БАС ҚАЛАНЫҢ БАҒДАРЫ

0 180

Астана – еліміздің алтын қазығы. Он сегіз жыл ішінде елорданың еншісіне бұйырған атақ-марапат жетіп артылады. Бүгінде бас қала  Қазақстанның жаңа инновациялық  экономикасының іргесін қалап,  өнеркәсіп саласында көш бастап келеді. Бас айналдырар жылдамдықпен өсіп келе жатқан қаланың болашағы – жарқын, алар асуы – алда.

asem kala 70

Кіріс көбейді, табыс артты

Елорданың экономикалық әл-ауқаты жыл сайын еселенуде. 2015 жылы өнеркәсіп көлемі 343 млрд теңгені құрады. Бүгінде Астана өнеркәсібі рес­публика бойынша өндірістің өсу қарқыны деңгейінде 3-орынға тұрақтаған. Өңдеу өнеркәсібінде 282,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда, 12 млрд теңгеге артқанын білдіреді. Нақты кө­лем индексі 5,9 пайызға өскен. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында бұл көрсеткіш, атап айтқанда, машина жасау – 14,6%, құрылыс материалдарын шығару – 18,1%, металлургия – 36,9%, тамақ өнеркәсібі 9,4%-ды құрайды.
Еліміздің 2015-2019 жыл­дар­ға арналған индустрия­лық-инновациялық даму мемле­кеттік бағдарламасының екінші бес жылдығын жүзеге асыру аясында Астана қаласы әкімдігінің «Өңірлік индус­трияландыру картасы» бекі­тілгені белгілі. Осы «Өңірлік индустрияландыру картасы» аясында жалпы құны 46,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылуда. Шамамен 772 жұмыс орны ашылатын болады.
Сонымен қатар, 2015 жылы 3 жаңа жоба іске қосылды. «Astana Diesel Engines» ЖШС – дизельдік қозғалтқыштар шығаратын зауыт. Тігін жабдықтары мен тоқыма өнімдерін шығаратын «Астана Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы және алкогольсіз сусындар шығаратын «Кока Кола Алматы Боттлерс» зауыты.
Тағы бір қуанарлығы – «Астана Ютария ltd» кәсіпорны базасында Астана қаласы әкімінің қатысуымен «Қазақстандық киім ки!» акциясы аясында жеңіл өнеркәсіп саласында қазақстандық өндірушілердің отандық өнімдерін сату орталығы ашылды. Жалпы ауданы 500 шаршы метрден асатын орталық әрбір елорда тұрғынына іш киімнен бастап, сыртқы киімге дейін сатып алуға мүмкіндік береді.

Құрылыс қайнап жатыр

484495

Елорданың құрылысы ешқашан бәсеңдеген емес. Балабақша, мектеп, емхана құрылыс жобаларының әлі күнге дейін жалғасуы – соның дәлелі.
Жыл басынан бері Астана қаласында барлық қаржы­ландыру көздері есебінен жалпы ауданы 964 254 шаршы метрді құрайтын 8 564 пәтер пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға артық.
Биыл «2008-2010 жыл­дарға арналған Тұрғын үй құрылысын дамыту» бағ­дарламасы бойынша қалған объектілердің құры­лысын аяқтау жоспарда бар. Яғни, Сарайшық көшесі мен Жұма­баев даңғылының қиылысында орын тепкен жалпы ауданы 21,8 мың шаршы метр болатын 310 пәтер және Тілендиев даңғылындағы көп пәтерлі тұрғын үй кешені. Осы нысандар уақытылы тапсырылса, мыңдаған адам қоныстойын тойлайтын болады.
Елордалықтардың игілі­гіне айналған байыпты бағдар­­ла­­маның тағы бірі – Аймақ­тар­ды дамытудың 2020 жылға дейінгі жобасы. Бағдарла­маны жүзеге асыру бастал­ғалы бері қалалық басқарма жалпы ауданы 192,2 мың шаршы метр болатын 3 653 пәтерлік 15 тұрғын үй кеше­нін пай­далануға берген.
Дәл қазіргі таңда бағдарлама шеңберінде жалпы ауданы 46,3 мың шаршы метр болатын 803 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Ал «Балапан» бағдарламасы аясында өткен жылы 2200 орынға арналған 9 балабақшаның құрылысы аяқталған болатын. Қаладағы балабақша құрылысы мұнымен тоқтамайды. Биыл да жаңа балабақшалар бой көтереді. Құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, наурыз айына қарай «Көктал-2» ауданында тәулік бойы жұмыс істейтін 240 орындық мектепке дейінгі санаториялық мекеме мен №8 «Рябинка» балабақшасына жапсарлас салынған 60 орындық ғимарат іске қосылады.
Былтырдың өзінде 4700 орынға арналған жалпы білім беретін 4 мектептің құрылысы аяқталған болатын. Биыл 600 орындық жалпы білім беретін мектеп, 800 орындық екі кәсіптік-техникалық мектеп және 375 орындық кор­рекциялық мектеп-интернат ашылады. Бұдан бөлек, осы жылы №16, 32, 37 мек­теп­терге әрқайсысы 525 орын­дық жапсарлас ғима­рат салынады. Денсаулық сақтау нысандарының ішінде «Же­лезнодорожный» тұр­ғын алабының солтүстік-шы­ғы­сында орналасқан 500 орын­дық туберкулезге қарсы дис­пансердің құрылысы аяқ­та­лады деп күтілуде. Сондай-ақ, сот-психиатрия сарап­тама­сының ғимараты толық­тай аяқталып, күніне 274 ша­қыру қабылдайтын жедел меди­ци­налық жәрдем стансасын салу жұмысы жалғасады.

Кәсіпкерлік кеңейіп келеді

ERM_5083

2015 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімі 47,4% құрады. Соның ішінде шағын кәсіпкерліктің үлесі – 39,0%, орта кәсіпкерлік – 8,4%. Еліміздің өңірлеріарасында аталған көрсеткіш бойынша Астана бірінші орынға шықты.
Астанада 3 895 шағын орта кәсіпкердік субъектісі тіркел­ген. Соның ішінде 1 688 – заңды, 2 208 – жеке тұлға.
ҚР Ұлттық банкінің мәлі­меттері бойынша, 2016 жылғы қаңтар-наурызда Астана қала­сының экономикасына жалпы 242,6 млрд теңге сомасында несие берілген. Шағын және орта бизнес субъектілеріне – 118,8 млрд теңге беріліпті, бұл 2015 жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда, несие­лер көлемі 6 есеге артқанын көрсетіп тұр.
2015 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпорын субъектілерінен келіп түскен салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер көлемі 399,48 млрд теңгені құрады.
Осы салада жұмыс істейтіндер саны 287,74 мыңға тең, 2014 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9,8%-ға өсіп отыр.

Инвестицияның игілігі мол

Астана қаласының инвес­тициялық мүмкіндігі өте жо­ғары. 2015 жылдың қаңтар-тамыз айларында негізгі капитал 426616,3 млн теңгеге жетіп, республикалық көлем бойынша 10,7% құрады. Статистика органдарының мәліметтеріне сәйкес, инвестициялардың басым көзі шаруашылық субъектілерінің жеке қаржысы, оның көлемі 54,8% .
Тиімді инвестицияларды тарту мақсатында құрылған «Астана – жаңа қала» эко­номикалық аймағы инвес­тициялар ағымын ынталандыру құралы ретінде барша әлемде қолданылатын «еркін экономикалық аймақ» рөлін атқарады.
Жалпы 7,6 мың гектар жерді алып жатқан Астана эко­номикалық аймағында 2 индустриялық парк жұмыс істейді. 2002 жылдан бастап тартылған инвестициялардың көлемі 2,2 триллион теңгеге жеткен.
Қазіргі кезде №1 индус­триялық паркте инвестициялар көлемі 137,7 млрд теңге, яғни 58 индустриалды-иннова­циялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен локомотив жинайтын «GE» (АҚШ), «Talgo» жолаушылар вагондарын құрастыратын (Испания), электровоздар шығаратын «Alston» (Франция), электронды-оптикалық құралдар өндіретін (Түркия), санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық мақсаттағы қағаз өнімдер шығаратын «IpekKagit» (Түркия) және тағы басқа зауыттар бар.
Бүгінде 21 өндіріс пайда­лануға берілді, ал 24 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 13 жоба жобалау және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу сатысында.
Жалпы, игерілген инвестиция көлемі 90,4 млрд теңгені құрайды. Ондағы кәсіпорындар 2010 жылдан 2015 жылға дейін 40,8 млрд теңгенің өнімін шығарған. Экспорт 9,1 млрд теңгені құрайды. Ел бюджетіне төлеген салық көлемі 32 млрд теңгеден асса, 2447 адам жұ­мыспен қамтылған.
№1 индустриялық парк ау­мағында жүзеге асырылатын барлық жобалар 2017 жылдың аяғына дейін іске қосылмақ.
Айта кетейік, жобалардың басым бөлігі ішкі нарықты қамтыған соң, экспортқа ба­ғыт­­талады. Бүгінгі таңда 2012 жылдан бастап «GE» локо­­мотивтері Тәжікстан, Өзбек­стан, Украина және Қырғызстан елдеріне экпортқа шығарылады.
Әкімшілік-іскерлік орталы­ғының өндірістік кәсіп­орын­дары әкімшілік, әлеуметтік-мәдени және тұрғын үй объек­тілерінің құрылысын жүргізу үшін қарастырылған.

Тыныштық күзетшілері тынбайды

ERM_0972

Қала үшін тұрғындардың қауіпсіздігі қашанда қымбат. Елбасы тапсырмасы бойынша бүгінде Жергілікті полиция қызметі құрылып, тиімді жұмыс атқаруда. Қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік бағытындағы шаруалар үнемі назар аударуды қажет ететіні сөзсіз.
Елордалықтардың саны жыл сайын орташа есеппен 45-50 мың адамға көбейеді. Осыған байланысты Астанада көшіп келушілерге бақылау жасаудың нақты жүйесі қалыптасқан. Үнемі жедел алдын алу шараларын жүргізудің нәтижесінде жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 4 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 1 мыңы сот тәртібінде еліміздің аумағынан шығарылды.
Елорда тіршілігін қамта­масыз етіп, қауіпсіздігін арттыра түсу мақсатында бас шаһарда «Интеллектуалдық көліктік жүйе» бойынша бейнекамералар орнатылды. Бүгінде қалада 800-ге жуық бейнекамера бар. Осындай қондырғылардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бейнекамералардың көмегімен ағымдағы жылдың басынан бастап 120 қылмыс ашылып, 24 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды және 9 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу оқиғасы тіркелген.
Құқық қорғау саласындағы инновациялық жобалар мұ­нымен ғана шектелмейді. Көлік ағымын реттеуді жақсарту және көлік кептелісін азайту мақсатында «Ақылды бағ­даршам» жобасы енгізілді. Бұл жүйе автоматты режимде жұмыс істейді. Яғни, қай жолда кептеліс көп, бағдаршам соған қарай реттеледі. Осы жоба жолдағы көлік жүктемесін азайтуға септігін тигізіп тұр.
Астаналық полицейлер кә­сіби деңгейі тұрғыдан маман­дығына лайық болуы тиіс. Осы мақсатта үміткерлерді қыз­метке қабылдау және олардың кәсіби деңгейін көтеру, жеке құрамның арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту, жем­қорлықпен кү­ре­су, қыз­меткерлердің қыз­меттік-атыс дайындық деңгейін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде.

Әлеуметтік саланың әлеуеті

Астана медицинасының бүгінгі дамуы көңіл қуантады. Мұнда емдеудің ерекше тәсілдері мен заманауи технологиялармен жабдықтау жүйелі жолға қойылған. Медициналық сапалы қызметі маңызды индикаторлармен өлшенеді десек, елорда басқа өңірлерге қарағанда көш бастап тұр. Мәселен, халықтың өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала өлімінің көрсеткіші, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу секілді көрсеткіштер бойынша жетке жетістіктер бар­шылық. Айталық, биылғы алғашқы жар­тыжылдықтың қорытын­дысы бойынша, бірде-бір ана өлімі тіркелмеген.
Бала денсаулығын сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Былтыр ғана ашылған неонаталдық хирургия орталығында 600 сәбиге жасалған операция сәтті өткен. Жыл басынан бері өмірлік маңызды органдары жетілмей туған 400 шақалаққа операция жасалған.
Астана бойынша демо­гра­фиялық көрсеткіштер соңғы жылдары оң тенденцияға ие.
Соңғы жылдары елордада та­биғи өсіммен және ішкі көші-қон ағынымен негізделген ха­лық­­тың тұрақты түрде ұлғаюы орын алған.
18 жыл бұрын астаналықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жас болса, биыл елордалық­тар­дың орташа өмір сүру ұзақ­тығы – 75 жас. Бұл – респуб­ликадағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Қазіргі уақытта елордада барлығы 37 медициналық нысан жұмыс істейді. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Нейрохирургия ғылыми ор­та­лығы, Диагностикалық ор­талық, Жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы сынды республикалық деңгейдегі медицина мекемелерімен бірге, Астанаға қарасты қалалық денсаулық сақтау нысандары да қайта жарақтандырылып, жөндеуден өтіп, елорда мәрте­бесіне сай жұмыс істей бастады. Бұрынғы шағын қалаға шақ­талған нысандар адам танымас­тай өзгеріп, кейбіріне жапсарлас ғимараттар салынды. Қалада жаңадан ашылған емханалық кешендердің өзі – бір төбе.

Терең білім тәуелсіздік тірегі

ERM_8271

Астанада 302 білім беру ұйы­мы бар. Онда 170 мыңдай бала оқып, тәрбиленуде. Елор­далық шәкірттердің білімін шыңдауға 13 мыңға жуық мұ­ғалім атсалысады.
Қалада мектепке дейінгі бі­лім беретін 181 мекеме болса, оның ішінде 72-сі мем­ле­кет­­тік балабақша, 5 «Мектеп – балабақша» мемлекеттік ке­шендері, мемлекеттік емес 73 балабақша, 2 ведомстволық, 25 шағын орталық бар. Аталмыш білім беру ұйымдарында 3 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Елордалық ұстаздардың жыл бойы берген білімі ҰБТ кезінде ерекше көзге түседі. Биыл Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысы бойынша 132 оқушы өз білімін дәлелдеген.
Биыл «Алтын белгі» алған елордалық түлектердің саны өткен жылмен салыстырғанда, 112-ден 132-ге, ұлттық емтихан бойынша орташа балл 86,6-дан 89,2 балға өскен.
Жалпы білім беретін мектептер саны да жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 7 100 орындық 6 мектеп ашылып, үш ауысымдық оқу толығымен жойылды.

«Ақылды қаланың» адымдары
2011 жылдан бастап елордада енгізіле бастаған «Ақылды Астана» жобасының мақсаты – тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету. Бұл – тұрғындарға қажетті білім,
денсаулық, көлік сынды сала­ларға инновациялық техно­логияларды енгізуге бағыт­талған. Осы жоба енгі­зілгелі астаналықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасала бастады. Мысалы, жұрт­­шы­лықты тегін интернет желі­сі­мен қамтамасыз ету үшін «Open Wi-Fi» жобасы қол­данысқа енді. Есілдің сол жаға­­лауындағы «Нұржол» сая­бағында бастау алған Wi-Fi нүктелері қалалық циркте, астаналық саябақта, «Қазақ­стан» орталық концерт залында, Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім және «Шабыт» сарайларында, «Астана-Арена» стадионында, «Алау» мұзайдыны мен барлық ойын-сауық орталықтарында орнатылды. Осы көпшілік орындарға келген жұртшылық компьютер, қалта телефоны арқылы ғаламтор желісін тегін пайдалана алады.

karta
«Ақылды Астана» аясында 2014 жылы қолға алын­ған тағы бір іргелі жоба – интел­лектуалдық көлік жүйесі болды. Бүгінде бұл жүйе қаланың 6 көшесінде енгізілген. Соның шеңберіндегі «Қауіпсіз қала» жоба тұрғын-дардың діттеген жеріне жедел әрі кедергісіз жетуін ғана емес, қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде Астана көшелерінде 1 мыңнан астам бейнекамера, 10-нан астам «ақылды бағдаршам» орнатылып, көлік кептелісін азайтуға айтарлықтай ықпал етуде. Жоба 2017 жылға таман толығымен жүзеге асырылады деп күтілуде. Сол кезде 500-ге жуық меке­менің маңайында 30 мыңға тарта бейнебақылау камерасы орнатылады, жұртшылық автобуспен қаланың арғы шетімен бергі шетіне бар болғаны 20 минутта жететін болады. Бұдан өзге, қоғамдық көліктер арнайы камерамен қамтамасыз етілмек. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін сақтап, қандай да бір төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, энерге­ти­калық тиімділікті қалып­тастыру жолдарын қарасты­ратын «Astana green city», қаланың көлік және логистика саласын дамытуды көздейтін «Astana mobility» және «Welcome to Astana» жобалары да қызмет көрсетудің сапасын арттыруға күш салады.

Ендігі меже «ЭКСПО – 2017»
Кешеге дейін елордада өткен ЕҚЫҰ Саммиті, VІІ Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, V Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сынды маңызды оқиғаларға ел куә. Халықаралық салмағы бар жиындар мен басқосулардың алаңына айналған Астана сәтін салса, енді «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізеді.
Халықаралық көрмелер бюро­сының талаптарына сай көрме өткiзушi қаланың әлеуетi үш ай көлемiнде кемі 5 млн адамды қабылдауға дәрмендi болуы тиiс.
Талапқа сай шаһардың оңтүстік-шығыс бөлігінде халық­аралық шараны өткізуге арналған тұтастай жаңа қалашық тұрғызылуда. Бұл мақсатқа Астана қаласы әкімдігі 124 гектар жер бөлді.

photo_163941
Ол коммуникациялық жа­ғынан қолайлы медициналық кластердің солтүстігінде, Орын­бор, №27, №30 және Қабан­бай батыр көшелерінің шекараларында орналасқан. «ЭКСПО-ның» орталық көрмесі Назарбаев Универ­ситеті мен «Абу Даби Плаза» кешені аралығындағы желілік парктің қиылысқан тұсында орналасады.
Көрме әлемді қазақстан­дық­тардың көп ұлтты мәдение­ті­мен, көне тарихымен, өнері­­мен, дәстүрімен және қонақ­жай міне­зімен танысты­руға жол ашып, еліміздің әлемдік қауымдастық алдын­дағы таны­малдылығы мен тартым­дылығын одан сайын арттыра түсетін болады.

Алда ауқымды шаралар
Астананың кез келген тұр­ғыны қаланың алдағы жоспарларын білгісі келетіні рас. Ендеше, елорданың алға қойған мақсаттары былай өрбиді екен:
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және көліктік жүктемені төмендету мақсатында әкімдік автокөлік қозғалысы, оның ішінде қоғамдық көліктің басқару жүйесін жетілдіруді; тұрақ орындарының әлеуе­тін кеңейтуді, әртүрлі көлік түрлерін бірыңғай мульти­модальдық логистикалық жүйеге біріктіруді көздейді.
ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық шеңберінде баламалы жеңіл рельсті көлік жобасы іске қосылды, ұзын­дығы – 22,4 км. Оның бірінші кезегі көрме павильонын және халықаралық әуежайды қосады. Жерүсті көлігі болып табылатын LRT жобасы көлік жүйесіне үйлесімді қосылады және негізгі бағыт «сол жағалау – әуежайдан» жүктемені түсі­руге мүмкіндік береді. Метрода күнделікті жолаушылар ағыны шамамен 83 мың адамды құрайды деп көзделуде.
Халық санының жыл сайын­ғы өсіміне байланысты, мем­­лекеттік-жеке меншік әріп­тестік тетігі бойынша жеке инвес­торлар есебінен жалпы сыйым­дылығы 5 340 машина сыятын 10 тұрақ салынады. Қаланың кіреберіс магистраль­дарында әрқайсысы тәулігіне 4500 жолаушыны өткізу мүмкіндігі бар 2 жаңа автовокзал ашылады.
Бұдан басқа, елорданың көлік инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде 150 қалалық автобустарды орналастыру және қызмет көрсету үшін автобус паркі салынады, ол жылытылған бокстарды, автожууды, жөндеу аймақтарын және жанармай құю стансаларын қамтиды.
Елорданың жолаушылар көлігін жаңғыртудың кешенді жоспарына сәйкес қалалық автобустардың жылжымалы паркін жаңарту қарастырылады. Жалпы көлемі шамамен 65 млн еуроға дизельді автобустарды сатып алуды қаржыландыру Еуропа жаңғыру және даму банкі қол қойған келісім шеңберінде жүзеге аспақ.
Бұдан басқа, бағдаршам объектілерінің автомат­танды­рылған қызмет ету тәртібінде көлік ағынын реттейтін «Интеллектуалды көлік жүйесі» (ITS) жобасының 3 кезеңін енгізуді аяқтау жоспарлануда.
Жалпы, Астананың өркендеу жолы осы бағытынан таймай, әрбір жеткен жетістік ілгерілеу кепілі бола бермек.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =