БАСПАСӨЗ БЕРЕНСӨЗІМЕН БАҒАЛАНАДЫ

0 101

Keyboard-and-hands

Журналистика пайда болғалы бері ол не өнерге, не ғылым санатына жатқызылмай келе жатқанын қазір жұрттың бәрі біледі. Иә, журналистика – кәсіп. Креативті кәсіп. Қалай кестелесек те журналистика – қоғам үшін қажет мамандық. Керек десеңіз, мемлекеттің өзі журналистикасыз өмір сүре алмайды. Кез келген мемлекеттік саясат халықтың санасынан өткенде ғана жүзеге асатынын диалектикалық тұрғыдан ұғынатын болсақ, дәл осы жерде журналистиканың ролі мен орны онан сайын айшықтала түседі. Осы тезисті антитезис авторлары да басшылыққа алады. Бір анық, олар да журналистиканың құдіретіне жүгінетіні кездейсоқтық емес. Қарап отырсаңыз, баррикаданың екі жағында да журналистер тұр. Контрастқа толы кәсіптің көкжиегін қанша жерден тарылтқысы келгенімен де, ешкімнің де журналистермен ат құйрығын кесісуге дәті бармайды. Неге? Халық қапелімде құлақсыз қалар еді. Адамдардың ақпаратсыз өмір сүруі тіпті де мүмкін емес.

Баспасөздің басты миссиясы  –  шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Әлгі тезистің өзі ғана ақиқат бола алмайтыны бесенеден белгілі, сондықтан да ақиқат антитезис арқылы синтезге жету барысында анықталады. Сол синтезге апаратын сүрлеудің барлық бағыттарында журналистер жүреді. Біз бұл жерде оппозициялық басылымдарды айтып отырғанымызды оқырман біліп отырған болар. Шынында да әлгі синтезге жетуде ол газеттерге қысым жасап керегi жоқ. Шыға берсiн. Олар шулауға iлiк таба алмай отырған кейбір сәттерде әкiмшiлiк ресурстар оларды жабуға тырысады. Бұл – билiктiң өзiне зиян. Оқырманның қазір көзі қарақты, көңілі ояу. Ақ-қараны айыра білетін адам үшін ақиқатты өзі анықтағаны қоғам үшін әлдеқайда пайдалы дер едік. Сондықтан да антитезис ауадай қажет. Және де демократиялық қоғамда олар бізден сұрамайды да. Олай болса, жалпы журналистика өзінің басты миссиясын толық орындап отыр деп батыл айта алатынымыз хақ. Әрине, астын сызып айта кетер бір мәселе, ақиқатты бір басылым жалғыз өзі айтып отырмаған шығар, бірақ барлық басылымдарды бажайлау арқылы ақиқатты табу қиын емес. Ақиқатқа ұжымдық жолмен жетудің де өз артықшылығы бар. Мұнда объективті пікірге оқырманның өзі жететіні – ерекше құбылыс. Қазіргі қазақ журналистикасының жалпы картинасын осылай сипаттауға болар еді.

Десек те, қазіргі қазақ журналистикасының хал-ахуалы туралы салған жерден айтып кету – қиынның қиыны. Әрине, бұл қазақ журналистикасы әлі қалыптаспады дегенді білдірмесе керек. Керісінше, ұлттық журналистика өзінің көп палитралы кемел шағына қонғанына біраз уақыт болды. Дәл қазір оны бір арнаға түсіп үлгерген үлкен механизмге теңеуге болар еді. Дегенмен, уақыт талабы қашан да қатал. Сондықтан да болар, әлгі механизм қашан да унификацияны талап етіп отыратыны – заңдылық.

Журналистер арасында әзіл әңгіме бар: «Күн шықпаса да, «Егемен» шығады». Осы сөздің астарында журналистиканың өмірдің өзіндей қажетті қажеттілік екені анық байқалады. Қандай жағдай болғанда да, бұқаралық ақпарат құралдары өз жұмысын тоқтатпайтындығы көп нәрседен хабар береді. Сондықтан да ол өміріміз қандай болса, солай бейімделіп отыратыны да – айқын құбылыс. Әлгінде ғана айтқан унификация деп отырғанымыздың мәнісі осында жатыр. Анығы сол, бүгінгі картинаны көз алдымызға алып келу шегініссіз мүмкін емес. Логикалық тұрғыдан да. Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты тұрғысынан да.

Айтары жоқ, соңғы отыз жылда қазақ журналистикасы бір арнаға баяғыда түсіп үлгерген басқа өркениетті елдердің  баспасөзіне қарағанда талай тотанақты басынан өткерді. Сексенінші жылдардың  ортасында басталған   «пікірлердің   әр алуандығы»   деп аталатын горбачевщина бір құбылысты әртүрлі бағалауға әкеп тіреп қойды. Қатып қалған  жалғыз ғана пікірге құрылатын коммунистік журналис­тиканы неше түрлі бағыттағы медиа-холдингтер ауыстырғалы қай заман?! Бүгінгі таңда Қазақстанның ақпарат кеңістігінде үкіметтік, партиялық, олигархиялық, оппозициялық, салалық, жекеменшіктік және тағы басқа баспасөз құралдары бейбіт қатар өмір сүре бастады. Мемлекет мүддесін алдыңғы планда қорғайтын ресми газеттер реестрінің сақталып қалуы  билік позициясын әлсіреуден алып қалғаны бұқаралық ақпарат құралдарының шын мәнінде төртінші билік екенін айқындай түсті.

Мұның өзі тәуелсіздік туын тұғырға қондырған кезде, әсіресе, ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге мүмкіндік бергені сөзсіз. Баспасөз ұлтты ұйыстырды. Ұлт құдіреті бірлікте екенін баспасөз дәлелдеді. Қоғамды алмағайып өларада алдағы күнге сенімділікпен қарауды үйретті. Тоқсаныншы жылдары қазақ журналистикасы тарихымыздағы талай ақтаңдақтарды ашты. Ұлтымыздың өшкені жанып, жоғалғаны табылуына қазіргі қазақ журналистикасының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, осы жылдары қазақ публицистикасы өзінің шарықтау шегіне жетті десек, қате айтпаймыз. Алашордашыларды тарих сахнасына қайта шығарудан бастап социалистік қоғамдағы репрессия құрбандары туралы ащы шындықтарға дейін қазақ басылымдары жарыса жазған тұс осы болды. Мемлекеттік саясаттың ұлттық басымдыққа ие болуына да қазақ газеттерінің игі ықпалы болғанын қазір ұмытуға болмайды. Бір қуанарлығы, жас мемлекеттің басындағы барлық мәселелердің халықтық тұрғыдан жазылуына тек үкіметтік ғана емес, барлық қазақ тіліндегі алуан түрлі позициядағы газеттер де мұрындық болды. Тоқсаныншы жылдардағы қазақ газеттерінің ұлттық тақырыптарды корпоративтік рухта ауызбіршілікпен жаза білгендігі тек қана халықтың еңсесін көтеріп қойған жоқ, сонымен бірге алға жылжуымыздың бағдаршамындай болғаны рас.

Жалпы, біз өз ұлтымыздың басынан өткен сан қилы зауалды жақсы білеміз. Дей тұра, дербес мемлекеттікке қол жеткізе алмай зарлаған үш ғасырлық кіріптарлық көп құндылықтарымыздан айырылуымызға әкелгенін біле тұра, қазіргі тәуелсіздігіміздің критерийін әркім өзінше бағалаған кез де болғаны шындық. Бұл, әсіресе, оппозициялық басылым беттерінен анық көрінді. Енді кез келген адамды да, кез келген құбылысты да қаралағысы келсе — қаралай салатын, ақтағысы келсе — ақтай салатын «сары баспасөз» сахнаға шықты. Диалектикалық материализм тілімен кестелесек, антогонистік емес қарама-қайшылықтар дегеніміз осы шығар, бәлкім?! Қысқасы, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары баяғы біз отыра қалып, ит терісін басына қаптайтын буржуазиялық баспасөзге айналғаны ақиқат. Ат төбеліндей азғантай ғана топтың мүддесін қорғайтын осындай баспасөзді қалай атауға болады?

Сондықтан да азат мемлекеттігімізді, шекаралық тұтастығымызды, әлеуметтік бірлігімізді сақтау мен нығайтудың, экономикалық іргетасымызды бекітудің зіл батпан салмағы атқарушы биліктің иығына түсіп тұрғанын тек мемлекетшіл баспасөз ғана халыққа дұрыс түсіндіре алды.  Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынасы елдің үкіметтік БАҚ (жалпыұлттық газеттер мен жергілікті басқару органдарының басылымдары)  арқылы жүзеге асатынын ескерсек, олардың көп қырлы қызметіне тұтас қоғамның түсіністікпен оң ықпал етуіне жол ашылғанын топшылау қиын емес. Осы газеттер беттерінде халық өз ұсыныстарын нақты айту арқылы мемлекеттік басқару ісіне араласуын  қамтамасыз ете білетіні айтпаса да түсінікті.

Қазақ журналистикасының осы кезең ішінде тағы бір бағындырған белесі деп нарықтық экономика канондарын халыққа түсіндіру болды. Бұл өтпелі кезеңде оқырманның нарықтық экономика туралы таным-түсінігін  кеңейтуге деген талаптан туындады. Аталмыш тақырыпты да қазақ журналистері біршама меңгерді. Біздің қоғамда бұл тақырыпты орыстілді журналистер терең қаузайды деген пікір қалыптасқан. Бұған өз басым қарсымын. Экономика тақырыбын орыстілділердің үңгiп, зерттеп жатқаны да шамалы. Сосын мына бір мәселеге назар аудару керек. Қазақстанда экономикалық талдау материалдардың бәрi тиісті құрылымдарда мемлекеттік тілде емес, ресми тiлде жазылады. Бұл орыс журналистеріне  “дайын асқа – тік қасық” деген принциппен жұмыс істеуге мүмкіндік бередi. Олар өз кезегінде материалды тек газеттiң стилiне бiршама келтiрiп, басылым бетiне жариялайды. Көбінше техникалық жұмыс атқарады. Ешқандай креатив жоқ. Ал, бiздің жұмысымыздың тотанағы бастан асады. Қазақ журналистерi орыс тiлiндегi экономикалық сараптамалардың табиғатын әуелi түсiнiп алуы үшін уақытын кетіреді, бұл – бiр барьер. Содан соң қазақшаға аудару қажет, бұл – екiншi барьер. Үшiншiден, оны қазақтың менталитетiне ыңғайлап, қазақ оқырманы түсiнетiндей деңгейде жазып шығу керек. Сондықтан да экономика тақырыбында жазатын қазақ журналистерінің жұмысын лайықты дәрежеде бағалайтын кез әлдеқашан келді.

Күндіз де, түнде де ұлт болашағы үшін ұйықтамайтын  журналистердің бөлек бір буыны бар. Ол буын — жиырмасыншы ғасырдың төртінші ширегіндегі өтпелі кезеңде журналист болып нан тапқан біздің буын. Олар айырмашылығы жер мен көктей екі түрлі журналистиканы жалғап тұрған алтын көпірдей көрінеді маған. Пақырлардың пешенесіне «тауларды аласартпай, даланы жаңғырту» миссиясы жазылыпты. Олар кеше ғана социализмнің сойылын соғып, сыбызғысын тартса, бүгін капитализмнің қамытынан қашып құтылмайтынына көз жеткізіп, күйін күйттеуде. Бұл құбылысты сатқындық категориясына өз басым жатқыза алмаймын. Адам қоғамнан қалай тыс өмір сүре алмаса, журналист те сол қоғамның құлдығынан қалай қашып құтылар еді?!

Баяғыда қаламын тістеп отырмаса, шабыты келмейтін сол жайсаңдар компьютер деген кереметтің құлағын шертуді үйренуге мәжбүр болды. Бұрын «жасампаз совет адамының» жан дүниесін зерттеген олар енді қалталы  қазақтардың мүддесін  қорғауды үйрене бастады. Жоспарлы экономиканың жа­уыр болған цифрлары мен проценттеріне шайтан аяғын сындырып жатқанда да сыр бермейтін социалистік баспасөз жауынгерлері қазір макроэкономис­тер мен менеджерлерді сүріндіретін құйтырқы сұрақтар қойып, сұхбаттаса беретін болды. Бір журналистиканы табиғаты бөлек басқа бір журналистикаға айналдырып жіберген осы буынды алтын көпірге теңеп отырғаным да сондықтан.

«Көне» журналистиканың кейбір канондарын саналы түрде сақтап қалған қазақ баспасөзі қазір өзінің техникасы мен технологиясын жаңартып үлгергенімен адами фактор мен мемлекетшілдіктен ауытқи қойған жоқ. Олай дейтінім, арзан ақпарат үшін аяғынан таусылып, күн ұзаққа жүргенде жүз жол жазбайтын «диктофонный журналистерге» қарағанда Адам туралы толғайтын және Ұлт болашағын ойлайтын туындыгерлер әлі де баршылық. Мен, ең алдымен, осыған қуанамын.

Алайда, мұның бәрі енді бір жиырма жылдан кейін тарих қойнауына кіріп, ұмытыла бастауы да мүмкін-ау. Қазір болып жатқан құбылыс көз алдыңнан тасалана берген сайын көңілден де кете бастайтыны – диалектикалық заңдылық. Біз қаласақ та, қаламасақ та журналистиканың табиғатын гуманитариядан технократицизмге бұру басталды. Бұл «соғыста» енді бәрібір солар жеңіске жетпей қоймайды. Урбанизацияның қатал заңы сентиментализмді осылай таптай бермек. Қазақ мерзімді баспасөзінің бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары туралы соңғы кездері жиі айтыла бастады.  «Нұр медиа» холдингіне қарасты біраз газеттердің порталдық нұсқаларға көшірілуі бұл әңгімені онан сайын ушықтыра түскені рас. Әлемде бұл үрдістің көптен белең алғаны тағы белгілі. «Вашингтон пост» газетін қазір сатып алушылар өте аз. Есесіне оның сайттық нұсқасын күніне 5 миллион адам оқиды. WWW – нағыз әлемдік шырмауық екенін түсінетін кез әлдеқашан келді! Әлемдік заманауи жаңалыққа ілесетін уақытымыз туды! Бірақ, біздің буынның оқырманы тасқа басылған қағазды қолына ұстап отырмаса көңілі көншімейді! Дәл осы жерде есіме «Москва слезам не верит» фильмі түсіп отыр. Есіңізде ме, оператор жігіттің айтқаны? Олай болса, кез келген өнер құрып кетеді дегенге өз басым сене бермеймін. Газет те қанша жерден кәсіп дегеніңмен өнерге жатады. Өнердің элементтері онда толып жатыр. Сондықтан да газет құрып кетеді деген әңгімеге әзірше мотивация көріп тұрған жоқпын. Дегенмен, ойланатын мәселе баршылық.

Тарих үшін жиырма жыл деген не, тәйірі! Болмашы ғана сәт. Сол бір өзіңе аса қымбат та, қазыналы сәтті ұстап тұру мүмкін емес. Баспасөз  баррикадасының  басқа  басындағылар бізге жақындап келіп қалды. Екі бірдей формацияның құқайын көрген алтын көпір журналистикасының өкілі ретінде қазақ журналистикасының соңғы жиырма жылдағы тігінділері осы кезеңнің барлық қарама-қайшылығын көз алдымызға әкелетініне сенгім келеді. Әрине, біз бұл мақалада Тәуелсіздік алғалы бергі ұлттық баспасөздің тарихына шолу жасауды алдымызға міндет етіп қоюдан аулақпыз. Бұл журналистика тарихымен айналысатын ғалымдарымыздың айтар әңгімесі болса керек. Мен бүгін қазақ баспасөзіндегі негізгі проблемаға кеңірек тоқталғанды жөн көрдім. Қазақ газеттерінің таралымы неге аз? Қазақ газеттерінің неге беделі төмен? Осы сұрақтар мені ерекше мазалайтынын жасыра алмаймын. Маған студенттер «Қазақ басылымдарының арасында жікшілдік бар ма?» деген сұрақты жиі қояды. Қазақ басылымдарының таралымы аз болып отырғанда, қоғамдық пікірге ықпал етіп отыр деп айту қиын. Белгілі бір деңгейде әсері болуы мүмкін. Алайда, ауыз толтырып айтатындай ықпалы жоқ. Ықпалы болмағаннан кейін  жікшілдік қайдан болсын. Ал тікелей отандық журналистикада топтық мүдделердің төңірегіне топтасқан  басылымдар бар екені анық. Бұл — белгілі бір қаржылық топтардың, медиа-магнаттардың, жеке бақуатты тұлғалардың  мүддесіне қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралдары. Олардың арасында белгілі бір мүдделерге қатысты қарама-қайшылық туындап, бір-бірімен астыртын күрес жүргізіп жататыны – бесенеден белгілі жәйт. Ендеше, жікшілдікті осы төңіректен іздеген дұрыс.

Осыдан жиырма жылдан астам  бұрын “Арай”-“Заря” деген журналда бас редактор болып отырған кезде Әшiрбек Көпiшев ағамыз теледидардан берген сұхбатында “Газет-журнал дегенiмiз – тауар” деп айтып қалды.  Сол кезде «тауары несi, газет дегенiмiз рухани азық қой» деп айтқандар жыртылып айырылды. Адам психологиясы – өте қиын құбылыс. Тың ойды тітіркеніп қабылдайды. Ал, қазір нарық заманының канондарына біршама бағынып қалған халық газеттiң тауар екенiне көзi жетiп отыр. Ендігі жерде баспасөздің төңiрегiнде жүрген бәріміз де осы тауа­рымызды қалай өткiзудi ойластырып, соның жолдарын қарастыруымыз керек. Осы жағына әлi де енжар екенімізді мойындауға тура келеді. Бiздiң елiмiзде газет рыногы қалыптасқан жоқ. Оның өзi – бiрте-бiрте логикалық жолмен жүретiн нәрсе. Экономикалық жағдай жақсарғаннан кейiн де орыстілді газеттерге қызығушылық басым. Қазақ газеттерiнiң рыногке батыл кiре алмай жатқанының нақты объективтi себебi қазақ оқырмандарының аздығынан көрінеді. Ауылдағылардың ақшасы жоқ, шаһардағылардың қазақ баспасөзiне қызығушылығы шамалы. Қала қазақтарының көбi өзiнiң менталитеттерiне жақын орыс газеттерiн алуға бейiм тұрады. Қазақ газеттерiн автомат тiреп тұрып алдыра алмайсың. Дегенмен, қазақ тiлiне бет бұрып жатқан қала қазақтары да бiршама. Ендi бiр 10 жылдан кейiн қазақ газеттерінiң таралымы көбейедi деп ойлаймын. Мысалы, апталық газеттер 20 мың дана тираж алса, ол газеттiң болашағы жаман емес. Таралымы аз газеттердiң, шынын айту керек, еңбегi зая кетiп жатыр. Жергiлiктi әкiмдiктердегi баспасөзбен айналысатын адамдар әлi стереотиптен шыға алмай отыр. Баспасөзге жазылу бұрынғыша ескі дағдымен, әкімшілдік-әміршілдік әдіспен жүзеге асырылады. Мониторинг жүргiзіліп, оқырмандарға ешқандай бағыт-бағдар беріп жатқан ешкім көрінбейді. Облыстық және аудандық газеттерге жаздырсақ, жарап жатыр деп ойлайды. Сөйтіп, халықтың көзiн ашатын басқа да са­уа­тты газеттер таратылмай қала бередi. Сондықтан республикалық газеттерге жергiлiктi жерлерде мониторинг жас­ап, қоғамдық таратушыларға бағыт-бағдар берген жөн. Мысалы, мектептерде, кәсiпорындарда республикалық газеттердiң әрқайсысымен жеке таныс­тырып, ұстанымын, бағытын көрсетiп отырса дейсің. Алайда, бұл жұмыстарды газет өзі жүргізбесе, оны атқаруға ешкім де мүдделі емес. “Біреудің жоғын біреу түйеге мініп жүріп іздейдінің” кебі. Мен “облысымыздың халқы пікір алуандығын қалыптастырсын, әр түрлі газет оқысын” деген әкім-қараны естіген емеспін. Мұның бәрі нондалып қалған нәрсе екеніне көзім жеткен соң айтып отырмын. Олар жаңа газеттерді қолдамақ тұрмақ, сенің газетіңе жазылғалы тұрған адамның өзіне тоқпақтап жүріп өзінің облыстық газетін өткізіп тынады. Ал, бір газеттен артық жазылуды қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Қазақ газеттерін Қазақстанда рыногке шығару машақатын француздар өліп жейтін шаянды өзбектің базарына шығарып, “алың, алың” деумен бірдей. Жабайы түсіндірсек, осылай. Қысқасы, өзбектердің шаянды сатып алғысы келмейтіні сияқты қазақтардың да өз тіліндегі газетті оқуға құлқы болмай отыр. Сырнайлататын ештеңе жоқ, төтесінен тартсақ, осы әңгіме жетпіс пайыз шындыққа саяды. Бұдан кейін Қазақстанда газет рыногы қалыптасты деп кесіп айту қиын. Сондықтан да әр газет менеджмент пен маркетингті мықтап қолға алуы қажет.

Қорыта айтқанда,  бізге газет ісінде үлкен реформа керек! Жоғарыда айтқан ұйымдастыру мәселелерінен де маңызды проблема – газет контентін жоғары дәрежеге көтеру. Басылымдарымыздың мазмұнын байытпай «ел қазір газет оқымайды» деген байбаламымыз да негізсіз болар еді.  Ең алдымен, жылтыр сөзді құрту керек. Қазір ой керек! Қысқа сөздің қауызына әп-әдемі қондыра салатын ойды меңзеп тұрмын! Ой болғанда да ешқайда бұра тартпайтын ортадағы ойды айтамын. Баспасөз қашан да жылтыр сөзімен емес, беренсөзімен бағаланады. Белгілі бір мәселені бүге-шігесіне дейін түпкілікті зерттеу материалдарға құрылған бір номердегі  үш айқара беттен тұратын  «Айқара» деген жеке газетімді өз серіктестеріммен бірігіп шығару арқылы қазіргі заманауи газеттің бет-бейнесі қандай болуы керектігіне өз қал-қадірімізше барлау жасап көрген едік. 2008 жылы 23 номері ғана шыққан осы басылымды жұрт жаман қабылдаған жоқ. Сол газеттің концепциясын қазіргі мерзімді баспасөзге ұсынар едім. Шын мәнінде қазіргі заманғы газетте жаңалық жариялап берекет таппайсың. Газет структурасы біздің заманымызда танымдық-сараптамалық мақалаларға құрылуы керек. Сонда ғана біз газеттерді қорғап қала аламыз. Сонда ғана біз басқалармен бейбіт қатар өмір сүру құқына ие боламыз!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды