«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бас қаланы басқаға айырбастамаймын

0 258

Астана – армандарды биік шыңдарға қондыратын қала. Осынау қалада армандары орындалып, тасы өрге домалап жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – бүгінде еліміздің басты арнасының бет-келбетіне айналған тележүргізуші, яғни «Қазақстан» ұлттық арнасы «Таңшолпан» бағдарламасының тізгіншісі Ирина Тен.

ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖАНЫМДАЙ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН

Ирина Тен – «Таңшолпанмен» таңды қарсы алатын қазақ тілді қоғам үшін таныс есім. Сұхбат барысында ол әңгіменің әлқиссасын өзінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі туралы айтудан бастады. 1992 жылы 16 желтоқсанда Қызылорда облысы Арал қаласындағы кәріс отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз балдырған шағынан бастап қазақша-орысша қатар сөйлеп өскен екен. Аталмыш өлкедегі орыс мектебінде оқыған ол сол кездің өзінде-ақ мектепішілік түрлі іс-шараларды жүргізіп, байқауларға қатысып, белсенді оқушы болған.
– Бала кезімнен қазақша еркін сөйлеймін. Менің қазақ тіліне деген қызығушылығымды байқаған мұғалімдерім де зор қолдау көрсетті. Әсіресе, тілді 4-5-сыныптарда тереңдетіп оқи бастадым. Жазғы демалыс­тарда әдеби кітаптарға көп зейін қоятынмын. Кейіннен олимпиадаларға қатыстым. Мұқағалидың өлеңдерін жаттадым. Арнайы дәптер бастап, оған қазақтың мақал-мәтелдері мен салт-дәстүрлері жайлы жазып жүретінмін. «Жеті қазына» деген кітапты оқып, тілімді біраз жаттықтырдым. Неге екенін білмеймін, бірақ қазақ тілі мен әдебиетін жастайымнан жанымдай жақсы көремін. Ата-анам мен ағам да қазақшаға жетік, – дейді Ирина. – Мен туғанда есімімді «Ирина» деп 4 жастағы ағам қойыпты. Қалай дейсіз ғой? Ағам Александр кішкентай кезінде Ирина есімді әкемнің әпкесінің қолында болып, тәтемізге қатты бауыр басып қалса керек, анамның айы-күні тақаған уақытта ішін ұстап тұрып: «Ирина, Ирина» деп мені шақырады екен. Содан кейін ата-анам мені «Ирина» деп атапты. «Ирина» – грек тілінен аударғанда «бейбітшілік және тыныштық» деген мағынаны білдіреді.
Мектеп бітірген соң Алма­тыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен Ирина 2-курсқа көшкенінде-ақ Ұлттық арна­ның табалдырығын аттаған.
– Бағыма орай, 18 жасымда «Таңшолпанға» жұмысқа орналастым. Сол кезде қазақ тілді журналистер ортасына қосылғанымда, орысша оқы­ғандығым бірден байқалды. Қазақша еркін сөйлегеніммен, әріптестер арасында тіл байлық жағынан айырмашылық сезілді. Осыдан кейін қазақ әдебиетіне тіптен көбірек көңіл бөле бастадым. Жалпы, қазір үш тілде еркін сөйлеймін. Бірақ ағылшын тілін әлі де үйрену үстіндемін. Тікелей эфир барысында шетелдік қонақтар аудармашысыз келген жағдайда сұрақты еріксіз ағылшынша қоюға тура келеді. Бірақ қазақ жерінде хабар таратып, Ұлттық арнаның студиясында отырғандықтан, қандай жағдайда да эфирде тек қазақ тілінде сөйлеуге тырысамыз, – дейді тележүргізуші.

АСТАНАДА АРМАНДАРЫМ ОРЫНДАЛДЫ

Ирина Теннің бас қалаға қоныс аударып, «астаналық» атанғанына биыл 4 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде ол біраз белесті бағындырып, жетістіктерін де еселей түс­кен. Мысалы, «Ақпарат сала­сының үздігі» белгісі мен «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығының иегері атанып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелігіне қабылданған.
– Астанаға келгелі біраз арманым орындалды. «Астана – арман қала» деп бекерге айтылмайтын шығар. Мәселен, телекөпірлер, жекелеген концерттер сияқты Елбасының қатысуымен өтетін бірқатар шараларды тұрақты түрде жүргізіп жүрмін. Бұрын «Мемлекет басшысының бір шарасына қатысып көрсем ғой» деп армандайтынмын. Әлі де арманым көп, әрине. Бірақ оны орындалғанша айтпауға тырысамын, – деген арманы асқақ ару «Қазмедиа» орталығы мен қаладағы барлық саябақтар оның бас қаладағы ең сүйікті орындары екенін тілге тиек етті.
Сұхбат барысында биіктіктен қорқатынын, бірақ жоғарыдан қарап, аспанмен таласқан ғи­мараттардың төбесінен бү­кіл қаланың көрінісін тама­шалағанды ұнататынын сөз еткен Ирина Сергеевна Астанаға алғаш рет келгендегі әсерін де әңгімелеп өтті.

ЖҮРЕККЕ ЖЫЛЫ ШАҺАР

Өмірде өзінің анасы Валентина Сергеевнаны, ал журналистика саласында Владимир Познерді пір тұтатын Ирина қолы қалт еткенде кітап оқып, сурет салып, фортепианода ойнап, ән айтқанды жақсы көреді екен. Сол сияқты кино көруді ұнататын ол соңғы уақытта киноға түсуді де қолға алыпты. «Таңшолпан» бағдарламасының 20 жыл­дығына арналған қысқа­метражды деректі фильмге түсуден бастаған теле­жүргізуші кино әлемінде әлі де бағын сынай бермек. Мысалы, жуырда кинотеатрларда көрсетілетін «Каникулы в Таиланде» комедиясында жаңа қырынан танылатын кейіпкеріміз Ұлттық арнаның эфирінен көрерменге жол тартқан «Үзілмес үміт» телехикаясында Диананың рөлін сомдапты. Сондай-ақ, сәті түскенде, Ирина Теннің саяхат жасауға да жаны құштар көрінеді. Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Испания, АҚШ сияқты әлемнің бірқатар елдеріне саяхаттаған Ирина әр қаланың өз ерекшелігі бар екенін айтады.
– Мысалы, Нью-Йорк – ұшы-қиыры көрінбейтін өте үлкен қала. Әлемнің арман қуған азаматтарының көбі осы Нью-Йоркте жиналса, Лос-Анджелес мүлде басқаша. Онда көбіне шығармашыл, ыстық ауа ра­йын жақсы көретін адамдар бас қосады екен. Ал Сеул технологиясымен тартымды болса, Дубай топырақ үстіне тұрғызылған зәулім ғимараттарымен көз тартады. Сол сияқты Астана да өз алдына ерекше. Алайда кейбір адамның «қысы суық» деп бас қалаға жатырқай қарайтыны да бар. Алматыдан көшіп келгендегі алғашқы сәтте мен де Астананы біраз жатсындым. Бірақ бұдан былай бас қаланы басқа шаһарға айырбастағым келмейді. Мысалы, Алматыдан ұсыныс келіп түссе, енді ол жаққа қайтып баруға келіспейтін сияқтымын. Өйткені елордаға әбден үйреніп қалдым. Астананы қатты жақсы көремін. Жоғары технологиялардың барлығы елімізде ең бірінші болып Астанада енгізіледі. Ел ішіндегі ең маңызды оқиғалар алдымен елордада өтеді. Журналист ретінде сол қызықты оқиғалардың бел ортасында жүру – мен үшін үлкен бақыт, – дейді Ирина Тен.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды