Бас қалаға ескерткіш боп оралса…

0 242

5 наурыз – Алаш көсемі, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күні. Осы атаулы датаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін – тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті» деп жазды twitter парақшасында. Тұғырлы тұлғаның мерейтойы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар келіп тұр. Бұл тұрғыдан қос мерейтой маңызы бұдан әрі артты.

Осыдан бес жыл бұрын ­Әлиханның 150 жылдығы ЮНЕС­КО аясында атап өтілді. Астана және Қарағанды қаласында бірнеше конференция ұйымдастырылып, Әлихан ­Бөкейхан шығармалары жинағының 15 томдығы жарық көрді. Халықаралық шараларға келсек, Санкт-Петербург қаласындағы «Таврия» сарайына ардақты тұлғаның ескерткіш-мүсіні орнатылды.
Елорданың ескі орталығында бұдан бұрын Алаш көсемінің атында қысқа ғана көше бар-тын. Сол жылы Еңбекшілдер және жобалық атауы №36 көшелер біріктіріліп, Әлиханға үлкен көше берілді. Елорданың сол жағалауында орын тепкен көше Назарбаев орталығынан басталып, Керей-Жәнібек хандар, Бұқар жырау, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова көшелерімен, Ұлы дала даңғылымен қиылысып, Тұрар Рысқұлов көшесінде аяқталады.
Бір жыл бұрын ғана бас қаладағы №76 мектеп-лицейге Әлихан аты берілді. Ендігі үлкен іс елордадағы тұлға атындағы көшенің бойына ескерткішін орнату болуы керек деп есептейміз. Сонда Алаш қайраткерін ұлықтау шаралары біраз тиянақталар еді.
Біздегі бір кемшілік – елге ортақ белгілі бір тұлғаны туған жеріне ғана теліп қоямыз. Оның мерейтойы келгенде де, тиісті шараларды сол өңірдің иығына артып қоямыз. Мәселен, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы оның туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында тойланды. Соны көргендер «жетім қыздың тойындай өтті» деген пікірді айтты. Сол кездегі облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданы Әлихан атына ауыстырылады деп жар салды. Ел «бәрекелді» десті. Бірақ сөзі ең аяғында сұйылып кетті. Күні бүгінге дейін ол орындалған жоқ.
Жақында аймақтың қазіргі басшысы Жеңіс Қасымбек кеңес заманынан қалған, сол заман рухындағы аудан атауын Әлихан Бөкейхан атына ауыстыруды Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев қолдағанын сүйіншіледі. Естуімізше, алдағы 12 наурыз күні Қарағанды қаласының мәслихаты қаланың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беруге қатысты көпшілік тыңдауларды өткізеді. Сонда осы мәселе де талқылануы тиіс.
Ерекше атап өтетіні, екі жылдай бұрын осы облыстың Қарқаралы қаласында Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлімхан Ермеков ескерткіштері бой көтерді. Ал одан ілгеріректе Алаш партиясы құрылған Семей шаһарында Әлихан ескерткіші ашылды. Көпшілікке ұнаған бұл сәтті туындының авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бақытбек Мұхаметжанов елордада тұрады. Таза қоладан құйылған мүсіннің биіктігі тұғырымен қосқанда 5 метрден асады. Осындай ескерткіш елдің астанасы Нұр-Сұлтан қаласына да керек.
Әрине, елордада «Алаш аллеясын» салып, соның бойы­на бір шоғыр Алашорда қайраткерлері ескерткіштерін орналастыру мәселесін зиялы қауым көптен көтеріп жүр. Бұл да – құлақ асарлық ұсыныс. Бірақ Алаш көсемі ретінде соның басында Әлихан Бөкейхан тұруы қажет.
Осыдан бес жыл бұрын тұлғаның 150 жылдық мерейтойы тұсында академик Сейіт Қасқабасов айтқан сөз есімізден кетпейді. Онда көрнекті ғалым: «Әлихан мен Алашпен тамсануымыз әлі біткен жоқ. Біз сол тамсанудан әрі аса алмай жүрміз. Түптеп, тереңдеп олардың идеяларын зерттей алмай жатырмыз. Әрине, бұған қатысты тарихшылар мен әдебиетшілердің еңбектері жазылып жатыр. Алайда Әлихан ұсынған, жалпы алғанда «Алаш» қозғалысының идеяларының осы замандағы қайсысы өзекті, қайсысын пайдалануымыз керек, олар қаншалықты жүзеге асып жатыр деген мәселелерге келгенде кібіртіктейміз» деген еді. Рас, құр тамсана бермей, сөзден гөрі нақты істерге көшу керек. Сонда ілгері басамыз. Ал Әлихан Бөкейхан мен Алаш идеялары бүгінгі Қазақстанмен тамырлас, өзектес. Әрі-беріден соң, тәуелсіздік талаптарын Әлихан бастаған Алаш қайраткерлі айтып кетті. Сондықтан, оларды қалай ұлықтасақ та жарасады.

Әлихан БӨКЕЙХАН:

Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

***
Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

***
Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды.

***
Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау.

***
Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.
***
Жер десе – дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі – негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін: «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақыл мен сабырмен атқарған оң.

***
Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.

***
Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға үйреніп игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныс­танушыларға да берілмесін.

***
Рухани мәдениеттің бір белгісі – жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу.

***
Закон – адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой.

«Алаш айтқан асыл сөз» жинағынан

ӘЛИХАННАН КӨЗ ­ЖАЗЫП ҚАЛҒАН ­ҒАСЫР…

Қазақтың қайсар ұлы
Әлихан Бөкейхановтың
рухына ескерткіш.

Заман өзге,
Зар қайтқан,
тарап мұңым,
Басқандаймыз сәл тыншып
жан аптығын.
Есігіне ескерткіш белгі қойдық
Сендер жатқан
лағынет- абақтының.

Жүрсең де, аға, дәуірден
дірдек көріп,
Ғұмыр кештің арпалыс
жылды өткеріп.
Ал ақикөз алақшы мылтығының
Ұңғысында соңғы оғы тұр кептеліп.

Жылдарға еріп келеді үміт көші,
Таңы – шуақ бұл күннің, тымық кеші.
Білесің бе, ағатай, шіріп кеткен
Сендерді атқан мылтықтың шүріппесі.

Алашыңды санадың жаннан да асыл,
Айтып кеттің жалт етер
жалғанға сыр.
Қойнауына тарихтың көшіп кетті
Әлиханнан көз жазып қалған ғасыр.

Нәлет жандар айрылып нау шағынан,
Күресінде қалды айғай, қаусап ұран.
Кепеу де жоқ, жоқ бүгін НКВД
Қан тамшылап тұратын саусағынан.

Әлдеқалай адамы батса лаңға,
Жарыр ма екен заманы жақсы адамға.
Ақ жолынан адамзат адасқанда
Бақ таяды пақырдан, патшадан да.

Алшы түсер асығым бақ шабарда,
Жарылқанар басташы жақсы амалға.
Сенің рухың оралды, Әли аға,
Қылыш қанат қыран жүр Ақсораңда.

Армандапсың,
ұрпақ та армандасын,
Асқақ тұлғаң лайықты заңғарға шын.
Саған деген, ағатай, сағыныш қой,
«Талды бейіт» басына тамған жасым.

Ғазиз ЕШТАНАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 19 =