Бас қаланың «барысы» кім?

0 21

Елордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу мақсатында «Нұр-Сұлтан барысы» жарысы өтті.Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Қ.Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орайластырылған шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев және Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Абат Саматұлы қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
«Қазақ күресінің даму тарихы тереңде жатыр. Кейінгі он жылда қазақ күресі Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында қанатын кеңге жайып, халықаралық аренаға шығып үлгерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Төл спортымыз – қазақ күресін олимпиялық ойындар деңгейіне дейін көтеруге күш салуымыз керек» деген тапсырмасы аясында қарқынды жұмыс жүргізіліп, бүгінде ұлттық күресіміз әлемнің 50-60 мемлекетінде тамыр жайып, дамып отыр. Құрметті спортшылар, ұлттық спортымызды дәріптеп, әлемге әйгілі ететін өздеріңіз. «Қазақстан барысы» турнирі жолдамасына шын мықтылар ие болады деген сенімдемін. Осы жарыста бәріңізге сәттілік тілеймін. Жарқын жеңістер көп болғай! Егемен еліміздің елдігін айқындайтын төл спортымыз – қазақ күресі жасай берсін!» деді Бақтияр Мәкен жарыс алдында.
Бабы келіскен 26 балуан бақ сынап, шілде айында елордамыздың төрінде өтетін дүбірлі дода – «Қазақстан барысы» турниріне жолдаманы сарапқа салды. Тартысқа толы белдесулер нәтижесінде Олжас Шынкеев топ жарып, алтын белбеуді иеленді. Екінші орын Айбат Сейтенге бұйырса, үздік үштікті Нұрбек Досмұханбетов қорытындылады. Жарыстың алтын және күміс жүлдесіне ие болған қос балуанымыз «Қазақстан барысында» бас қаламыздың намысын қорғайтын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 5 =