Басшылар виртуальды байланысқа неге құлықсыз?

0 116

 

 Елімізде электрондық үкімет жүйесі енгізіліп, орталық басқару органдары мен мемлекеттік мекемелер басшыларының жеке блогы ашылғанда билік пен бұқараның арасы бір табан жақындады деп қуанғанымыз есімізде.Расымен де осы виртуальды әлем өмірімізге келгелі мемлекеттік қызметтерге қатысты біраз жұмыстар жеңілдеп, уақытымыз үнемделді. Айталық, бұрын балабақшаға тіркелген баламыздың кезегі қалай жылжып жатқанын білу үшін Білім басқармасына сабылатын едік. Қыл аяғы, бір жапырақ анықтама алу үшін де бірталай мекеменің табалдырығымен қоса жүйкемізді де тоздыратынбыз. Ал, қазір осы шаруалардың барлығы электронды жүйеге көшті. Үйде отырып-ақ мемлекеттік органдарға сұраныс жіберіп, қажетті қағаз, анықтамаларды әп-сәтте алуға болады.
Бұл қызмет түрі халыққа пайдалы ғана емес, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу деңгейін айнадай көрсетіп беретін жақсы ақпараттық құралға да айналып отыр. Қазір кез келген мекеменің сайтын ашсаңыз, олардың жұртшылықпен қаншалықты жұмыс істеп жатқанын бірден біле қоясыз.
Астана қаласында елмен етене жұмыс істейтін сайт – елордалық әкімдіктің сайты. Бұған күніне 150-ге жуық сұрақ келіп түседі екен. Барлығына дер кезінде жауап беріліп, мәселеге байланысты тиісті шара қолданылады. Астаналықтарға ең танымал сайт осы. Ал, керісінше, астаналық басқармалардың сайттарының белсенділігі төмен. Оларға тұрғындардан сұрақтар үйіліп келіп, басшыларың оған ақ тер, көк тер болып жауап жазып жатқанын көрмейсің. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп жатқан бір мылқау әлем. Тіпті мәселесі шаш-етектен болып жататын Білім, Денсаулық сақтау, Жер қатынастары басқармаларының өзінде бірер айда бірлі-жарым ғана сұрақ келіп түскен. Қалған басқармалардың «сұрақ-жауап» бөлімі мүлде бос жатыр. Сонда елді толғандыратын мәселе қалмаған ба, әлде күллі басқарма бір Астана әкімдігінің сайтына сеніп алған ба?
Қарапайым халықтың мекеме басшысына тікелей кіріп, мұң-мұқтажын айтуға мүмкіндігі аз. Қабылдауға алдын ала жазылу бірталай уақытты қажет етеді. Ал, мемлекеттік мекемелердің сайты осының орнын толтыруға тиіс-тін. Бірақ басқармалардың халыққа арналған электронды қызметі өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмай отыр. Сайт арқылы жұртшылықпен байланыс орнатып, оларды қандай мәселе толғандыратынын білгісі келетін басшының жоқтығы қынжылтады. Әр мекеме жеке сайттарына жете көңіл бөліп, халықпен тікелей диалогтық алаң құруды дәстүрге айналдырса дейміз.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =