Басқармалар бюджетті неге игермеді?

0 13

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы Қаржы басқармасы 93 млрд теңгеден астам сомаға құнды қағаздарды шығаруды ұйымдастырды. Оның 49 миллиарды «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға, 44 миллиарды «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында дағдарысқа қарсы шараларға бағытталды. Қалалық мәслихаттың былтырғы бюджеттің орындалуына арналған отырысында осыны аталмыш басқарманың басшысы Әліби Жұмаев баяндады. Бұл жолы мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі және бюджет, экономика, өнеркәсіп, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.– Былтырғы бюджеттің игерілмеу көрсеткіші 1,1 пайызды құрады. Соның ішінде 7 миллиард 225 миллион теңге игерілмеді. Объективті себептермен 426 миллион теңге игерілмей қалды. Жалпы алғанда, он бес бюджеттік бағдарлама әкімшісінің үшеуі қаржыларын игермеді, – деді Ә.Жұмаев.
Оның айтуынша, бөлінген қаржыны Дене шынықтыру және спорт, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Білім басқармалары толығымен игермеген. Алғашқы басқармаға қарасты Олимпиадалық резервтің №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің үрлемелі футбол алаңын жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актісі уақытылы ұсынылмағандықтан, 159 млн теңге игерілмей қалды. Білім басқармасы 20 млн теңгені игеруді үлгермеген. Оның себебі №62 сәбилер балабақшасын күрделі жөндеу бойынша жеткізуші шартты орындамаған.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына келсек, атаулы әлеуметтік көмекті 23509 адам, кепілдендірілген әлеуметтік пакетті 5327 аз қамтылған азамат алды. Төтенше жағдай кезінде 2 АЕК көлемінде жәрдемақы 45577 адамға берілген. Жалпы 159 мұқтаж азамат көмек алды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жоспар бойынша 15253 болуы керек еді. Бұл тұрғыдан асыра орындау 5,4 пайызды құрады.
Мәслихат депутаты Нұрдәулет Оразханов ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсетуге қанша қаржы жұмсалғанын, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша тұрақты және уақытша жұмыс көрсеткіші қандай болғанын сұрады.
– Депутаттарға көптеген адамнан өтініштер түседі. Соның әрбір екіншісі атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болатынын сұрайды. Ерекше қажеттілігі бар балаларға техникалық құралдарды, гигиена заттарын алу мәселесімен жүгінеді, – деді Н.Оразханов.
Депутат Азамат Айтхожин Олимпиадалық резервтің №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі футбол алаңының жөнделуіне жауапты адамдар немқұрайлы қараған деп есептейді. Ол бюджетті игермеген басшыларға қандай шаралар қолданылатынын сұрады. Депутаттың пікірінше, бөлінген қаржыны 100 пайыз игерген басшылардың сұраныстарын қанағаттандыру керек.
Нұр-Сұлтан қаласы Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев республикалық бюджеттен 253,6 млрд теңге көлемінде трансферттер жоспарлы түрде жіберіліп жатқанын, бірақ бұл қаражатты тиімсіз пайдалану себебінен қыруар қаржы қайтарылатынын айтты. Жылдан-жылға дебиторлық берешек өсетінін жеткізді.
Нұр-Сұлтан қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Сейітқұлов қалада шағын және орта бизнес өкілдерінің саны артқанын айта келе, былтыр медициналық жабдықтармен жиынтықта инфекциялық науқастарды орналастыру үшін модульдік конструкция сатып алынғанын мәлімдеді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша іске асырылуы жоспарланған 47 жобадан 14-і бойынша ғана келісімшарттарға қол қойылды. Мұның себебін депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова сұрады. Оны әріптесі Алтыншаш Табулдина қостады.
Депутаттар елорданы дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қалай іске асырылғанын да сұрады. Бұған жауапты басқарма жазбаша жауап беретін болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =