Басшы блоггер болуға ұмтылу керек

0 107

Астана бас­қар­ма­лары сайт­та­рының сын кө­­тер­мейтіндігі га­­­­зе­­тімізде талай жа­­­­­­зыл­ды. Бірақ «бая­­­­ғы жар­тас – сол­­­­ жартас күйінде» қалып отыр. Осы­­дан-ақ бас­­­­шы­­лар­­дың өз сайт­­тарымен ісі де бол­­­­­майтынын аң­­­ға­­ру­­ға болады. 

Халықтың әр басқарма басшысына барып, мұңын шағуға, білгісі келетінін сұрауға мүмкіндігі жоқ. Керек десең, басшылар қабылдауына кіре алмайды да. Ал жұртшылық не істейді? Керек ақпараттарын алу үшін сол мекеменің жеке сайтын ақтарып, көкейдегі сауалдарына жауап іздейді. Бірақ Астана қаласы басқармаларының сайттары елдің сол қажеттілігін өтеп жүр деп айта алмайсың. Ресми мекемелердің интернет сайтына кірсең, жаңалықтардан ада мылқау әлемге тап боласыз. «Бүгін Президент өз Жарлығымен Парламентті таратты…», «Премьер-министр Кәрім Мәсімов….», «…Елдің Ұлттық валютасы 15 қараша күні 18 жасқа толды» деген атам заманғы ақпараттар өріп жүр. Басқа басқа емес, «жаңалықтар» айдарында! Тұрғын үй, Қаржы, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармалары бұл мәліметтер баяғыда-ақ елімізде жаңалық болмай қалғанын, ел атқамінерлері әлдеқашан қызметтерін ауыстырғанын білмей ме?

Үш басқарманың да «жаңалықтары» бірдей. Бір-бірінен көшіріп алған болуы керек.

Жұртшылыққа дені дұрыс ақпарат бере алмаған басқармалар өздеріне мүлде қатысы жоқ мәліметтерді орналастыруға құмар. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын өтіп кеткен «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалі Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына не керек? Ел өнер туралы оқимын деп олардың сайтына кірмейтіні бесенеден белгілі.
Жалпы өз салаларында болып жатқан жаңалықтарды беру жағынан Білім, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының сайттары алда тұрғанын да айта кетейік.

Басқарма сайттарындағы тағы бір үлкен кемшілік – олардың мемлекеттік тілге деген немқұрайлылығы. Қажетті ақпаратты қазақ тілінде табу қиын. Кейбір сөздер өрескел қатемен жазылған. Тұрғын үй басқармасының сайтында бірінші басшы сөзін: «Құрметті сайтың енушілер!» деп бастапты. Басқармадағылар өздеріне тікелей қатысты «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның қазақша нұсқасын да сайтқа бере алмаған. Орысшасы орнында.

Ал әлеуметпен етене жақын Денсаулық сақтау басқармасының сайтында орыс тілі басым. Нақтырақ айтсақ, сайт парақшасының қазақшасы орыс тілімен аралас. «Сұрақ-жауап» бөліміне сауалымызды қазақша жолдай қойып едік, «сауалыңыз модератор тексергеннен кейін жарияланады» деп орысша түсіндірме берді. Ол ол ма, басқарма басшысының өмірбаянын тек орыс тілінде жазылғанына қынжылдық. Шер-аға айтпақшы, біз «қос тілді жылан емеспіз» ғой. Сайттың қазақ тіліндегі нұсқасын қойыртпақ жасамай-ақ, таза мемлекеттік тілде шығаруға қызметкерлердің өресі жетпеді ме? Мұның өзі мемлекеттік тілге деген немкеттілікті байқатқандай.

Бірлі-екеуі болмаса, басқарма басшылары сайттарына көңіл бөліп, халықты қандай мәселе мазалап жүр екен деп қарап отыруға уақыттары да, құлқы да жоқ сыңайлы.
Біздіңше, әр басшы блоггер болуға тиіс. Олар өздері қаласа да, қаламаса да осы. Қазір ақпараттық технологияның заманы. Сондықтан түбінде бәрібір сайтпен жұмыс жасауына тура келеді.

P.S. Жақында қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, «бастық» сөзі еліміздің мемлекеттік қызметшілері лауазымдарының тізілімінен алынып тасталды. Сондықтан басқарма сайттарындағы «басқарма бастығы» деген сөздер түгел ауыстырылуға тиіс.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
q.toqtamurat@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 5 =