Баспана қолжетімді болсын десек…

0 39

Әлеуметтік даму қарқынының үдеуі мен өмір сүру деңгейі біртіндеп жоғарылауына сай, тұрғын үй құрылысы да қарқын ала түсетіні белгілі. Өйткені тұрғын үй мәселесі тұрғындардың өмір сапасына қатыс­ты болып қана қалмай, елдің экономикалық дамуымен, әлеуметтік тұрақтылығымен де байланысты. Сондықтан баспана мәселесін шешіп, тұрғын үй саласын дамытудың мақсаты да халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, тұрғын үй нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу, сондай-ақ ұлттық экономиканың дамуына дем беру болып саналады.

Қазақстанның тұрғын үй саласы 20 жылдық дамуды бастан кешірді. Қала, аудандарда көптеген тұрғын үй кешендері салынып, Үкімет жұрттың қажетін қанағаттандыруға тырысқанымен, баспана мәселесі – Қазақстанда әлі де өзекті тақырып. Ел тұрғындарының тұтыну өресімен салыстырғанда, үй бағасының қымбаттығы, табысы төмен және орташа отбасылардың көптігі, жастардың баспана сатып алуға экономикалық қуатының жетпеуі, банк өсімінің жоғарылығы бұл мәселенің ойдағыдай шешілуіне көлеңкесін түсіріп тұрғаны да көпке мәлім. Деректерге сүйенсек, тек елорданың өзінде 48 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр, енді бұған үй кезегіне де тұра алмай, жыл – он екі ай үй жалдап, қиналып жүрген отандастарымызды қоссақ, бас қаланың өзінде баспана мәселесі басты тақырып екені бірден көзге ұрады.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын жалғыз банк. Әрине, басқа банктер арқылы да үй алуға болады, алайда олардың несие өсімі өте жоғары болғандықтан, көп адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да үй алуға құлшынған азаматтардың көбі алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жағалайды.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың мәліметіне қарағанда, қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 208 мыңнан астам тұрғын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» алғашқы жарнасын жинап жатқан көрінеді. Банк белгілеген тәртіп бойынша, тұрғын үй жинаған балдарға сәйкес бөлінеді. Балдар депозитті толықтыру жүйелігінен және ТҚЖБ-да депозит мерзімінен құралатындықтан, салымшының депозит ашқан уақыты ұзақ әрі жинаған қаржысы молайған сайын соған сәйкес балы да жоғарылайды. Соңғы жылдары елімізде «Нұрлы жер», «Өз үйім» бағдарламасының атқарылуы төмен кірісті отбасылардың баспана мәселесін шешуге көп септігі тигені де рас. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай
Көлгінов «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында «Біз шетелдік тәжірибелерді де қарадық. Мысалы, Лондонда да қолжетімді баспанаға кезек бар, Мәскеуде де солай. Бірақ біздікіндей бағдарлама көптеген мемлекетте жоқ» деп атап көрсеткен болатын. Дей тұрғанмен тұрғын үй саласындағы қиыншылықты тек Үкіметтің жеңілдік саясатына ғана сүйеніп шешуге болмайды, керісінше, баспана мәселесін шешудің халыққа тиімді басқа да жолын қалып­тастырып, оны жыл сайын кемелдендіріп отыру керек сияқты.
Біздің ел қарызды Қытайдан алғанымен, тәжірибені Еуропадан алуды дағдыға айналдырған. Жоғарыда айтылған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тиімді сая­саты да Еуропа елдерінің үлгісі. Алайда бұл әлемдегі ең тиімді әрі ең өсімі төмен тәсіл емес. Себебі Жапония­да үй несиесі 2 пайызбен берілсе, Қытайдың «Тұрғын үймен қамтамасыз ету қоры» әдісінің де артықшылықтары көп.Қытайда банк арқылы үй алудың 2 жолы бар, оның бірі 7 пайыз өсіммен берілетін бизнестік кредит болса, екіншісі – өсім мөлшері 4,2 пайыз келетін тұрғын үй жинақ қоры арқылы берілетін несие. Әрине, Қазақстанда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» басқа банктен үй алу үшін несие алсаңыз, өсімі 12 пайыздан 23 пайызға дейін барады. Оған салық, қызмет өтеу (комиссия) ақысы ­сияқты шығындарды қоссаңыз, алды 25 пайызға таяп жығылады деп айтуға болады. Ал Қытайда тұрғындар сол 7 пайыз өсімнің өзін салмақ санап, көбінде «Тұрғын үймен қамтамасыз ету қоры» арқылы үй алуға тырысады. Алайда оның да шарттары бар, яғни бұл жолмен Үкімет қызметкерлері, кәсіпорын, серіктес­тік жұмысшыларының үй алуына мүмкіндік бар. Қызметкердің немесе жұмысшының жалақысынан ай сайын 5 пайыз ұстап қалынып, жұмыс беруші орын (мекеме, ұйым, серіктестік) оның үстіне дәл сондай сомада ақша қосып, жұмысшының жеке шотына салып отырады. Қыз­мет істеген жылың ұзарып, жалақың өскен сайын қор атынан жеке шотқа түсетін қаржы да молайып отырады. Баспана алғысы келгендер үйдің жалпы бағасының 30 пайызын төлегеннен кейін, жастардың «Тұрғын үймен қамтамасыз ету қоры» арқылы 4,2 па­йызбен 30 жылдық мерзімге дейін (зейнетке шығуға тая­ғанда немесе зейнеткерлерге бұл несие берілмейді) несие рәсімдеуіне болады. Егер жеке шотыңыз­дағы «Тұрғын үймен қамтамасыз ету қоры» арқылы жинақталған ақша ай сайынғы төлемге жететін болса, банк сол шоттан автоматты түрде ай сайын төлем сомасын тартып қалып отырады, ал жетпесе, жалақысынан үстемелеп төлейді. Бұл қаржыны үй әшекейлеуге, үй салуға жұмсауға да мүмкіндік бар. Зейнетке шыққан соң шығарып алуға да болады.
Қытай, міне, осы тәсіл арқылы бүкіл қызметші, жұмыс­шыларының үй мәселесін шешіп отыр. Бұл әдіс қыз­мет істейтін жастардың баспаналы болуына да өте тиімді. Қытайдың тұрғын үй мәселесін шешудегі бұл әдісті қазір кейбір елдер сынақ ретінде пайдалана бастады. Бізше, Қазақстан да осы әдісті сынап көруге болатын секілді. Себебі жастар қашанғы жалғыз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кезегін күтеді? Оның да кейбір кереғар шарттары бар: Нұр-Сұлтанда тіркеуде тұрғаныңа 2 жыл, депозит ашқаныңа 3 жыл толуы әрі алатын үйдің жалпы бағасының жарты ақшасы жиналған болуы шарт. Ең қызығы, депозит ашқаныңа 3 жыл толған болса да, үй алуға 2-3 миллион ақшаң жетпей тұрса да, сөзсіз, үй бағасының жартысын несиемен алуың керек. Ең түсініксіз жері – осы. Не үшін жетпей тұрған бөлігіне несие берілмей, сөзсіз үй бағасының жартысын несиеге жатқызу керек? Алда-жалда депозит ашқанына 3 жыл толмай тұрып үй алатын болса, 3 жылға толмаған мерзім ішіндегі өсімнің өзі удай қымбат. Мәселен, депозит ашқанына 1 жыл болған салымшы 10 миллион теңгеге үй алмақшы болып, үйдің жарты бағасы – 5 миллион теңгені төлесе де, несиеге алған 5 мил­лион теңгені алғашқы 2 жылда 8,5 пайызбен екі еселеп төлеуге мәжбүр. Яғни 24 ай 10 миллион теңгеге 8,5 пайыздық өсім төлейсіз. Былайша айтқанда, депозит ашқан мерзіміңіз 3 жылға толмағандығы үшін алдын ала төлеген 5 миллион ақшаңыздың үстінен 8,5 пайыз өсім беруге немесе толмаған 2 жыл үшін 5 миллион теңгенің өсімін 17 пайыз бойынша төлеуге міндетті. Толмаған 2 жылы үшін алған несие­сіне 8,5 немесе 10 пайыз өсім төлесе бір сөз, екі еселегендей 17 пайызға шығару қарапайым халық үшін ақылға қонымсыз. Екіншіден, бұл – жаңадан бас құрап, үй алғысы келетін жастар үшін үлкен кедергі. Осыдан соң олар 3 жыл бойы банктің жеңілдігін күтіп, үй жалдап тұруға мәжбүр. Қазақстанда үй алудың ең тиімді саясаты делінген жүйенің өзі осындай. Сондықтан да ол жетілдіріліп, оңтайландырылуы, жас отбасыға тиімді болуы керек деп ойлаймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =