина мекемелерін кадрлармен қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзімді болжам әзірлеу тапсырылды. Бүгінде елімізде барлығы 274 мың дәрігер мен санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкері бар. Солардың жалақысын кезең-кезеңімен көтеру үшін республикалық бюджет есебінен 2021-2023 жылдарға 1,1, трлн теңгеге жуық қаражат қарастырылатын болды. Биылғы Жолдауда көптің көңіліне қонған осындай жағымды жаңалықтар халық саулығына қызмет ететін сала мен оның қызметкерлері үшін қайырлы болып, жүйе жұмысын жақсартуға жаңа серпін береді деген ел сенімі мол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − seven =