«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бас шыршаның шамы жағылды

0 208

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев еліміздің бас шыршасының шамдарын жақты. Жаңа жылдың маңызды нышандарының бірі биыл «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағында, «Нұр Әлем» павильонының жанында орын тепті.

200 мың жарқыраған шам және 6 мың шармен, әртүрлі жанып-сөніп тұратын әшекейлермен безендірілген шыршаның биіктігі – 25 метр. Оның маңында концерттік бағдарлама ұйымдас­тырылып, эстрада әншілері, түрлі кейіпкерлер кейпіне енген әртістер жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шыр­шаны жағу салтанаты отшашумен жалғасып, әсерді күшейте түсті.
Сол күні бас шырша аумағында «ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы» тақырыбы берілген мұз қалашығы да ашылды. Ересектер онда биіктігі 5 метрлік және ұзындығы 40 метрлік екі сырғанақта, ал балалар болса, сәйкесінше 2,5 және 14 метрлік сырғанақтарда көңіл көтере алады. Мұнда «ЭКСПО» тарихынан хабар беретін, ХІХ ғасырдың ортасындағы Лондондағы алғашқы көрме мен Париждегі көрменің нысандарының көшірмелері, атақты Дисней Лэнд сарайының нобайы, Аяз ата мен Ақшақардан басқа шығыс күнтізбесіндегі 12 жануардың және ертегі әлеміне жетелейтін кейіпкерлердің мүсіндері құйылды.

Аманғали Қалжанов

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды