Бас қалаға қанша мешіт керек?

0 121

Елорда халқының басым бөлігі Ислам дінін ұстанады. Мәселен, қазір қазақтардың саны 80 пайызға жуықтайды. Мұсылман қауымына жататын басқа этностарды есепке алғанда, Мұхаммед (с.ғ.с) үмбеті бұдан сайын көбейе түседі. Нұр-Сұлтан қаласында осы күні 13 мешіт бар. 1 миллионнан аса тұрғыны бар қала үшін бұл көп пе, аз ба оқырманның өзі саралай жатар. Бірақ мамандардың пікірінше, осыншама адам тұратын шаһарда кем дегенде 30 мешіт болуы керек. Салыстыра қарағанда, тұрғындары 2 миллионға жуықтаған Алматыда 52 мешіт жұмыс істеп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында да олардың саны жылдан жылға көбеюде.

«БЕКЕР МАЛ ШАШПАҚ ПА»?
Алайда қарсылықтар да жоқ емес. Мешіттің орнына мектеп, басқа да осы сияқты әлеуметтік нысандар салынса, одан гөрі абаттандыруға көңіл бөлінсе деген пікірлер оқтын-оқтын айтылып жатады. Басқаша айтқанда, кейбіреулер мешіт құрылысын «бекер мал шашпаққа» балайды. Былтыр бас қалада 30 мың адамға шақталған мешіттің құрылысы басталғанда да сондай пікірлердің бір парасын естіп, әлеуметтік желілерден оқыған едік.
Таяуда елорданың «Комсомоль­ский» тұрғын алабындағы «Ерке», «Аркада», «Керемет» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары үйлерінің маңайында 250 адамға арналған мешіттің құрылысына қарсы шықты. Олар оның орнына шағын бақ салынғанын дұрыс көреді. Ал қаланың бас жоспарына сәйкес сол аумақта мешіт болуы керек.
Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Аян Смағұловтың айтуынша, аталған аумақта мешіт салу туралы түбегейлі шешім шығарылған жоқ. Биылғы наурыз айында «Loft Development» компаниясына сол аумақты зерттеуге, мешіт құрылысын жобалауға рұқсат құжаты берілген. Бұл жұмыстардан соң ғана нақты не салынатыны анықталады.
– Бұл рұқсат қағазы компанияға жер теліміне құқықтарды иеленуге, жерді пайдалануға, яғни меншік иесі болуға мүмкіндік бермейді. Тиісті заңнамаға сәйкес осы аумақта орналасатын нысан ғана белгіленеді, – дейді ол.
Тұрғындар болса, бұл жер мешіт құрылысына тар деп есептейді. Егер діни ғимарат салынатын болса, олардың жүріп-тұруына да, мешітке келушілерге де ыңғайсыз болады. Оның үстіне көліктер нөпірі балаларға қауіп тудырады. Себебі, сол маңайда №79 мектеп-лицей орналасқан. Оқу жылы мерзімінде тұрғын үйлердің тұрақтары көлікке толып кетеді. Ал мешіт салынса, көліктер одан сайын қаптайды.
Олардың айтуынша, бастапқыда бұл аумаққа шағын бақ салу жоспарланған. Маңайда саябақ болмағандықтан, осы жаңалыққа қуанған. Мешіт болатынын таяуда ғана естіген. Тұрғын үйлердің арасында оның салынуын олар құп көрмейді. Бұған қоса, мектеп пен мешіттің арақашықтығы 120 метрдей ғана болмақ. Бұл заңға да қайшы. Одан да «Алланың үйі» М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті маңайында немесе «Хан шатырдың» артында салынғанын дұрыс көреді. Тұрғындардың есептеуінше, сол аумақтарда мешітке лайық келетін орындар бар.
– Бас жоспар бойынша бая­ғы­дан бұл аумақта мешіт салу жоспарланған. Тиісті заңнамаға сәйкес тұрғын үйлердің арасында діни ғимарат салуға тыйым салынбаған. Заң бойынша діни ғимараттардың сыртындағы діни әдебиетті тарату орындары мен мектептердің арасы 300 метр болуы керек. Мешіттер діни ғимараттар болып саналғандықтан, бұл жағдайда бәрі дұрыс, – дейді А.Смағұлов.
Осы мәселе бойынша әзірге «ит­жығыс» болып тұр. Бұл аумақта мешіт пе, шағын бақ па, басқа нысан салына ма тиісті зерттеу жұмыстарынан соң белгілі болады.

ЖҰМА НАМАЗЫНДА ЖАМАҒАТ СЫЙМАЙДЫ

Жалпы елорданы одан әрі дамыту жоспарына сәйкес әр ауданда полиорталықтар болуы керек. Қаланың инфрақұрылымында соның бәрі есептелген. Яғни, кез келген қыз­метті пайдалану немесе бос уақытты өткізу үшін қаланың басқа шетіне барудың қажеті жоқ болады. Тұрғындарға қажет барлық нысандар жақын жерде орналасады. Әрине, осының ішіне мешіттер де кіреді. Қазір қаланың төрт ауданында да мешіттер бар. Бірақ кейбіріне жұма намазы немесе діни мерекелер кезінде жамағат сыймайды. Немесе ғибадат орны алыс болғаннан соң, аяқтан сабылуға тура келеді.
Былтыр Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. Бұл – еліміз бойынша типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртібін қалыптастыратын негізгі құжат. Соған сәйкес мешіт жергілікті жамағаттың санына лайықтап салынып, оның ауласында автотұрақ, саябақ және басқа да қажетті нысандар болуы керек.
Сонымен қатар деңгейіне және адам санына қарай мешіттер үш деңгейде салынатын болды: ауылдық (сыйымдылығы 70-500 адам), аудандық (500-1500 адам), облыстық, қалалық (1000-5000 адам). Мешіт құрылысы да заманауи талапқа сай жүргізілуі тиіс. Жобалаушылар мен құрылыс жүргізушілер Исламның және жергілікті сәулет өнері үлгілерін пайдалану міндетті. Мешіттің мұнарасы, күмбезі және ішкі-сыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болғаны шарт.

Кіру ЖОЛДАРЫ ОЙЛАСТЫРЫЛМАҒАН

Осы орайда елордадағы «Әзірет Сұлтан», «Ырыскелді қажы», «Рақымқызы Раиса ана» мешіттерінің жобасын жасаған Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сағындық Жанболатовқа хабарласып, оның пікірін білдік.
– Бас қалада өзім жобалаған соңғы мешіттер 1500 адамға арналған. Елордаға шағын мешіттердің керегі жоқ. Әрине, аумақта тұратын адам санына байланысты 500 адамдық мешіттерді салуға болады. Менің ойымша, шаһарда бір үлкен орталық мешіт болуы керек. Бірақ мешіттер сұранысқа сай бой көтергені жөн. Тиісті инфрақұрылымды да есепке алу қажет. Мәселен, «Әзірет Сұлтан» мешітінің жобасын жасадым. Көріп жүрсіздер ғой, оның автотұрағы кең. Бірақ келу жолдары ойластырылмаған. Кейбір жерінде солға бұрылыс мүлде жоқ. Соның жолдарын ретке келтіріп алу керек еді. Мешіттерге негізі қосымша жол салу қажет, – дейді сәулетші.
Қазір елордада 30 мың адамға арналған мешіт салынып жатқанын жұрт біледі. Бұл еліміздегі және Орта Азиядағы ең үлкен мешіт болады. Ал «Әзірет Сұлтан» мешітіне – 12 мың адам, «Нұр Астана» мешітіне – 5 мың адам, қаладағы байырғы Аллаға құлшылық ету орны – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне – 1600 адам, «Ырыскелді қажы» мешітіне 1500 адам сыяды.
Сағындық Жанболатовтың айтуынша, мешітті жобалаудың да өз сыры бар. Мәселен, өзі «Ырыскелді қажы» мешітін 750 адамға шақтап жобалаған. Ал құрылыс ережелеріне сәйкес шаршы метрлерді есептеу мен адамдардың намазға тұру тәртібінде әжептәуір айырмашылықтар кездеседі. Кейінгісіне салғанда, осы мешітте бір мезгілде 1500 адам еркін намаз оқи алады.

ТЕПЕ-ТЕҢДІК САҚТАЛМАҒАН

Қала аудандарына шаққанда, Байқоңыр ауданына мешіттер жетпей жатқан сияқты. Себебі осы ауданда әзірге «Сәдуақас қажы Ғылмани» және «Өндіріс» тұрғын алабындағы «Ар-Рахман» атты екі мешіт қана бар. Яғни, тепе-теңдік сақталмаған. Ал Алматы ауданының аумағында бес мешіт жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – «Железнодорожный» тұрғын алабындағы «Әс-Сәләм» мешіті.
– Мешітіміз 800 адамға арналған. Екі кіші залымыз бар. Мешіт жамағат санына қарай ашылған. Қазір кенттегі бүкіл жамағатты қамтып отырмыз. Аумақта қосымша мешіт құрылысынан мұқтаждық жоқ. Тіпті, Орталық базар, «Астаналық» базар жақтан мешітімізге адамдар құлшылық етуге келіп жатады. Олар «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне сыймайтын болған соң, сіздерге келдік» деп айтады, – дейді «Әс-Сәләм» мешітінің бас имамы Серік Құрманов.

«ӘЛЖАН АНАҒА» ЖЕТУ ҚИЫН

Өткен жылы Сарыарқа ауданында 1500 адамға арналған «Рақымқызы Раиса ана» мешіті ашылып, осы аудандағы мешіттер саны үшке жетті. Ескі теміржол вокзалы аумағында мешіттің ашылғанына жұрт риза.
– Вокзал аймағында мешіттер жоқ еді. Мешіт дәл керек кезінде салынды. Сыртынан қарағанда да ғимарат көз тартады. Көлемі орташа, бірақ әдемі. Жан-жағы жасыл желекпен көмкерілген, – дейді қала тұрғыны Дана Қиятбаева.
Ашылғанына бір жарым жыл болып қалған «Ақ мешіт» мешіті де жамағаттың көңілінен шығып жатыр. Бір мезетте 1200 адам құлшылығын өтей алатын мешіт асханасына сұраныс үлкен. Онда карантинге дейін ас жиі беріліп жататын. Мешіт жанынан медресе де ашылған.
Есіл ауданында осы күні үш мешіт жұмыс істейді. Соның бірі –«Пригородный» тұрғын алабындағы «Әлжан ана» мешіті. Қала тұрғыны Қастер Қайыпұлының айтуынша, бәрі дұрыс, бірақ оған жұма намазы уақытысында автобуспен жету қиындық тудырады. Жаңа 30 мың орындық мешіт ашылғанда, қаладағы он төртінші, ал осы аудандағы төртінші мешіт болмақ.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл елордада бұдан басқа мешіт ашылмайды. Ал келесі жылы бірнеше мешітті мұсылман қауымының игілігіне пайдалануға беру жоспар­ланған.

– Бас қалада өзім жобалаған соңғы мешіттер 1500 адамға арналған. Елордаға шағын мешіттердің керегі жоқ. Әрине, аумақта тұратын адам санына байланысты 500 адамдық мешіттерді салуға болады. Менің ойымша, шаһарда бір үлкен орталық мешіт болуы керек. Бірақ мешіттер сұранысқа сай бой көтергені жөн. Тиісті инфрақұрылымды да есепке алу қажет. Мәсе­лен, «Әзірет Сұлтан» меші­тінің жобасын жасадым. Кө­ріп жүрсіздер ғой, оның авто­тұрағы кең. Бірақ келу жол­дары ойластырылмаған. Кейбір жерінде солға бұрылыс мүлде жоқ. Соның жолдарын ретке келтіріп алу керек еді. Мешіттерге негізі қосымша жол салу қажет, – дейді сәулетші.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 16 =