Баспасөз бен тележурналистиканы тел емген

0 119

Қазіргі журналистердің көбісі газеттен гөрі телеарнада жұмыс істегенді қалайды. Әрине, баспасөз бен тележурналистиканы тел емгендері де бар. Әсіресе, аға буын арасында. Соның бірі – осы екі саланың ыстығына да, суығына да төзіп келе жатқан тәжірибелі журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, журналистер арасындағы бірнеше шығармашылық байқаудың жеңімпазы Ғалым Омарханов. Оның журналистік жолының басталғанына қырық жылға жуықтады. Осы аралықта қарапайым тілшіліктен бастап, басшылық қызметтерді атқарды. Қазір «Қазақ газеттері» ЖШС-інің Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі болып отырған Ғалым Орынбасарұлы алпыстың асқарына шықты.

НАРМАХАН АҚЫННЫҢ МЕКТЕБІ

Бесінші сыныпта оқып жүргенде сөз өнеріне әуес­тігі оянды. Жазғандарын республикалық «Қазақстан пионері» мен аудандық «Ордабасы оттары» газеттеріне жіберетін. Мақалалары осы екі басылымда кезекпе-кезек жарияланып жататын. Жазу-сызуға ебі жақсы екенін байқаған аудандық газеттің сол кездегі бас редакторы, белгілі ақын Нармахан Бегалиев журналистика әліппесін үйретіп, бағыт-бағдарын айқындап берді. Ғалым мектепті бітірген соң, Алматыға аттанды. Бірақ алғашқы жылы ҚазМУ-ге (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) түсе алмады.
Ол уақытта журналистиканы оқытатын жалғыз оқу орны осы болғаннан кейін, конкурс сұмдық болып жататын. Бір орынға қаншама абитуриент таласатын. Ғалымның сол кезде жолы болмады. Әйтпесе білімі жеткілікті еді. Бірақ еңсесін түсірген жоқ, туған жеріне қайтып оралып, аудандық газетте, Нармахан ағасының қол астында жазуын шыңдады. Бастапқыда корректор болды. Одан тілшілікке ауысты. Бір жарым жылдан кейін Алатау­ды қайтадан бетке алды. Бұл жолы бағы мен бабы келісіп, студент атанды.

КЕРЕКУДЕГІ КҮНДЕР МЕН ЖЫЛДАР

Бірге оқуға түскен қыз-жігіттер сайдың тасындай іріктелгендей еді. Кейіннен бұл курстан екі министр, Парламент депутаттары, ондаған редактор, елге белгілі ақын-жазушылар шықты. Бірнешеуі қазір белгілі, белді басылымдардың тізгінін ұстап отыр. Ал Ғалым Омарханов университетті бітірген бойда бүгінгі танымал журналист, сенатор Нұртөре Жүсіппен бірге Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне жолдамамен жіберілді.
Иә, кеңес заманында дипломды енді қолына алған жас маманда таңдау еркі болмайтын. Орталық комитет жолдаманы қайда жазып береді, сол жаққа аттанатын. Оңтүстіктің жігіті осылайша солтүстікке топ ете қалды. Сол жерде отыз жыл әртүрлі қызмет істеді. Газетте тілшіден бөлім меңгерушісі қызметіне көтерілді. Кейіннен Павлодар облыстық телерадиокомпаниясына шақырылды. Осы жерде бас редактордың орынбасары, бас редактор болды. Екі жылдай облыс әкімдігінде консультант-бас маман болып жүріп, мемлекеттік қызмет те істегені де бар. Журналистикаға қайтып оралып, «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі, «Қазақстан-Павлодар» телекомпаниясы директорының орынбасары қызметтерін жемісті атқарды.ТЕЛЕСТУДИЯ ТІЗГІНІ НЕМЕСЕ БАС ҚАЛА БАСЫЛЫМЫНДА

Ал елдің жаңа астанасына 2004 жылы арнайы шақыртумен келді. «Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бұрынғы ректоры Сәрсенғали Әбдіманапов пен «филология» факультетінің сол кездегі деканы, оқу орнының қазіргі проректоры Дихан Қамзабекұлы мені астанаға шақырды. Олар «Сіздің тәжірибеңіз бар ғой, телестудияда студенттер үйренетіндей, тәжірибе алатындай жұмыстарды жолға қойып берсеңіз» деген өтініш айтты. Осы жаққа содан кейін келіп, телестудия тізгінін ұстадым» дейді кейіпкеріміз.
Одан «Астана ақшамы» газетіне ауысты. Иә, Ғалым Омархановтың қолтаңбасы бас қаланың бас басылымында да қалды. Газеттің сол кездегі бас редакторы Нұртөре Жүсіптің орынбасары болды. Кейіннен газетті басқарған белгілі ғалым Амантай Шәріппен де жұмыс істеді. Осында жүргенде туған жерінен шақырту келді. Отыз бес жыл сыртта жүрген азамат ойланбастан соны қабыл алды. Оған жай емес, «Қазақстан» РТРК АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметі сеніп тапсырылды.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕНДЕ

Бұған дейін оңтүстік халқы көршілес Өзбекстанның телеарналарын көретін. Қария­лар өзбектің киноларынан әбден запы болып, оның үстіне ұрпақтың тілі өзбек тілінің әсерінен шұбарланып бара жатқанын байқап, наразылықты көп білдіретін. Ғалым Омарханов облыстық телеарнаға келгеннен кейін жағдай түзеле бастады. Ақыры өңір халқының 97 пайызының жергілікті қазақ телеарнасына қолы жетті. Сол мақсатта 14 елдімекенде хабар таратушы құрылғылар орнатылды. Әрине, мұның бәрі облыстың сол кездегі басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей қолдауымен жүзеге асты.
Ғалым Орынбасарұлының өңірдегі жемісті еңбегінен кейін телекорпорация басшылығы оны астанаға алдырып, басқарма төрайымының аймақтар бойынша орынбасары қызметіне тағайындады. Телеарнадан қайтадан газетке оралып, күні кешеге дейін «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы болды. Одан кейін қазіргі қызметіне келді.

ТҮРЛІ БАСЫЛЫМ БАСЫН ҚОСҚАН

«Қазақ газеттері» ЖШС құрамына қазіргі кезде «Ана тілі», «Ұйғыр авази», «Экономика» газеттері мен «Ақиқат», «Үркер» және «Мысль» журналдары кіреді. Елордада осы басылымдарға жазылымды ұйымдастыру, басқа да жұмыстар Ғалым Омархановтың міндетіне жатады. Әрине, оңай іс емес, бұған мықты менеджерлік керек. Телеарналарды басқарғанда онысын көрсетті. Әлі де көрсетіп келе жатыр.

ҚАЛАМ АРҚАУЫ – АСТАНА

Қаламға келсек, дәстүрлі журналистикадан бөлек әдебиетке де бейімі бар-ды. Жас кезінде сатиралық әңгімелерді жазатын. Студент күнінде әңгімелері «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Кейіннен таза журналистикаға көшті. Бұл да жеміссіз емес. Екі жыл бұрын астананың 20 жылдығына арналған материалдар топтамасымен «Үркер» ұлттық сыйлығын иеленді. Мұның сыртында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» секілді ірілі-ұсақты байқауларда топ жарды.
Астана туралы көп жазған бір адам болса, бұл – журналист Ғалым Омарханов. Сөзіміз жалаң болмас үшін «Аудармаға абай болған абзал» атты бір мақаласынан үзінді келтіре кетейік.
«Ең бастысы, көшелердің аудармасына аса сақ болған жөн. Мысал ретінде айтайық, көшенің орысша атауы «улица Омарова» деп жазылды дейік. Қате емес, дұрыс. Енді осының қазақшасы «Омаров көшесі» деп жазылуы керек қой. Мемлекеттік тілді түсінбейтіндердің кесірінен бе, жоқ әлде соны дайындағандардың салдыр-салақтығынан ба, қазақша аудармасын да сол күйінде «Омарова көшесі» деп жаза салады. Ер кісі әйел адамға айналып шыға келеді» дейді автор.
Бұдан соң тағы бір проблеманың ұшын шығарып, мақаланы түйіндейді. «Көше дегеннен шығады, Астанада атауы қайталанатын көшелер де аз емес. Абай даңғылы бар. Абай қысқа көшесі бар. Абайдың 150 жылдығына берілген көше бар. Ұлы Абайға қанша көше берсек те артық емес шығар, бәлкім. Бірақ, астаналықтар мен елорда қонақтарын шатастырғаннан басқа мұның қандай пайдасы бар?! Александар Затаевич көшесі бар, Александр Затаевич қысқа көшесі бар. Атбасар көшесі бар, Атбасар қысқа көшесі бар. Мұндай мысалдар көп.
Сондықтан тиісті мекемелер мен комиссиялар осының бәрін реттеуге мән берсе дұрыс болар еді. Өйткені бұл ұсақ-түйек емес, бәрімізге ортақ, өте маңызды мәселе» дейді ол. Осы жерде автормен келіспеске амалымыз жоқ. Себебі бұл әлі де өзекті, күн тәртібінен түскен жоқ.

 

ҚАЖЫМҰҚАН ЖАТҚАН АУЫЛДАН – БАЛУАН ТУҒАН ЕЛГЕ

Осы материалды жазарда тақырыбын «Қаламның «Қажымұқаны» деп қоямыз ба деп ойлағанбыз. Бірақ кейіннен бұл тым әсірелеу болып шығатын шығар деген ой да келді. Себебі қызыл сөзден, артық мақтаудан халық шаршады. Қазір кейбір адамдардың мақтауын асырып жіберіп, «ұлы» деңгейіне жеткізіп жүргеніміз өтірік емес. Ғалым Омархановқа мұның керегі жоқ. Қанша қызмет істесе де, қарапайым қалпын сақтап келе жатыр.
Ал әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлын бекерден-бекер ауызға алып отырған жоқпыз. Арқада туған Қажымұқан кейіннен оңтүстікке қоныс аударып, сол жақта мәңгілікке дамылдады. Ғалымның кіндік қаны балуан жатқан сол Темірлан ауылына тамды. Қажымұқан жатқан ауыл атымен де әйгілі Темірланнан соның әсерімен талай балуандар шықты. ­Ғалым Омархановтың өзі де кезінде күреспен айналысты – қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат.
Қажымұқан жатқан ауылда туып, тағдырдың жазуымен балуанның кіндігі кесілген елде жүрген журналистің, жалпы журналист ретінде солтүстікте қалыптасып, жұртқа танылған тұлғаның алар асуы әлі де мол деп есептейміз. Тек Алла ұзақ ғұмыр берсін дейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =