БАС ҚАЛАНЫҢ БАЙЫПТЫ ҚАДАМДАРЫ

0 73

«100 нақты қадам» еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарында Астананы зерттеушілерді, студенттерді, кәсіп­керлерді, барлық өңір­лерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру мақ­саты қойылған. Сарыарқа ауданының әкімдігінде өткен ақпа­раттық-насихат тобы мүшелерімен кездесуде аталған мақ­сатқа жету үшін жасалып жатқан шаралар туралы айтылды.  

Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев бас қаладағы көлік саласын жаңғырту барысымен таныстырды.
Оның айтуынша, елордада «ITS» атты интеллектуалды көлік жүйесінің бірінші кезеңі сәтті іске асырылды. Мәселен, былтырдан бері Астанада «ақылды» бағдаршамдар орнатылуда. Қазіргі таңда осындай құрылғылар 42 қиылыста жұмыс істеп тұр. Келесі жылдың аяғына дейін мұндай бағдаршамдар тағы 116 қиылыста орнатылмақ. Сондай-ақ, 2017 жылы қалада LRT жобасы енгізіледі. Жаңа технологиялармен жабдықталған жабық типтегі 18 бекеттен тұратын аталмыш жоба арқылы жолаушылар өздерін еркін де жайлы сезінетін болады.
Оған сенсек, 2017 жылға қарай елордада қоғамдық көліктердің тапшылығы мәселесі түбегейлі шешіледі. Сонымен бірге жаяу жүргіншілерге арналған жер асты жолдарының құрылысы жүргізіліп, көлік жолдары кеңейтіледі. Соның есебінен шаһардағы негізгі көлік жолдарында кептеліс болмайды. Нақты мысалдарды келтірген басқарма бас­шысының орынбасары келесі жылы Республика даңғылының бойындағы «Талисман» дүкені маңында жер асты жолы салынатынын жеткізді.
Одан кейін сөз алған Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Мира Байсүгірова елордалықтар баспананы қандай бағдарламалар арқылы ала алатынын түсіндірді. «Астаналықтар 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамытудың бағдарламасы шеңберінде Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы тұрғын үйге қол жеткізе алады. Алайда, мынаған назар аударғым келеді: аталған бағыт елорда әкімдігінде баспана кезегінде тұрғандарға ғана арналған» деген ол, осы сияқты бағдарламалармен үй алғандарға баспаналарын өзгелерге жалға беру тыйым салынатынын жеткізді. «Осыны тексеруге біздің толық құқымыз бар. Яғни, арнайы комиссия белгілі бір отбасыға берілген баспанада сол отбасы тұрып жатыр ма, жоқ па, тексере алады» деді Мира Байсүгірова.

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 6 =