Бас қаланың символы

Елорда ескерткіштері

0 11

Елордадағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында, яғни 16 желтоқсанда ашылды. Айтулы жобаны сол кездегі бас қаланың әкімі Иманғали Тасмағамбетов, сәулетші-дизайнер Сағындық Жанболатов, сәулетші Қанат Қорғанов, мүсіншілер Мұрат Мансұров пен Нұрлан Далбай жүзеге асырды, кейін монумент авторлары Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.Салтанат қақпасының биіктігі – 20 метр, ені – 13 метр. «Мәңгілік ел» деген жазуда мемлекеттік туымызда қолданылған ою-өрнек пен күн астында самғаған қыран құс бейнеленген. Арканың екі қасбетіндегі және қос қапталындағы ойықта әрқайсысының биіктігі 4,4 метр болатын түрлі мүсіндер орнатылған. Қақпаның кіреберіс бетінің оң жағында даналықтың, нышаны – «Ақсақал», сол жағында отбасының ұйытқысы – ­«Әйел-ана» мүсіні қойылған. Монументтің қос қапталында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның көшірмесі бедерленген. «Тайқазанның» жоғарғы жағында «Қалқан» мүсіні суреттелген. Қақпаның ішкері бөлігінде «Сақтар», «Түркілер», «Қыпшақтар», «Қазақтар» деген халқымыздың басынан өткен кезеңдер қамтылған. Ал екінші композиция тәуелсіздік тарихына арналады. 2017 жылы салтанат қақпасында шағын галерея мен туристер тамашалайтын алаң ашылды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ашылуында: «Біз бұл тамаша жасампаздық қақпасын еңбегіміздің, табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады» деп айтқан екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 6 =