«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бас қаладағы жаңалықтар жаршысы

0 19

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Elorda Aqparat» ұжымымен кездесіп, журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады. 

DSC_2581++

 

Кездесуге әкіммен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, қалалық басқармалардың, аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары қатысты.

«Elorda Aqparat» медиахолдингінің құрамына «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері мен «Elorda.info» желілік басылымы кіреді.

Бас қаланың басты басы­лымдары – «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттері 1990 жылдан бастап шығады. «Астана ақшамы» газеті бұдан бұрын Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен «Нұр-Сұңқар» сыйлығын иеленген болатын.

Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының, әкімдіктің жұмысын, қаладағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-­экономикалық салаларда түрлі бастамалардың жүзеге асыру барысын ақпараттық қолдау­да медиахолдингтің рөлі маңызды екенін баса айтты.

«Бас шаһардың тынысына айналып үлгерген ұжым қыз­меткерлеріне жүктелетін міндет қашан да жауапты әрі күрделі.

Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер бас қаладағы жаңалықтың жаршысына айналдыңыздар. Күні кеше Мемлекет басшысының Алғыс хаты «Вечерняя Астана» қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымына табысталған болатын. Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Президент Қасым-
Жомарт Тоқаев айтқандай, қазіргі ақпарат айдынында жалған ақпараттарды таратушылар көбейіп кетті. Осындай күрделі жағдайда жаңалықтарды объективті түрде беруде кәсібилік маңызды. Ақпарат ағынына ілесу өте үлкен еңбекті талап етеді. Біздің атқарып жатқан жұмыстарымыз елордалықтарға сіздер арқылы жетеді. Бұл ұжым қала тұрғындары мен әкімдіктің арасын жалғап тұрған алтын көпірге айналды» деді шаһар басшысы.

Қала басшысы Алтай Сейдірұлы әрқайсысы апта сайын 15 мың данамен оқырманға жетіп жатқан басылымдардың шежіресімен, тыныс-тіршілігімен, сондай-ақ сайттың жұмысымен жіті танысып шықты.

– Редакция жұмысымен танысу барысында Elorda.info сайтына жыл басынан бері кірушілер саны 1,16 млн адамға жеткенін байқадым. Тіпті, сайт жаңалықтары рес­публикалық телеарналардан да беріледі. Бұл – жақсы көрсеткіш. Еңбектеріңіз жана берсін. Шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін, – деді қала әкімі.

Мерекелік жиын барысында елорда әкімі Алтай Көлгінов медиахолдинг қызметкерлеріне және әкімдіктің, қала басқармасының, аудан әкімдіктерінің баспасөз хатшыларына құттықтау хат табыстады.

Сонымен қатар кездесуде әкім ұжым қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Олардың проблемаларын, оның ішінде ұжым қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін шешуге уәде етті.

«Тілшілер күнделікті жедел әрі сенімді ақпарат таратып, түрлі тақырыптағы мәселелерді қозғайды. Ұжым қызметкерлері пандемиямен күрес, қаңтар оқиғасы, референдум кезінде де қала тұрғындарын сенімді және өзекті ақпараттан хабардар етіп, алдыңғы шепте қызмет етті» деді шаһар басшысы.

Медиахолдинг басшысы Ерлан Қарабалаев та әріптес­теріне өз құттықтауын арнап, жиын соңында «Вечерняя Астана» газеті бас редакторының орынбасары Шолпан Ақбалаева мен «Астана ақшамы» басылымының шолушысы Аманғали Қалжановқа «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

 Гүлбаршын

Өкешқызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды