Баспана бағдары баяндалды

0 89

Кеше Астанада өткен баспасөз мәсли­ха­тын­да «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» атқарушы ди­­­ректоры Мұрат Шәріпов «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алушылар пулын жасақтау шарттарын түсіндірді.

– «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша кімдер үміткер бола алады?
– Банк салымшылары болып табылатын азаматтар осы бағдарлама бойынша Астана қаласында салынып жатқан 3 тұрғын үйден пәтер алуға өз өтініштерін өткізіп, үміткер бола алады. Жалпы пәтер саны – 1013. Оның ішінде 1 және 4 бөлмелі пәтерлер салу жоспарланған, 1 шаршы метрі – 142 500 теңге. 2013 жылдың 30 қарашасында құрылыс аяқталады.
– Өтініштерді қабылдау қашанға дейін жүргізіледі?
– Әрбір азамат салымшы ретінде банкке өтініш тапсырады. Бұл өтініштерді қабылдау 2 айға созылады. Өтініш қабылданған кезде салымшының өтінішіне қабылданған уақыт пен күні белгіленіп, автомат­тан­дырылған жүйеде тіркеледі. Тіркелген өтініштер қабылданып болғаннан кейін талаптарға сәйкес автоматты түрде балл саналады.
– Банк салымшыларына қандай талап қойылады?
– Бірінші талап – салым жинақтау мерзімі. Жинақтау мерзіміне 30 балға дейін беріледі. Мәселен, егер салымшы 9 айдан 18 айға дейін жинақтаған болса, 5 балл беріледі. 18 айдан 28 айға дейін – 10 балл, 27 айдан 36 айға дейін – 20 балл, ал 36 айдан жоғары болса, 30 балл есептелінеді. Екінші талап – салымдардың мөлшері. Бұл азаматтардың жинаған ақшасының мөлшері. Оған да 30 балға дейін беріледі. Үшінші талап – бағалау көрсеткіші, оған 70 балға дейін есептелінеді. Салымшы ең төменгі көрсеткішке жетсе, 30 балл, ал егер тұрғын үй жинақтау кезінде көрсеткіштің белгіленген мәні 2 және одан да жоғары болса, толық 70 балл алады. Ескерерлігі, тұрғын үй жинағы бойынша салымдар неғұрлым ұзақ жыл жинақталған болса, бағалау көрсеткішінің де балы жоғары болады. Балл есептелінген соң тізім банк сайтында орналастырылады. Жоғары балл алған өтініш берушілер салынып жатқан бас­пана санына қарай заемды өтеу үшін төлем қабілеттілігін растауға шақырылады. Төлем қабілетін растаған кезде заемды өтей алмайтын болған жағдайда жалға беру мүмкіндігі қарастырылады. Егер жалға беру мүмкіндігіне төлеу қабілеті жетпейтін болса, онда кезек тізім бойынша келесі тұрған азаматқа беріледі.

Е.СӘТІМБЕК, Е.ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − five =