Басшыға қарап бой түзеу

әсіресе тіл саласында қатты байқалады

0 74

Ағайын-туыс емес адамдарды бір-біріне жақын ететін – олардың өмірлік ұстанымдары. Барыс-келіс, араласу азайған былтырғы көктемнен бері мен әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы өзіме осындай бір рухтас сіңлі тауып алдым. Аты – Баян Ахатаева. Өз ұстанымым – тілге қатысты мәселелерде байбаламға бармай, заңға сілтеме жасап, заңның орындалуын талап ету. Баянның солай істейтіні назар аудартты және өз тәжірибесі арқылы көз жеткізген «кез келген мекемедегі тіл ахуалы бірінші басшыға байланысты» деген түйіні талмай қайталап жүрген тағы бір ойымды дөп басты! Н.Маккиавелли айтты дейтін «Биік мақсатқа жетуде қолданған барлық амалды ақтауға болады» деген сөз бар. Баянның амал, талаптарын тіл жанашырлары үйреніп, қолдануға болады деген оймен «Facebook»-тегі бірнеше жазбасынан үзінді ұсынғанды жөн көрдім.

БАЯННЫҢ ЖАЗБАЛАРЫНАН:

Әр адамның өмір жолында өзіндік өмірлік қағидалары қалыптасады. Оған тәрбие, білім, қоршаған орта, қоғам т.с.с әсер етіп жатады. Менің негізгі принциптерімнің бірі – өз елімде, өз жерімде жүргенімде өз тілімде сөйлеу, сұрау, жауап алуға толық құқығым бар. Әсіресе, бұл халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелерге қатысты. Өзім қызмет көрсеткенде өзге тілді азаматтардың құқықтарына құрметпен қарайтынымды айта кеткім келеді.
Жеке немесе заңды тұлға ретінде түрлі саладан қызмет алу барысында мемлекеттік тілдің қолданылуын талап ету форматтарын да ауыстырып нәтижелілігін, әсерлілігін бақылау өзіме қызық (әрі пайдалы).

* * *

Адам заңды құқықтарын білген жағдайда сенімді сөйлеп, мысы басып тұрады. Бұл жерде заңнамалық сауаттылықтың маңызын айтқым келеді. Қарапайым халықтың тек қаржылық, заңнамалық қана емес, басқа да салалардағы сауаттылық деңгейі аса жоғары емес екендігі жасырын емес. Соның ішінде тіл мәселесінде де. Осы орайда Тіл комитеті, басқармалары, басқа да «мемлекеттілігіміздің кепілі – ТІЛ» деп білетін құзырлы органдардың ақпараттық насихат жұмыстары жанданса деген тілек бар. Одан бөлек, барлық елге қызмет етуші құзырлы мекемелер тұтынушы/клиент/пациенттеріне сәйкесінше дұрыс ақпарат беруі маңызды.
Көп мекемелерде ақпараттандыру ісінің орыс тілінде жүргізілетіні, хабарландырудың бәрі тек орысша жазылатыны жасырын емес. Бұл жағдайдың аттары дардай банктер мен мемлекеттік мекемелерге де қатысы барын айта кету керек. Ресми ақпараттар екі тілде жазылғанымен, түрлі кюветкалардағы мамандардың лауазым атаулары мен А4 парақшаларға жазатын хабарламалар тек орыс тілінде тұрған кездеріне өзім талай куә болып жүрмін.
Мысал керек болса, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Отбасы банкі» АҚ филиалдарын, Байқоңыр аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасын, KaspiBank АҚ-тың І.Есенберлин көшесіндегі филиалын, т.б. кеңселерді қызмет алу барысында өзім тілдік кемсітушілікті байқаған мекеме ретінде атар едім.
Халыққа қызмет көрсететін мекемелердің барлығына тән ортақ көрініс: қызмет көрсету тілі ретінде басымдық орыс тіліне берілуі, қазақша сапалы, сауатты қызмет көрсететін мамандардың аздығы, қызмет көрсету барысында тұтынушыларға ұсынылатын дайын бланкілердің орыс тілінде болуы (қазақ тілінде бар болуы мүмкін, бірақ қағазға басылып, бланк болып шығарылып тұрғаны жоқ). Қазақша бланкке қол жеткізу үшін біраз тер төгуге тура келеді, мұндай істің соңында өзіңе «ұлттық араздықты тудырушы» айдарын тағып жіберуі ғажап емес. Бірақ мұндай орынсыз, сауатсыз айыптаулар бізге кедергі болмауы тиіс.
Менің халыққа қызмет көрсететін мекемелерде қазақ тілінің қолданылуын талап етіп жүргенде көз жеткізген нәрсем БІРІНШІ БАСШЫЛАРДЫҢ ТІЛІНІҢ ОРЫСША НЕМЕСЕ ШАЛА ҚАЗАҚША БОЛУЫ. Қыз­меткермен орысша сөйлеседі, оның мемлекеттік тілде жазған құжаттарын оқымайды. Содан кейін қарамағындағы қызметкерлер басшыға жалтақтап (осы әдетімізден қашан арылар екенбіз?), кейде оны ұялтпайын деп, бастыққа ыңғайлы тілге көшіп алады.
Жоғарыда тізіп көрсетілген мекемелердің барлығының бірінші басшыларына кіріп, ресми шағым хат жазып, көзбе-көз әңгімелесу жасадым. Барлығына жуығы бас шұлғып, келісіп-мойындайды. Ресми шағымға шамаларының жеткенінше сапалы\сапасыз ресми жауап жазады. Алайда көзге ұрып, көңіл толтырып тұрған нәтиже жоқ. Емеуріннен танитын халықпыз, туралап айтпаса да, барлығының қабылдауында «өздерінің жұмысы үшін қазақ тілі мәселесі аса маңызды емес, бастысы, өздерінің негізгі функционалдық қызметтерін сапалы атқарып отыр-мыс».
Осы жерде Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Ұлттық қауіпсіздік тілден басталады» деген сөзін келтіргіміз келеді. Ал өздеріне елге қызмет ет деп сеніп тапсырылған мекемені басқара отырып, сол елдің тілін менсінбей, меңгеруге толық мүмкіндіктері бола тұра менмендік танытып жүрген, яғни, азаматтығы толық қалыптаспаған адамдарды бірінші түгілі, басшылықтың соңғы иерархиясына жолату – ұлтқа қауіп!

* * *

Осыдан біршама уақыт бұрын мемлекеттік тілге сөз жүзінде «құрметпен», іс жүзінде менсінбей қарайтын банк қызметкерлерінің үстінен Тұрғын үй жинақ банкі басшылығына (орысша ЖССБ дейміз ғой) нақты сұрақтар мен заңды талаптарымды тізбектеп, шағым жазғанмын. Ватсаптан жазбаша жауап алдым, аудармасында шағымым «өтініш» болып кетіпті. Сөйтіп, «өтінішіме» алған жауаптың төбесінде тұрған «кому» дегенді көргеннен ұнатпай қалғаным рас.
«Бар, ойнап кел» деп алдау­сыратқан, нақтылығы жоқ, сырғытпа жауап.
«Әп-әйдік банк жауап берді маған» деп мәз болайын десем негіз жоқ, мені қойшы, жауап берген құрлы ТІЛДІ қорлағанына төзбей, банк филиалы басшысының қабылдауында болдым.
Қазақша сөйлеген бастық кездессе қуанатынымды көрсетпей (қазақша сөйлеуге міндетті) мән-жайды баяндадым. Сөзімді бөлмей тыңдады, баяндау барысы айналаға көз тастап отырмын, басшының сөзімен айтқанда, «майда-шүйде» «папкі-сапкі» дегендердегі атаудың барлығы орысша екен. «Еее…» деп іштей бір түйіп қойдым.
Тілдің мұңы мен жырын менімен бірдей «жырлап» отыр, тек сөз бен істі үйлестірсе, «міне, нағыз азамат» болайын деп тұр екен.
Маған керегі сөзден бұрын іс, нақты іс, соған сай нақты жазбаша жауап.
Кейіннен басшы мырза маған жауапты Орталық банк беретінін, бұл мәселе жалпы банк филиалдарының барлығына қатысты болған соң шағым сонда қайта жолданғанын телефонмен құлағдар етті.
Жауапты тек сауатты қазақша ғана емес, сапалы мазмұнды етіп күтемін.

 

* * *

Тіл майданда майда-шүйде болмайды. Бұл Нұр-Сұлтан қ. С.Сейфуллин/Сарыарқа қиылысында орналасқан #Fixprise мың бір майда-шүйде дүкендер желісіндегі мың өліп мың тірілген қазақ тілінің мүшкіл жағдайы. Майдалап алып, біліп/білмей, саналы/санасыз өлтіруге тырысып жатқандай…желінің барлық дүкендерінде осы жағдай екені күмәнсіз.
Байбалам салғаннан пайда жоқ, жүйке жұқарып, бекерге шаршайтыныма сан рет көз жеткен. Тілге келгенде «тілдеп тұр» деп түсінетіндер көп-ақ.
Бұл жолы дүкеннің жауапты қызметкері Мираға өзім аударып беруге ұсыныс жасадым. Мира шамасы дүкеннің бітпес күйбеңінен осындай келеңсіздіктерге мән бермесе керек, көріп өзі де аң-таң болды. Рас па екен?!
Осы постты дүкен әкімшілігіне көрсетуге және кері байланыс орнатуға келістік. Бұл әдісті де көрейік… Тіл қорланса, Сіз қорландым дей беріңіз, бірақ барынша ұстамдылық танытып, істің болатын жағына әрекет еткен абзал.

* * *

Жоғарыдағы посттың жауабы.
«…2021 жылдың соңына дейін қазақ тіліндегі қызмет толық автоматтандырылады» дейді аты мықты банк.
Жауапты үшінші реттен салыстырмалы түрде «сауатты» (мазмұндық та, грамматикалық та қатесі баршылық) алғанымды жаза кетейін, алдындағы екі жауап менің шағымыма мүлде қабыспайтын жауаптар болды. Маған емес, тілге құрметсіздікпен қарауларына жол бермеу мақсатында «шығарып салма» жауаптарға келіспей, қайта-қайта мазаларын алуға тура келді.

ТҮЙІН
Әлеуметтік желіде мемлекеттік тілде қызмет ала алмағандардың ашулы, ызалы жазбалары мен бейнетүсірілімдері аз емес. Әдетте, мұндай жазбалардан кейін мың-сан пікір жазылып, кейде текетірес, қақтығыстар да болып жатады. Бірақ, Тіл туралы заңның талабын орындамаушылардың санасына өзгеріс енгені, жұмысын ел заңнамасына сәйкес құрғаны туралы ақпаратты байқай қоймаймыз. Бұл – заңның орындалуын қадағалайтын орган – Бас прокуратура жұмысының кемшіліктерінің бірі.
Таяуда белгілі жазушы, өз ойын батыл айта алатын қаламгерлердің бірі Елубай Смағұл ағамыз Фейсбуктегі парақшасында журналист Айзада Биданның «Елде қазақ тілі үшін күрестің жаңа түрі кең таралып келеді» деген мақаласын көшіріп жариялады. Оны біз Айзаданың еліміздің әр өңірінен мысал келтіре отырып, қазақ тілінде қызмет алу құқығын мәдениетті түрде талап етуші жекелеген азаматтар мен бастамашыл топ қатары артып келе жатқаны туралы жазған мақаласын қолдағаны деп түсіндік. Риза болдық.
Мақаладағы қоғамдық сананың оянып келе жатқаны туралы нақты мысалдар сүйсінтеді. Мысалы, маңғыстаулық белсенді Қуаныш Еділхантегі facebook-те қазақша жазбайтындардың достығын қабылдамайтынын, орыс тілінде жазатын қазақтардың посттарына ұнату белгісін баспайтынын, пікір жазбайтынын айтады.
Бірнеше жылдан бері қоғамдық орында қазақша қызметті талап етіп жүрген павлодарлық белсенді Руза Бейсенбайтегі бұрын осы тіл үшін, қазақ тілін талап еткені үшін 4 рет соққыға жығылғанын; қазір ондай әрекеттер жоқ екенін айта келе, мұны халықтың ұлттық сана-сезімі оянып жатқанымен байланыстырады.
«Тіл майданы» қозғалысының жетекшісі қостанайлық Қуат Ахметовті көпшілік белсенді күрескерлердің бірі ретінде жақсы таниды деген ойдамын. Ол қазақша сөйлейтін азаматтардың тұтынушы ретіндегі құқығы жиі бұзылатынын, бұл қозғалыс сондай оқиғаларға тап болған азаматтарға қолдау білдіретінін мәлімдейді. Ұйым қазақша қызмет көрсетпеген мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдарды, кәсіпкерлік нысандарды сотқа беріп, жәбірленушілердің құқығын қорғайды.
Ал бастамашыл жастар құрған «Qazaqshajaz» қозғалысы «Қазақша ақпарат алу – құқығымыз» ұранымен 2020 жылғы шілдеден бері жұмыс істейді. Қозғалыс қазақ тілінің желідегі қолданыс аясын кеңейтуді көздейді. Мақсаты – қазақша сөйлейтін азаматтарға өзінің тұтынушы құқығын мәдениетті әрі сыпайы түрде сұрауды үгіттеу. Қозғалыс жұмысына кез келген адам өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы араласа алады.
«Ауылын көріп, азаматын таны» дегенді естіп өскен біз ісін көріп, сіңлімізді таныдық. Сөйтіп, осындай істерді бірге атқарамыз деп, ұрпағымызды ана тілімізге сусындатып өсіру – білім беру ұйымдарының ғана емес, аға буынның парызы деп түсінетін, қазақтың ұлттық құндылықтарына жанашыр, жастардың санасына салт-дәстүрлерімізді сіңіріп, отбасылық өмірге бейімдеу қажеттілігін ұғынған бір топ қоғам белсендісі өзіміз құрған «Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі болуды ұсындық.
Халқымыздың озық салт-дәстүрін, бұлақ суындай таза тілін, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін, бірегей ұлттық тағамдарын, ежелгі өнерін, т.б. ізгі қасиеттерді ұрпаққа жеткізу ісіне үлес қосқысы келгендерді «Қарашаңырақ» астында жиналуға шақырамын.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы
Суреттер Фейсбук желісінен алынды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − six =