Бәсекеге қабілеттіліктің басты құралы

0 151

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің стратегиялық Жолдауында: «Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады.

Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режимінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз» деп атап көрсетті.

Жалпы елорда мектептері заманауи білім құрылғыларымен жабдықталғанына ешкімнің таласы болмас. Өзгелер сияқты Астанадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі де – заман ағымынан қалмай, оқушыларды инновациялық технологияларға бейімдеу жолында үнемі ізденісте жүретін білім ошақтарының бірі. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұраш Ысқақованың айтуынша, бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші – білім және заманауи технологиялар мен әдіс-тәсілдерді оқыту саласына енгізу.

– Еліміз білім беру ісіне айрықша маңыз беріп келеді. Мемлекет басшысы айтып өткендей, өткен онжылдықта бір ғана білім саласына бөлінген қаражат 10 есеге көбейген. Осы жылдар ішінде елімізде 750 жаңа мектептің бой көтеруі – білім саласына қамқорлықтың бір көрсеткіші, – дейді Нұраш Фазылғаламқызы.

№50 «Қазғарыш» мектебінде Президент Жолдауына байланыс-ты «Қазақстанның индустриялық және инновациялық дамуының негізі – сапалы білім» атты 5-11-сынып оқушыларының арасында ашық сабақ өткізіліп тұрады. «Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және демократияны дамыту» тақырыбы төңірегінде жоғары сынып оқушыларының арасында пікірталас та тұрақты ұйымдастырылатын шаралардың бірі. Сондай-ақ, оқушыларды достық, ынтымақтастық, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатындағы «Бір шаңырақ астында» атты тренинг сабағы, «Елбасы мұраты – ел бақыты, гүлденген Қазақстан» тақырыбында тәрбие сағаттары ұдайы өткізіліп тұрады.
Оқушылардың озық инновациялық технологияларды еркін пайдалана білуіне ерекше ден қойған мектеп ұжымы келешекте де оқушылардың өресін дамытуға арналған шараларды көптеп ұйымдастырамыз дейді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 12 =