БАС ҚАЛАДА – БЕКМАМБЕТОВ КИНОФЕСТИВАЛІ

0 158

Жексенбі күні елорда жұртшылығы ІІІ халықаралық «Астана» экшн-фильмдер фестивалінің ашылу салтанатының куәсі болды. Тимур Бекмамбетов пен оның командасының дәстүрлі фестивалінің ресми ашылуы Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылды. Сарайдың алдына төселген қызыл кілеммен жүзден астам кино майталмандары мен мәдениет қайраткерлері жүріп өтті.

 Салтанатты ашылуға дейін қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Онда кинофестиваль президенті Астананы азиялық кинематография орталығына айналдыру қажеттігін айтты.

 – Биыл фестиваль көп кинематографистерге қарай елеулі қадам жасады.

Біз 90-шы жылдардың жұлдыздар шеруін жасауды доғардық. Біз Астананы азиялық кинематография орталығына айналдырумыз керек, – деді ол.

Биылғы фестивальге Азия құрлығындағы ең ірі үш киномектебі – Қытайдың Бейжің киномектебінен, Кореяның киноөнер академиясынан, Жапонияның Киото өнер университетінен жас режиссерлер келді.

 – Әр мектептен 30-ға тарта қатысушы келді. Оған Қазақстаннан таңдалып алынған 30 кинематографист қосылды. Сонда барлығы 120 жас режиссер қатысуда. Олар қысқа уақыт ішінде кинематографияның көптеген сырларына қанығып, Қазақстан және тамаша қала – Астана жайлы мағлұмат алуға үлкен мүмкіндік алып отыр. Олар бірігіп, Астананың жаңа мифологиясын құрулары тиіс. Не шығатынын біз білмейміз, көреміз, бағдарлама соңында көрсетуге тырысамыз, – деді Т.Бекмамбетов.

Айта кетерлігі, үш күндік фестивальге бірқатар әлемдік кино жұлдыздары, әйгілі актерлер мен режиссерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері келді. Сондай-ақ танымал продюсерлер мен әлеуетті инвесторлар да бар. Арасында Қазақстан, Корея, Жапония, Қытайдан 150 делегат, АҚШ, Еуропа, Ресей және Қазақстаннан 300-ден астам қонақ бар.

Фестивальдің алғашқы күні корейлік сценарист, режиссер және продюсер Канг Дже Гю мен Сонг Джин Чо шеберлік сыныптарын өткізді. Сонымен бірге танымал ресейлік актриса Елиза- вета Боярская БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Дүйсенбінің ала таңы атысымен американдық режиссер, сценарист Кевин Рейнольдес қатысушыларға шеберлік сыныбын өткізді. Одан соң киногерлер «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының жанындағы этно- ауылға аттанды. Қазақтың тарихы мен мәдениетімен танысып, ән мен жырын тыңдап қайтқан меймандар түс қайта Бейбітшілік және келісім сарайына қайта жиналды. Фестиваль аясында белгілі қазақстандық режиссер Ақан Сатаев пен әйгілі актер Венсан Кассель журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді. Жерлесіміз Ақан Сатаев сөз арасында өзінің Ұлы Отан соғысы туралы кино түсіруге ниетті екенін мәлімдеді. Ал әйгілі француз актері Венсан Кассель өзінің Бекмамбетов фильмдеріне ерекше құрметпен қарайтынын әрі оның фильмдеріне түсуге қуана келісетінін айтты.

 

Айнұр САНАБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =