«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бас қаланы кірпішпен қамтамасыз етеді

0 402

Бас жоспарға сәйкес, Астана агломерациясына енген елорда маңындағы елді мекендердің бас қаланы азық-түлікпен және құрылыс материалдарымен қамтамасыз ететіні белгілі. Бұл тұрғыда бұрнағы күні Астанадан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Қабанбай батыр кентінде кірпіш зауыты ашылды.

70 адам жұмыспен қамтылды

Мамандардың мәліметінше, осы уақытқа дейін алып құрылыс алаңына айналған Астанаға қызыл кірпіш материалдары, негізінен, Ресей, Өзбекстан сияқты өзге де алыс-жақын шетелдерден тасымалданып келіпті. Жалпы, қызыл кірпіш қыста жылылықты, жазда салқындықты, сонымен қатар шу оқшаулауды жақсы сақтайды деседі. Зауыт басшысы Сәбит Жәміштің айтуынша, бұдан былай Астана мен Ақмола облысының құрылыс компаниялары отандық өнімді пайдаланатын болады. Өйткені аталмыш зауыт өнімдерін алысқа емес, тек осы өңірге ғана шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. Өнімді экспорттаудың жалпы радиусы – 600 км.
– Зауыттың құрылысына 4 жыл уақыт жұмсалды. «Даму» қоры қолдау көрсетті. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарлама бойынша бір миллиард теңге несие алдық. Жекелеген инвесторлар да қол ұшын созды. Енді жылына 30 миллион кірпіш шығарамыз. Соның ішінде бөлек керамикалық блоктар мен сапалы кірпіштің әртүрлі маркалары жасалады. Қазір құрылыс компанияларымен келісімшартқа отырып жатырмыз. Қызығушылық танытып отырғандар аз емес, – дейді «Astana Ceramic» ЖШС директоры Сәбит Жәміш.
Кірпіш зауытында 70 адам жұмыспен қамтылған. Оның басым көпшілігі – жергілікті Қосшы, Қабанбай батыр ауылдарының тұрғындары. Мұнда оларға барлық жағдай қарастырылыпты. Қолға алатын орташа жалақы – 140 мың теңге. Алыс аймақтан келген жұмысшылар үшін жатақхана салынған. Зауыт заманауи испан технологияларымен және украин техникаларымен жабдықталған. Нәтижесінде артық қалдық қалмайтын көрінеді. Мысалы, кірпіштің кесілген бөліктері үгітіліп, одан қайтадан кірпіш жасалады екен.
Құмды үгіту, кірпіш формасын жасау, кептіру және күйдіру цехтарынан тұратын зауытта болашақта тұрғын үйлер сыртын қаптайтын кірпіштерді де жасап шығару жоспарда бар екенін айтады мамандар.
Зауыттың ашылу салтанатына Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев пен Испанияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Педро Хосе Санс Серрано, бірқатар отандық және шетелдік инвесторлар, ауыл тұрғындары қатысты.
– Целиноград ауданының құрамындағы барлық елді мекендер Астана агломерациясына еніп отыр. 20 жыл ішінде биік белестерді бағындырып үлгерген елорданы құрылыс материалдарымен және азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде бұл елді мекендердің өзіндік маңызы бар. Ал жаңа қарқынмен жұмысын бастап отырған кірпіш зауыты осы өңір мен Астананың құрылыс индустриясына айтулы серпін береді деп сенеміз, – деді Малғаждар Тәткеев өз сөзінде.

Шаруашылығы жанданған ауыл

Құрамына Сарадыр, Нұра, Қызылжар ауылдары кіретін, 15 мың халқы бар Қабанбай батыр ауылдық округі үшін де бұл зауыттың пайдасы орасан зор екенін айтады ауыл басшысы. Оның айтуынша, қазіргі таңда ауылдың ішкі жолдарының 90 пайызына асфальт төселіп, әр үйге ауызсу құбыры тартылған. Электр жарығынан да ауылда ешқандай мәселе жоқ көрінеді.
– Жалпы, ауылдың шаруашылығы жанданған. Мал өсіріп, егін егіп, құс асырап отырғандар бар. Ауылдықтардың біраз бөлігі соларда еңбек етеді. Күнделікті Астанаға барып-келіп жұмыс істейтіндер де жоқ емес. Астанадан қатынайтын №308, 309 автобустар ауыл ішіне дейін кіреді. Бұдан былай ауыл жолы жақсы болғандықтан, кентке келетін автобустар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ал кірпіш зауытының басшылары ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек беруді қолға алғалы отыр, – дейді Қабанбай батыр ауылдық округінің әкімі Айдос Мырзагелдиев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды