©2020 Астана Ақшамы
Бас шаһардың болашағы баянды
МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ МӘУЕЛІ ОРДАСЫ
Астана – мәдениет пен өнердің айшығы. Астана – барлық қазақстандықтардың үлгі тұтар шаһары. Астана – руханияттың ордасы.
Әр күн сайын өтіп жатқан мәдени шаралар елордалықтардың көз қуанышына айналуда. Сахна тағылымын қалаға табан тіреген қай қонақ та сезініп қайтады. Өйткені, театрлардан басқа да өнер ұжымдарының, ойын-сауық орталықтарының думанды күндері жиілеп келеді. Мұндай дәстүрдің қалыптасуына мәдени нысандардың қатары артуы да септесті деп ойлаймын. Мәселен, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Тәуелсіздік» сарайы… төрлері көрерменнен босамайтын орындар екені рас.
Былтыр ғана пайдалануға берілген «Астана Опера» театрының әлемде айтарлықтай орны бар. Мұндағы өнер ұжымының қойылымдары ше, кім-кімнің де ықыласын оятып, қошеметіне бөленеріне сенімдімін. Басқа да ірге қалаған нысандар көп ұзамай өнер мен мәдениетті, руханиятты жандандыра түсері тағы сөзсіз.
Астана басшылығының өнер мен мәдениетке деген қамқорлығы да ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл сөзіме елордалық театр жетекшілерінің жақында ғана Еуропа елдеріне сапары дәлел болады. Біз батысқа сапар барысында көп нәрсені көңілге түйдік. Олардан артық тұстарымыз да жетерлік, кемшіліктеріміз де бар екеніне көз жеткіздік. Яғни, олардың бізден, біздің олардан үйренер үрдістеріміз көп екен. Осы ойды жүзеге асырмақ ниетпен Миландағы әріптестеріммен – Қуыршақ театрымен шығармашылық байланыс және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол жеткізгенімізді мақтанышпен айтамын. Осындай ілгері қадамдарымыз жиілей берсе, алар асуымыз бен белесіміз де арта береді. Әлем мәдениетімен иық тіресер күн де таяу.
Тоғжан ХАСАНҒАЛИЕВА,
Қуыршақ театрының директоры
БАЛА ҚАМЫН БАПТАҒАН
Астана тұрғындарының қатары жыл өткен сайын қарқындап өсіп отыр. Осыған орай, балаларды балабақша және мектеппен қамту да қала тіршілігінің өзекті мәселесіне айналған.
Дәл осы мәселеге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ерекше маңыз беретінін білеміз. Жыл сайын қала активімен өткізетін жиында осы жағдайға байланысты тапсырмалар береді. Осы ретте қала басшылығы балабақша және мектеп құрылыстарын жүргізуді басымды бағыт ретінде ұстанып отырғаны байқалады. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде 8 балабақша пайдалануға берілген екен. Ал, қазіргі таңда 17 балабақшаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы да 3 мектепке дейінгі мекеме құрылысы басталмақ.
Ал, енді мектеп мәселесін айтатын болсақ, соңғы мәліметтер бойынша бүгінде елордамызда 95 мыңға жуық оқушы бар. Олар 83 жалпы білім беретін мектептерде білім алып жүр. Қала бойынша бірнеше жыл бұрын мектепте орын жетіспеушілік проблемасы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Мемлекет басшысы осы орайда мектептерде үш ауысымдық оқытуды қысқарту жөнінде нақты тапсырма жүктеген болатын. Бүгінде қала бойынша бұл мәселе де шешімін тауып келе жатқандай. Мәселен, өткен жылы қалада 3 мектеп пайдалануға берілсе, биыл жазда 9 мектеп құрылысы аяқталатын болыпты. Ал, келесі жылы тағы да 3 мектеп салынбақ. Осы нысандардың бәрі жүзеге асқанда Астанада үш ауысымдық оқыту проблемасы тұтастай шешілмек.
Түптеп айтқанда, елордамызда балабақшалар мен мектептер құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл өте құптарлық әрі қуанарлық жағдай дер едім.
Оспан СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері
КӨРІКТІ ЖЕРЛЕР КӨБЕЙДІ
Қала тұрғындарының тіршілік ортасына қолайлы жағдайлар жасауда бірталай шаруа атқарылуда. Жаңа астананы жасыл желекке орап, көркін арттыру мәселелері үнемі қала әкімінің назарында ұстауы маңызды мәселенің шешіміне әсер ететіні анық.
Мен – елорданың Алматы ауданының тұрғынымын. Сүйікті қаламызда, өз ауданымда болып жатқан жаңалықтарға құлағымды түріп жүремін. Әсіресе, көгалдандыру мәселелеріне жақсы қанықпын. Отырғызылған әрбір талдың, гүлдің бір шоғы қаламыздың «өкпесі» әрі қала тұрғындарының денсаулығына мол пайдасы барын түсінемін. Білуімше, ауданымыздағы аулалардың ұзын саны 560-тан асады. Олардың дені жыл сайын абаттандырылып, өз кезегімен жеңіл-желпі жөндеу жүргізіліп тұрады.
Бақтар мен саябақтардың көркін ендіріп, абаттандырылған сайын бос уақытымыз бен демалысымызды сонда өткізуге тырысамыз. Өткен жылдың ішінде кіші сәулет нысандары орнатылып, желегі майысқан, гүлі жайнаған 8 шағын бақ пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда ауданда 500 гектарды құрайтын 35 шағын бақ пен 5 саябақ бар. Осы көктемде 20 мың шаршы метрден аса аумақта гүлзарлар бапталып, 61 мың шаршы метрден аса аумаққа гүл отырғызу көзделіп отыр екен.
Демек, көрікті көшелер мен жанға сая бақтарымыз қала тұрғындарын қуантып, жақсы демалыстың лайықты орнына айналады.
Сейсен БЕКБАЕВ,
Алматы ауданының тұрғыны
ҚАЛА ТЫНЫШТЫҒЫ ҚАДАҒАЛАУДА
Өркениетті мемлекеттің негізі ең алдымен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктен басталады. Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мәселесі Астана қаласы Ішкі істер департаментінің жіті бақылауында. Осы тарапта, ең бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне сүйеніп жұртшылық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуден бастадық. Тұрақты түрде елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайдағы қандай әкімшілік жауапкершілік қарастырылғандығы жайында хабардар етуді жалғастырудамыз. Қазіргі таңда қоғамдық тәртіпті сақтауға бұқара халықты үндеп, олармен бірлесіп игі істер атқарылуда. Атап айтқанда, қала аумағында, әсіресе, халық көп жиылатын орындарда ІІД дайындаған бүктемелер таратылып, бейнероликтер көрсетіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түрлі акциялар өткізілді. «Біз құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік танытамыз!» акциясының аясында «Жасыл ел» республикалық еңбек жасақтары халық арасында полиция дайындаған бүктемелерді көрнекті орындарда таратты. «Жас Отан» жастар қанаты мен «Біз темекіден тәуелсіз Қазақстанды қолдаймыз!» қоғамдық коалиция блогерлерімен бірлесіп шылым шегуге тыйым салынған көңіл көтеру орындарында алдын алу шарасын жүргіздік. Осы тарапта, «ұсақ» құқық бұзушылықтарға қатаң шаралар қолданудамыз. Ағымдағы жылы қоғамдық орындарды ластау мен ұсақ бұзақылықтың 49-дан астам дерегі тіркеліп, 300-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Білім беру мекемелерінде құқық бұзғандарға қатысты көшпелі сот отырыстарын өткізуді тәжірибемізге енгіздік. Мұндағы мақсат – студенттер мен жасөспірімдер назарына сот отырысын ұсыну арқылы тиімді түрде құқық бұзушылықтардың алдын алу. Ағымдағы жылы 11 көшпелі сот отырысы болып өтті. Жеке меншік күзет құрылымдарымен бірігіп көшелерді патрульдеу тәжірибесі нығайтылуда. Соның нәтижесінде, қоғамдық құрылымдардың көмегімен 7 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталып, 227 қылмыс ашылды.
Дамыған шетел мемлекеттерінің тәжірибесін нысанға ала отырып, «Сынған терезелер», «Көрші бақылауы», «Қауіпсіз аула» жобалары бойынша профилактикалық шараларды өткізуге ден қойылған. Мысалы, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша қалада 58 тұрғын үй кешені, 40 аула пәтер иелері кооперативінің қаржысына бейне бақылау жүйесімен қамтылды.
Аталған барлық шаралар адам өлтіру, өлімге әкеліп соқтырған денсаулыққа зиян келтіру, пәтер тонау сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстардың санын біршама азайтуға серпін берді.
Елорда еліміздің жүрегі мен мақтанышы болғандықтан, ондағы тәртіп пен мәдениет тиісті талаптарға сай болуына өз тарапымыздан атсалысудамыз.
Батырлан ЕСЕНБАЕВ,
Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары
ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚОРҒАУҒА ДЕН ҚОЮДА
Елорданы әрі қарай дамыту жөніндегі алқалы кеңесте Елбасы қаланың денсаулық саласына да бірқатар міндет жүктеді. Әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді.
Жалпы Астана еліміздің бас шаһары болғандықтан мұнда келімді-кетімді адам көп. Халық санының көбеюі емханаларға әжептәуір жүктеме екені белгілі. Айталық, амбулаторлық-емханалық кешендерге жыл сайын орта есеппен 35 мыңдай адам тіркеледі. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін қаламызда көптеген денсаулық нысандары бой көтеруде. 2012-2013 жылдары мұнда екі аурухана мен екі емхана пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 2012 жылғы желтоқсан айында Аманат көшесі бойында бір мезгілде 500 адамды қабылдай алатын №3 емханалық кешен ашылса, былтырғы желтоқсанда қаланың 65 мың тұрғынына қызмет көрсететін №10 емхана іске қосылды. Сонымен қатар, денсаулық нысандарын оңтайландыру және қайта құру аясында былтырғы қараша-желтоқсан айларында №1 Перинаталдық орталық пен №2 қалалық балалар ауруханасы базасында бір ауысымда 250 және 150 адамды қабылдай алатын Отбасылық денсаулық орталықтары іске қосылды. Бұл медициналық ұйымдар Есілдің сол жағалауы мен Пригородный, Тельман, Заречный және Промышленный тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жаңа ғимараттардың іске қосылуы емханадағы жүктемені едәуір азайтты. Енді биылғы жылдың екінші жартысында Есілдің сол жағалауында бір мезгілде 500 адамды қабылдай алатын амбулаторлық-емханалық кешен, Ильинка елдімекенінде екінші емхана мен Досмұхамедұлы көшесінде тағы бір емханалық бөлім іске қосылғалы отыр. Жиында қала әкімі атап өткендей, 2016 жылға қарай Астанада 3 мамандандырылған денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Осылайша, елорданың медициналық мекемелері қалыпты деңгейде жұмыс істемек.
Бұл жұмыстар әрі қарай жалғаса беретін болады.
Сәбит ӘБДІРАЙЫМОВ,
Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
АУЛА КЛУБТАРЫНЫҢ АДЫМДАРЫ
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бүгінде жастар саясатын жүзеге асыру ісінде көп елдерге үлгі дегенді алға тартады. Оның дәлелі – жастардың денсаулығы, сапалы білім алуы, жұмыспен қамтамасыз етілуі мемлекеттің жіті назарында. Астана қаласында да жастар саясатын дамытуға бағытталған бiрқатар iс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды насихаттау, кәсіби бағдар беру бойынша кешенді жұмыстар атқару, студент жастармен жұмыс жасау тағы басқалар. Сонымен қатар, елордалық жастар мен балалар санының артуына байланысты олардың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі таңда қаламызда жасөспірімдердің бос уақыттарын қамтамасыз етуге арналған «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы соңғы үш жылда жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
2013 жылдың қорытындысы бойынша қала аумағында Астана қаласының жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорына қарасты 10 аула клубы жұмыс жасап келді. Олар «Абдукар», «Арман», «Арыстан», «Архат», «Асар», «Есіл», «Жеңіс», «Момышұлы», «Сұңқар», «Шағала» аула клубтары. Аталмыш аула клубтары жас елордалықтар үшін көп функционалды мәдени-спорт орталықтарына айналып отыр.
Бақытжан ЖҮНІСБЕКОВ,
Астана қаласы Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорының директоры
КӨЛІК ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛІП КЕЛЕДІ
Жоғары дамыған, тұрақты жұмыс істейтін көлік жүйесін қалыптастыру – елдің өсіп-өркендеуінің алғышарттарының бірі. Қалалық жолаушылар көлігінің жүйесін жетілдіруде бірқатар жұмыстардың атқарылғанын айта кеткім келеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының еркін қозғалысын қамтамасыз етудегі басты нәрсе – қоғамдық көлік санын арттыру. Бүгінде астаналықтарға 49 бағдар бойынша жүретін 951 автобусы бар 8 автокөлік кәсіпорны қызмет көрсетеді.
Жаңадан жоспарланып отырған коммуналды автобус паркінің құрылысы көлік инфрақұрылымын жетілдіруге арналған. Алдағы уақытта қалалық көлік парктерін ірілендіру жоспарланып отыр. Бұл – жолаушылар тасымалы басқару жүйесін орталықтандырып, қызмет сапасының артуына үлкен әсер етеді.
Әбдіхамит ТАМАБАЕВ,
Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Жолаушылар тасымалы бөлімінің бастығы