Бас қаланың байыпты бағдары

0 83

Кеше Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  төрағалығымен Астананы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде келелі кеңес өтті. Онда елорданың таяу жылдардағы дамуына кедергі келтіретін түйткілдер мен «EXPO-2017» көрмесіне дайындық деңгейі талқыланды.

Жиналыс басталмай тұ­рып, Мемлекет бас­шы­сына қала құрылысы, жол ин­фра­құрылымы және қала шаруа­шылығын жетілдіретін ма­ңыз­ды жобалар таныстырылды. Аста­нада таяу болашақта жеңіл рельсті трамвай, БРТ автобусы бар жаңа көлік инфрақұрылымы, оншақты көпдеңгейлі паркинг, «Абу Даби Плаза», «Хилтон», «Мэриот» сияқты қонақүйлер, бота­никалық бақ, шығыс жекпе-жегі сарайы, теміржол вокзалы сын­ды маңызды құрылыс нысандары пайда болады.

Алғашқы кезекте сөз алған қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жұрт­­шы­лықты Астананың қа­зіргі да­му қарқынының негізгі көр­сет­кіштерінен хабардар етті. Қала әкімінің есебін тыңдай келе Елбасы: «Он бес жылдың ішінде өте ауқымды шаруалар атқарылды. Ол, әрине, астаналықтардың, осы отырған өздеріңдей басшы азамат­тардың, Астана қаласы әкімдігінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Астана ауысқаннан бері жалпы өңір­лік өнім (ЖӨӨ) 90 есе, өнер­кәсіп 13 есе, инвестиция 32 есеге өсіп, бүкіл Қазақстанның дамуы­на, эконо­микасына серпін беріп жатыр. Қалада осы жылдары 11,5 млн шаршы метр үй салын­ды. Бюджеттік түсім көлемі 1998 жылмен салыстырғанда 20 есеге ұлғайып, былтыр 637 млрд теңгеге дейін жетті. Әлеуметтік сала да айтар­лықтай дамып келеді. Бала­бақшалар үш есе көбейді, мек­тепт­ердің саны 82-ге жетті. Ден­саулық сақтау саласы бойынша ірі меди­циналық орталықтар бой көтерді. Астананың мәдени демалыс нысан­дарының қатары артып келе жатыр. Қаланың қарқынды дамуы, халыққа жасалған жағдай, денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт саласындағы оң өзгерістердің арқасында аста­на­лықтардың орташа ғұмыр жасы жетпіс үшке жеткен екен. Қабыл­данған стратегия бойынша осы жетістіктерге тоқмейілсіп қалмай, әрі қарай да­мыта беруіміз керек. Өз­деріңізге белгілі, «EXPO-2017» дүниежүзілік көрмесі елорда­ның көркін ғана арттырмайды, халық­тың тұрмысына да, эконо­ми­каға да оң ықпал ететін болады» дей келіп, әңгімені нақты алаңдататын мәселелерге – көрі­неу кемшіліктерге, ойсыраған ол­қы­лық­тарға қарай бұрды.

Қала сәулетіндегі селкеуліктер

Президенттің ескеруінше, соңғы үш жылда көпқабатты үйлердің тең жартысы, негізінен, Алматы ауда­нында салынған. Тіпті, кейбі­реулері 16 қабаттық, кейде одан да биік. Ескі шаһардың біраз бөлігі қа­райтын аталмыш аудан онсыз да тығыз орналасқан. Қазір қалада 820 мың тұрғын бар десек, соның тең жартысына жуығы, яғни 365 мың халық Алматы ауданында өмір сүреді екен.

Соңғы кезде салынып жатқан тұрғын үйлер мен ғимараттардың сәулеті сын көтермейтіні айтылып қалды. Үйлер сыртқы ажары мен сапасы жағынан елордалық мәртебеге сай болған жағдайда ғана жер бө­ліп, құрылысқа рұқсат беру ке­рек­­тігін айтты. Қаланың сәулет ан­самблін бұзып тұрған сұрқай да сүйкімсіз ғимараттардың бірі ретінде «Астана Опера», Хан Шатыр, «Мэриот» қонақ үйі сияқты маңызды ғимараттардың маңында орын тепкен «Базис-А» құрылыс ком­паниясының құрылыс нысаны мысалға келтірілді.

Ғимараттардың өңшең сапасыз кера­могранит тақтайшамен қапта­луы да елорда сәулетіне селкеу түсі­реді екен. Қаланың бас сәулет­шісі Виталий Силецкийдің айтуын­ша, биылдың өзінде сыртқы қап­тау мате­риал­дарының талапқа сай болма­ғанына байланысты 89 құры­лыс жобасы тоқтатылған. Оның елуі қайта пысықталып, қала­лық Сәулет және құрылыс басқарма­сы­нда мақұлданған. Ал жобаны өзгер­туден бас тартқан басқа компания­лардың ісі прокуратурада қаралмақ.

Желекжол бойы қаланың жүрегі болар күн қайда?

– Толғандыратын тағы бір жәйт – Астанада әлі күнге қала тұр­ғын­дары жиналып, бос уақытын өткі­зетін лайықты орын жоқ, – деп тағы бір өзекті мәселеге ойысты Нұрсұлтан Әбішұлы, – Әлемнің көпте­ген елдерінде халық ерсілі-қарсылы шұбы­рып, сейіл құратын орта­лықтар бар. Мысалы, Лондонда Пикадели-стрит, Парижде Елисей алқабы, Нью-Йоркте Times Square… Біздің Сулы-жасыл желекжол сондай орынға айналуы тиіс еді, бірақ, оның маңайы көлік ошаратын орынға айналып бітті. Мейрамханалардың жазғы веранда жасауға мүмкіндігі жоқ, баспалдақтар өте тар, табан жол тақтайшалары әбден тозып біт­кен. Бұл жерді қайта жаңғыртып, тұр­ғындар мен қала қонақтары сейіл-сауық құратын орынға ай­нал­дырыңдар деп әлден-ақ айтқам. Ол жерде суретшілердің, музыканттар мен сазгерлердің орны болуы тиіс.

Елбасы осы орайда әуел баста желекжолдың екінші қабатын салуға арнайы орын қалдырылғанын да еске салды. Басқа жолы табылмаса, бастапқы жобаны жүзеге асыруға кеңес берді.

Тұрғын үй саласындағы түйткілдер

Жиналыста осыдан бірер жыл бұрынғы дағдарыс дауылында үлескерлерді арандатып кеткен құрылыс компанияларының тағы да заңнан саңылау тапқанына назар аударылды. Елбасының айтуынша, «Тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік туралы» заңға құрылыс салушыларға қатаң талап қоятын өзгерістер енгізілді, мемлекет үлескерлерді далаға қалдырмас үшін қарапайым салық төлеушілердің қаржысын шығындауға мәжбүр болды. Тек бір ғана Астананың өзінде мемлекеттік бюджет есебінен 40 мыңға жуық үлескердің мәселесі шешілді. Енді құрылыс компаниялары заңды айналып өтіп, үлескерлік келісімшарттың орнына инвестициялау келісімшартын жасауға көшті. Оның алдыңғысынан айырмашылығы шамалы. Қазір көп тұрғын үйлер осындай жолмен салынып жатқан көрінеді.

Ертең тағы да тақырға отырып, сан соқпас үшін Елбасы Үкіметке қауіптің алдын алып, тиянақты тексеріс жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Астанада кейбір элиталық тұрғын үйдің бағасы шаршы метріне төрт-бес мың долларға дейін көтерілгеніне дабыл қақты.

– Берлинде тұрғын үйдің орташа бағасы шаршы метріне 3 мың доллар, Прагада 2,5 мың доллар. 2008 жылы барлық құрылыс компания-лары тақырға отыра жаздағанда, жылармандай боп Алматыда шаршы метрін 1200 долларға, Астанада 1000 долларға салуға қуана келіскен. Ал енді неге кеуделері аяққаптай бола қалды. Немене, осы уақыт аралығында тұрғын үйдің өзіндік құны осыншамаға шығандап кетті ме? Кімді алдайсыздар? – деп ашынған Елбасы Монополияға қарсы күрес агенттігіне егжей-тегжейлі сараптама жүргізуді тапсырды.

Азық-түлік белдеуі босаңсып тұр

Елбасын елорданың азық-түлік белдеуінің әлі ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алмай отырғаны алаңдатты. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың мәліметінше, азық-түлік белдеуін құрудың арқасында сыртқы импорттың үлесін 72%-дан 52%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 2012 жылы жалпы қуаттылығы жылына 2,5 мың тонна өнімге арналған екі жылыжай кешені пайдалануға берілді. Өнімділігі жылына 3,5 мың тоннадан асатын үш жылыжай жобалануда. Бұл нысандар биыл түгелдей іске қосылғанда, қияр, қызанақ сияқты көкөністерге маусымаралық сұраныстың 80%-ын қанағаттандырады. Қазіргі таңда бес көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді.
Алайда, Астанамен шектес облыстарда ет-сүт өнімдерінің аз өндірілетіні, тамақ өнеркәсібі импортқа төтеп бере алмай жатқаны алаңдатады. Елбасы алға тартқан мәліметке жүгінсек, Қара­ғанды облысында 55 тамақ өнер­кәсібі, Ақмола облысында 43 тамақ өнеркәсібі тұралап тұр. Ол мәселені шешудің жолын табу Өңірлік даму министрлігіне тапсырылды.

Елбасының көпшілік алдында жайып салған сын-ескертпесінің, талап-тілегінің бас-аяғы мұны­мен түгесілмейді. Жалғыз-ақ қосары­мыз, Мемлекет басшысы сөзін қо­ры­тын­дылай келе: «Сынды жұ­­мыс іс­тей­тіндерге айтамын. Сен­дерге сенгендіктен айтамын» дегенінің өзі көп нәрсені аңғарт­қандай.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + five =