БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

0 324

888

Кез келген адам отбасын құрғаннан кейін жеке баспанасы болғанын қалайтыны анық. Әсіресе, жастар үшін тұрғын үйлі болу – арман. Бірақ адамдардың бәрі бірдей баспана сатып алуға қалтасы көтере бермейді. Үйдің бағасы шарықтап тұрған Астана секілді қалада бұл тіптен күрделі мәселе. Бірақ мемлекет жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етудің жолдарын қарастырып жатыр. Соның бірі – «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы екені белгілі. Көптеген бағытқа бөлінетін бағдарламаның «Жас отбасы» санаты бойынша құжаттар қабылдау елордада биыл 2-14 маусымда жүргізіліп, тиісті комиссия барлық талап үдесінен шыққан 5 076 жас отбасыны бағдарламаға қатысуға жіберіп те қойды.

Бұл бағдарлама басқалардан өзгерек

Алдыңғы бағдарламадай емес, биыл мемлекеттік бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Бұл толықтырулар «Жас отбасы» бағыты бойынша өтініш берушілерге қойылатын талаптарға да қатысты. Айталық, бұрынғыдай ерлі-зайыптылардың екеуі де 29 жастан аспауы керектігінен басқа, өтініш беру сәтінде тіркелген неке кезеңі екі жылдан кем болмауы керек. Ал отбасының құрамына ерлі-зайыптылардың өздері, сондай-ақ олардың кәмелетке толмаған балалары мен жұмысқа жарамсыз ата-аналары кіреді. Бұл не үшін қажет? Себебі, отбасы мүшелерінің саны болашақ пәтердің шаршы метрі көлемін анықтағанда керек болады. Әр отбасы мүшесіне 15 шаршы метрден есептелетін болады. Айталық, отбасында 3 адам болса, олардың тапсырған пәтерінің ауданы 45 шаршы метрден кем болмауы тиіс.

Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың атында жылжымайтын мүлік болмауы және соңғы бес жылда атында баспана тіркелмеген болуы қажет. Егер оларда қандай да бір жекеменшік пәтері болса, онда бағдарламаға қатыса алмайды. Бірақ бұл ата-анасының пәтеріне меншіктік құқы бар жастарға қатысты емес. Жылжымайтын мүлікке үлестік меншігі – бағдарламаға қатысуға кедергі келтірмейді.

Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы отбасының жыл сайынғы жиынтық таза табысы, зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және ерлі-зайыптылардың соңғы алты айдағы шығындары да есепке алынды. Міне, осындай талаптарға сәәкес келген астаналық 5 мыңнан астам адам биылғы бағдарламаның қатысушысы атанып отыр.

Ұпайы көптер үйлі болады

Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу жинақтаған ұпайлары, яғни балдары бойынша жүргізілетін болады. Мұнда ең бірінші жас отбасылардың балаларының саны есепке алынады. Ең жоғарғы балл да балаға беріледі. Бірінші балаға – 20 балл. Одан кейінгі екінші, үшінші баланың әрқайсысына 30 балдан есептеледі. Демек, кімнің баласы көп, сол баспаналы болуы әбден мүмкін.

Екінші, Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен тізімге сәйкес, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрінензардап шеккен немесе мүгедек болып табылатын отбасының әр мүшесі үшін – 10 балл қосылады. Бағдарламаның аталмыш бағыты бойынша бұған дейін мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан, бірақ пәтер алмаған үміткерлер (2007 жылдан бастағандар) қосымша 5 балл алуға құқылы.

Жетім-балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын, 29 жасқа толмаған, ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айрылған ерлі-зайыптылардың әрқайсысы үшін – 10 балл.

Осылайша, балының саны бойынша басқалардан озған үміткерлер үйлі бола алады.

Конкурстың қорытындысы тамыз айының соңына жоспарланып отыр.

Алдымен жалға аласыз, сосын сатып аласыз

Бағдарлама аясында берілетін пәтерлер алдымен жалға беріледі. Кейін тұрғын үйді сатып алуға болады.

Енді қолжеімді баспананы сатып алу мүмкіндігімен сатып алу шарттарына тоқтала кетейік.

Сатып алу мүмкіндігімен жалға алу мерзімі – 15 жыл. Қоныстанар алдында үйді жалға алушы банкте шот ашып, оған міндетті кепілдік жарнаны құюға тиіс. Оның ең төменгі шегі – 28 620 тенге. Қоныстанушы алғашқы 8 жыл бойы осы қаржыны, оған қосымша шыққан коммуналдық төлемдерді төлеп отырады. Сегіз жыл өткеннен кейін кейін немесе пәтер құнынан 50 пайызын жинақтағаннан кейін баспана жалға алушының меншігіне өтеді. Үй құнының қалған 50 пайызы меншік иесіне 15 жылға 4 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен берілетін болады. Қазіргі есеп бойынша бұл ай сайын 18 900 теңгеге шығып отыр.

Жалға алушы міндетті жарнаны ай сайын уақытылы төлеуі керек. Әйтпесе, алдын-ала жасалған келісімшартта көрсетілгендей, пәтерді босатуға тура келеді.

Сонымен қатар, пәтер иесі қаржылық жағдайына қарай ауданы үлкен немесе кіші арендалық баспанаға көшуге, 10 жыл өткен соң арендалық баспананы қалған ақшасын төлеп сатып алуға, табысы жетпеген жағдайда отбасы мүшелерінің табысын тартуға құқылы.

P.S. Газетіміз қатталып жатқанда, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының «Жас отбасы» бағытына қатысты жақсы жаңалық жетті. Бүгінге дейінгі талап бойынша, бағдарламаға қатысушылар төлем қабілеттерін растауға тиіс болатын. Енді бұл талап алынып тасталды. Жастарға жеңілдік жасауды жөн санаған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ осындай шешім қабылдапты. Тек пәтерді жалға алушы банкке өтініш бергенге дейін 6-12 ай ішінде жинақтау салымдарын ай сайын уақытылы салып отырса болғаны. Ол үшін іріктеуден өткен азаматтар алдын ала банктен шот ашып, қаражатын жинақтай беруі керек. Мәселен, аумағы 60 ш.м, жайлылығы 4-сыныпты екі бөлмелі пәтердің бағасы 6 000 000 теңге десек, оған Банк ұсынған ай сайынғы міндетті салым – 31 800 теңге. Егер 6 ай бойы бұл сома толық әрі тұрақты салынып отырса немесе мерзімінен бұрын төленсе, онда бағдарламаға қатысушыға төлем қабілеттілігін растаудың қажетттілігі жоқ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =