Басқаның жерұйығын неғылайын

0 669

Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы туған жер, Отан, табиғат тақырыбы

Ұлы Абай негізін қалап кеткен қазақ жазба поэзиясы түр, мазмұн жағынан ешуақытта тоқырамай, керісінше, үнемі жетіле байып, үнемі биіктеумен келеді. Бұл тұрғыдан өткен ХХ ғасырды алтын ғасыр болды десек, асырып айтқандық емес. Сол асыл қазынаны жасаушылар ішінде Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаев поэзиясының орны айрықша бөлек. Мағжан ұлттық намысты ту етіп, халықтық асқақ рухты жыр етсе, Мұқағали қазақтың даласы қандай кең, таулары қандай биік болса, өз жан дүниесінің де туған даласындай кеңдігін, адамдық-азаматтық келбетінің туған тауындай биіктігін жырлап өтті.

Мұқағали бақилық болғалы ол жайында айтылған естеліктер, жазылған ғылыми-зерттеу еңбектер аз емес. Алда әлі талай айтылып, әлі де талай жазылары хақ. Өйткені, ақын мұрасы мұхиттың суындай мол, теңіздей терең. Осындай теңдессіз мол қазы­наны түгел қамти айтып шығу қай зерттеушіге де оңай тимесі ақиқат. Біз де ақынның туған жер, Отан, перзент парызы жайындағы кейбір өлеңдері төңірегінде ғана сөз айтпақпыз.
Жалпы, ақын шығармаларында ешқашан желісі үзілмейтін, қай тақырыпқа жазбасын және туынды­ларының үлкен-кішісіне қарамастан – бәрін бір-біріне желімдеп, шашау шығармай тұтастырып тұратын бір ғажайып қасиет бар. Ол алтын арқаудың аты – Махаббат. Ақын жүрегіндегі осы құдіреті күшті ұлы сезім, мейлі, бұзылған үй, ескі жұрт, бетін жаңбыр жуып, күн сүйген қара жартас – бәрін жанды бейнедей қабыл­дайды. Табиғат – оның анасы, әкесі, жан досы, нақсүйер ғашығы. Өзін табиғаттан, табиғатты өзінен бөлек дүние деп білмейді. Ақын үшін бұл екеуі тең дәрежелі, егіз, бірінің бірінсіз күні жоқ. Егіздердің бірінің киімін бірі алмастырып кие беретіні секілді, бұлардың да жандарын айырбастап бірі адам, бірі қайың болып сөйлесетіндері де сондықтан.
Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын,
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың? – деп тілдесіп, сырласып алады да:
Өмірге – өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып,
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып, – деп адамзат­тың мәңгілік ғұмыр аңсарынан хабар бергендей болады.
Мұқағали жырларының тақырып­тық ауқымы тарау-тарау және өте кең. Сонымен бірге, оларды мынау табиғат лирикасы, мынау атамекен, туған жер жайында деп, мынау Отан туралы, ал мынау көңіл-күй лирикасы деп аражігін ажырата қоюға да болмайтынын байқау қиын емес. Өйткені, туған жер, табиғат, Отан – көңіл-күй перзенттік мөлдір сезім бірінен-бірі туындап, бірімен-бірі тонның ішкі бауындай үйлескен біртұтас ғажайып сұлу асқақ әлем. Поэзиядағы қайталанбыс Тәж-Мақал сәулет ескерткіші іспетті. Сондықтан, ақынның Жер-Ана, Отан, табиғат, балалық парыз жайындағы өлеңдері деп бөлуімізді шартты түрде деген жөн.
Шіркін, туған жер, сан сиқырлы та­биғат! Сенің қадір-қасиетіңді бәр-бәріміз Мұқағалиша сезініп, Мұқағалиша түсіне алсақ қой… Ақынның көзі не нәрсеге түспесін, одан тек сұлулық пен үйлесімділікті ғана көреді. Және ол үшін, жоғарыда айтқанымыздай, бәрінің де жаны бар. Кәдуілгі ақыл-ой, парасат иесі – адам секілді. Ауылға көктем келгенде, асқар ала таулардан асып «мұз бөрікті аяз ата» кетіп бара жатады. Түн келгенде, көк аспанды жамылып Жер-Ана тәтті ұйқыға кетеді. Ақын оған «түн тыныш өтіп, дін аман оянса» екен деп «Қайырлы түн!» айтады. Міне, таң атты. Жомарт жері, өзендері, көлдері, белдері, орманы, ақбасты ата таулары – бәрі де дін аман. «Қайырлы таң!» дейді ақын қуанып. Ақынға туған жердің құсы екеш құсы да қымбат. «Қарлығашым келдің бе, қаршығадан саумысың?» деп тілеуін тілеп жүреді оның. Таудан аққан, ойлы жерден тесіп шыққан бұлақтар теңізге неге құймайды? Ақын көзімен қарасақ, себебі, олар «туған даласын шөл етуге қимайды» екен, «бар қуатын өзінің топырағына сыйлайды» екен, Ақын үшін күншуақтың да жаны бар. Күн боса да жан досы, сырласы. «Ей, менің күн шуағым, мүмкіндік бер шығатын күндеріммен тілдесуге» дейді ақын. Мұқағали табиғатты сүй, аяла деп жалаң уағыз айтпайды. Сыртқы жылтылдақ сұлулығын айтып та тамсанбайды. Оған адамға тән мінез, қылық, әрекет береді. Расында да «Туған даласын шөл етуге қимайтын» бұлақты қалайша жан иесі демессің. Содан кейін «бұлақ өзін туған топырағына сыйлайды, мен ше?» деп өзің жайлы да ойланасың ғой.
Ақын шабытының бір қайнар көзі, әрине, кіндік қаны тамған – Қарасаз. Туған жер оған бірде ескі қыстау, тау бөктерлеген ауыл, көшкен үйдің жұрты, бозқараған болып тіл қатады. Бірде кеудесін сағыныш қысып қыс­таудың көкшіл түтінін аңсаса, бірде сол иесіз қалған қыстауға бас иіп тағзым етеді. Көктемнің жаңбыры, тырнаның тыраулаған назды үні, бөктердегі жаға­лай қонған киіз үйлер жанын әркез шаттыққа толтырады.
Ал, бозқараған ақын түсінігінде далалықтың жұпар иісті сирені еді ғой. Бозбала, бойжеткендердің тығылмақ ойнайтын, бір-біріне сыр ашатын қасиетті орны болатын. Отқа жанған бозқарағаннан төңірек-маңайға әтір иісі аңқитын. Соғыстан кейінгі жесір әйелдердің көңіліне желік кіргізетін. Иә, иә, көктемде «бөктер жақтың үй­лері патшаның сарайындай» түр­ленуші еді-ау. Қарасаздың суларынан «үйрек ұшып, қаз қонып», маңайды шаттық әуенге толтырып, тіршіліктің тәтті күйін шертетін. Жерді Анаға теңеу – әріден бар ұғым. Осыны Мұқағали ақын «Ұқсастық» деген өлеңінде жаңа қырынан танытады.
Тамыры иіп,
Тәтті бір ұйықтап алғасын.
Ана – шайына,
Дала – нөсерге қанғасын,
Далаға – диқан,
Анаға – адал жолдасы,
Тыңайтпақ болып,
Даярлап жатыр қалжасын…
М.Мақатаевтың туған жер, Отан туралы өлеңдерінің ішінде тау бейнесі айрықша орын алады. Өйткені, ол «алып тауды бесік қып өскен». Сон­дық­тан, «ғұмырым керемет» деп есептейді. Таулар ақын үшін мелшиген жансыз қара тастар емес, «сеңсең бө­рік сәлде шалған аталар». Алатауға ол дос­тарымен жай серуен құру үшін бармайды. Алатау – шал, көнекөз қария, оған сәлемдесу үшін барады. «Ассалаумағалейкум!» деп бас иеді. Бас иеді де, «Отанымның тапжылмай жатқан тәкаппар берік босағасы» деп, шаттана сүйсінеді. Тау – баба, тау – қария, тау – қара шал. Ұйықтаса, түсіне кіреді. Сағын­ғанда қара шал – тауға: «мені қан­жығаңа байлап, бөктеріп кет» де­гісі кеп тұрады. Нөсерлі күні тау – шал «бетінен сорасы ағып тұрса да, малына ықтасын болып» еліне пайдасын тигізеді.
Бірақ ақын тауды қанша жерден баба, ата, шал дей тұрса да, Жер-Ана­дан үлкен деп есептемейді. Ол бар болғаны «Ана-Жердің төсіне алып сәби жарасқан». Қандай әдемі жанды сурет. Жер кеңдігін, Отанның алыптығын бұдан артық қалай сипаттау мүмкін. Ақын ашқан ұлылық сезім сенің де көкірек көзіңді аршып өтеді. Елің, жерің жайында ойлана бастайсың. Өнер қуаты дегеніміздің өзі де осы ғой.
Өстіп, ұлы ақынның «мені» сенің де ішкі «меніңмен» ұштасып, үндесіп, тіпті, тұтасып та кетеді екен. Мұқағали Қарасазын, ондағы ақар-шақар ауыл тіршілігін, ауылдың көк түтінін сағын­ғанда, сенің де шыққан жерің, өскен ортаң еске түседі. Мұқағалидың өлкем, өзенім, суым, көлім, тауларым дегені – бүкіл қазақ даласы, бәрімізге ортақ атамекен – Ұлы Отан. Ай, Күн, көктемнің шуағы, жаздың самалы, күрең күз, мұз бөрікті қыс – қазақ жерінің табиғаты, қазақ табиғатының тек бір өзіне ғана тән мінезі. Қазақ өлкесі ақын үшін тірі шежіреші. Құм Нарынға:
Шөккен нардай, бұйра-бұйра,
О, нең жатыр құмдарыңда?
Махамбеттей ұлдарың ба?
Тірі ұстай тұрмадың ба? – деп наз айтады. Сөйтіп, «Еділ – Жайыққа ел қондырсам, мал толтырсам» дейтін Махамбеттің ұлы арманын жадында жаңғыртады. Отарлаушы орыс патшасының қыспағына түскен Жәңгір хан – Махамбет заманының ауыр тағдырын, ат ауыздықпен су ішкен, ер етікпен су кешкен атыс-шабыс нәубетті күндерді көз алдыңа әкеледі. Иә, Махамбеттер болмаса Ақжайық, Нарын қазаққа бұйырар ма еді, кім білсін. Тура айтпаса да Мұқағалидың «Ата Жайық» атты өлеңінде осы ойы анық байқалады:
Аймалап жатса, айдының аппақ
нұр сеуіп,
Сауығып қалам, сақалыңа анау
бүркеніп,
…Жалғызындай боп кешігіп келген
ененің,
Қоқысты тастап, қойныңа сосын енемін, – деп емін-еркін еркелеуінен біз соны аңғарамыз.
Отан – отбасынан басталады ғой. Ақынның Қарасаздан басталған Отанға деген махаббаты осылай­ша бірте-бірте кеңіп, биіктеп «Бұлғаса жаулық тауларым, таранса шашын талдарым, тербелсе ойда орманым, оралса гүлге жан-жағым» деп, Отанын Жерұйық келбетінде көргісі келсе, тағы бір айналғанда «Басқаның Жерұйығын неғылайын, Жерұйығы өзімнің қасымда екен» деп, балаша шаттанады. Енді бір сәтте құшағымнан шығармаспын деген осы ғажапстан – Жерұйығымды «Құшағыма сый­ғызбай, дәрменсіз ғып жаратты неге мені?» деп, тәңірге налығандай болады да, артынша «Саған деген махаббатым дамылдасын, тек сенің топырағыңды жамылғасын» деп қайта серпіліп, серт қайрайды.
Ақын туралы естеліктерде, зерттеулерде өмірінің қиындықтар мен кедергілерге көп тосылғаны, қыз­ғаншақ күншілдерден теперішті көп көргені жайында айтылады. Қоспасы көп сөздер. Әйтпесе, мұндайда адам әдетте жасиды, қамығады, ызаланады, аспан мен жер тарылғандай күй ке­шеді. Бірақ, Мұқағали поэзиясынан ондай жеке бастық реніш, өкпе әуені, күйректік сарын табыла қоймайды. Мүлде мұң жоқ демейміз. Мұңсыз ақын бола ма, бар, бірақ соның өзі аржағынан күн сәулесі сығалаған жеңіл бұлттай әсер қалдырып, еңсені езбейді. Айталық, адамға бауыр етің балаңнан жастай айрылғаннан артық қайғы болар ма. Соның өзінде ақын қандай шыдамды десеңізші:
Сары алтын дейді сабыр іс,
Тепкілей берме өкпемді.
Қыз деген құрғыр сағыныш,
Сағынту үшін кеткен-ді.
Бұлданба, жүрек, бұлданба, – деп өзін-өзі жұбатқан ақын өкініш пен сағыныштың адам жаратылысының ажырамас серіктері екендігін еске салады, тәуба барын ескертеді. Өмір – өзеннің ешқашан сарқылмас күш-қуаты алдында тірі пенденің бас июі парыз екендігін мойындатады.
Ақын жырларынан өмірге құштар­лықтың ыстық лебі есіп тұрады. Қай өлеңінен де күннің нұрлы сәулесін, шуақты жылуын, бұла даланың балауса иісін қолға ұстағандай боласың.
Өзіңді бұлтсыз ашық аспан астында жүргендей сезінесің. Осы нұрлы өмірде «егер бар болса, жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе, бүгін-ақ өліп кетер ме ем» дейтін ақын сөзі жалаң риторика емес, жүрегіндегі иманы екендігіне кәміл сенесің. Өзінің атақты «Моцарт – жан азасы» реквием-поэмасында жазғанындай, «Өмір деген бір күндік сәулеге» шексіз ғашық болып өткен ғой дүниеден. Алайда, ол осы ұлы махаббатын бұл­даған да жан емес. Қайта «қайран күн­дерім, асықпай қамсыз өткердім, ақымақтығымды апыр-ау, немен шектермін» деп тындырған істеріне көңілі толмайтындай да. Дей тұрса да, «Қолымнан келсе, қыста егін салуға әзірмін, келуін күтпей көк­темнің» деп, өзін-өзі қайрап та қояды. Тағы бірде «Ақынмын деп мен қалай айта аламын, халқымның өзі айтқанын қайталадым. Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп, өзін онан сайын кішірейте түседі. Туған елі оның әкесі де шешесі, шынайы жал­ғыз махаббаты ғой. Оған тигізер залалын айтып, ал­дын ала кешірім сұрағандай да. Сонда ақын не дейді? «Күн, ай, жұл­дыз болмайын, менің саған тигізер залалым сол – бір уыс топы-рағыңды ала кетем» дейді ақын.
Бірақ ақиық ақын М.Мақатаев туралы шағын сөзді бұлай аяқтаған жөн болмас. Өйткені, «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» ғой. Иә, шынайы мөлдір махаббат жау­апсыз қалмайды. Өзін ардақтаған туған жер, намысты халық, ұлы Отан ондай отты жүрек ұландарын ешуақыт ұмытпақ емес. Соны ақынның өзі де сезгендей-ау. «Болашаққа» атты өлеңінде:
Көремін, керемет бір күн кешемін!
Болашағым, сенімен бірге өсемін.
Мен сенің үніңменен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін,
Сауық құрам бойында бір көше­нің, – деген ғой. Алматыдағы өзі ерекше ұнатқан қалалық серуен бақтың дәл маңдай алдынан басталатын үлкен көше – М.Ма­қатаев атында. Дәл сол жерге ақын ескерткіші орнады. Поэзия алаңы, махаббат алаңы, жас­тық шақ қызық дәурен рәмізіндей боп М.Мақатаев рухы асқақтап тұр. Сөйтіп, Ер мен Елдің бір-біріне деген сүйіспеншілік құрметі мәңгі табысып, мызғымас биік тұғырға көтерілген.

Өтен АХМЕТ,
өнертанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =