Бас қаланы көркейтуге бәріміз қатысайық!

0 16

Бас қала әкімі Алтай Көлгінов бұған дейін Birge платформасының іске қосылғаны туралы хабарлаған еді. Онда көпшілік елорданы дамыту бойынша ұсыныстарын жібере алады.

– Біз ұсыныстарды бірнеше бағыттарға бөлдік. Апатты жағдайдағы ескі үйлер, экология, газдандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктер, көшелерді жарықтандыру, жануарларды қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, білім беру, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, көлік және т. б. санаттар бар, – деді Алтай Көлгінов Instagram парақшасында.
Қазіргі кезде осы Birge сайтына 40 күн ішінде (https://birge-elorda.kz/nur-sultan) қала тұрғындарынан 240-тан астам ұсыныс түскен. Олардың қатарында бірыңғай студенттік карта құру және жаңа қоғамдық кеңістіктер ашу, көлік, ТКШ салаларына ақылды технологияларды енгізу және т. б. бар.
Бастапқы кезеңде 30-ға жуық ұсыныс іріктеліп, олар бойынша дауыс беру іске қосылды. Онлайн-дауыс беруге қоғамдық кеңістік, ТКШ, білім беру, бизнес, экология, жануарларды қорғау, көшелерді жарықтандыру, көлік, урбанистика – қалалық орта, туризм, мәдениет, әлеуметтік сала сияқты санаттар ұсынылған. Сол бойынша әркім өзіне ұнайтын идеяға дауыс бере алады. Нәтижесінде қала тұрғындарының көпшілігі қолдаған идеялар жүзеге асырылады. Алғашқы 30 жоба бойынша онлайн-дауыс беру 19.03-19.04.2021 аралығында ашылды.
Алтай Көлгінов қала тұрғындары қаланы одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын қалдыра алатынын айта келіп, «Бәріміз бірлесіп елордамызды одан да жайлы ете аламыз!» деген ұран тастады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =