«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бас қалада баспана алу оңай ма?

0 13

Елордада баспана кезегіне тұрып, үй алу үшін қанша уақыт күту керек? Бұл бағытта қандай мемлекеттік бағдарламалар бар? Үйлі болуға қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов жауап берді.

DSC_5408

– Мемлекеттік құры­лымда көптен бері еңбек етесіз. Осы саланың осал тұстарын жақсы білесіз, елордада тұрғын үй мәселесі ең өзекті деп санауға бола ма?

– Соңғы жылдары қала халқы санының екі есе артуы инженерлік желілерге, денсаулық сақтау, білім беру және т. б. салаларға салмақ түсірді. Соның ішінде әрине баспана – ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда елордада тұрғын үйге мұқтаж 48 мыңға жуық азамат мемлекеттен үй алуға кезекте тұр. Кезекте тұрғандарды есепке алу 5 санат бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, бұл санаттарға жетім балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылғандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардағы қызметкерлер және әскери қызметкерлер жатады. Бас қалада жыл са­йын сол кезектегі азаматтарға 10 мың пәтер беру жоспарланған. 2019 жылы қалада 3 мыңға жуық пәтер берілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 7 мыңға көтерілді, былтыр 10 мыңға жеткіздік. Биыл тағы да осы көлемде пәтер беру көзделген. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда.

– Елордалықтар мемлекеттен үй алу үшін қанша уақыт күтуі керек?

– Норматив­тік құқық­тық актілер бойынша үй кезегімен пәтер алуда нақты бір белгіленген мерзім жоқ. Бәрі салы­натын үйлер саны мен бағдарламаларға байланысты болады. Ал жалпы тәжірибеге сүйенсек, кезекпен үй алудың орташа мерзімі – 10 жылға дейінгі уақыт.

 – Тұрғындар тарапы­нан үй кезегінің жылжуына байланысты сұрақтар көп. Осыған орай, кезектің қалай жылжитынын айтып бере аласыз ба?

– Иә, үй кезегі неге өте жай жылжиды деген сауалдар көп түседі. Бізде үйдің кезегі тек баспана беру арқылы ғана емес, сонымен қатар кезекте тұрғандар тізімін тексеріп, түгендеу арқылы да жүргізіледі. Жыл сайын үй кезегіне инвентаризация жасаймыз, соның барысында өзінің мәртебесін растамаған азаматтарды, мәселен, үй алғандар және т. б. жағдайға байланыс­ты тұрғындарды кезектен шығарып тастаймыз. Үйдің кезегінде бұрыннан, яғни 2007-2008 жылдардан бері тұратындар несиелік баспана алуға қатыса алмайды. Сондықтан олар сатып алу құқығынсыз баспананы жалдау жобасын күтеді. Сатып алу құқығынсыз баспананы жалдау заң бойынша, нысандардың қалай пайдалануға берілгеніне, оларды қалай бөлгеніне қарай кезекпен беріледі. Мұнда бір айта кетерлігі – пәтердің типі де әсер ететіндігі, егер азамат үйінде жалғыз адам болса, оған заң нормасы бойынша 1 бөлмелі пәтер беріледі. Көп жағдайда белгілі бір пәтерлер типі аздық етіп жатады. Шартты түрде жалғыз тұратын бір адам 64 нөмірлі кезекте тұр дейік, оған 100 пәтерлі үйден берілетін болып, алайда пәтердің тек 15-і ғана бір бөлмелі болса, бұл адамның аталған үйден баспаналы болуға кезегі жетпей қалады да, ол келесі тұрғын үй нысанының пайдалануға берілуін күтеді.

– Мемлекеттен үй алуға кімнің құқығы бар, толығырақ айтып берсеңіз…

– Коммуналдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған жетім балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мемлекеттен үй ала алады. Үй заңға сәйкес жекелеген тізімдер арқылы беріледі. 2019 жылдан бері сатып алу құқығынсыз баспана жалдау белгілі бір санаттағы азаматтар үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мүмкін болды, яғни оған көпбалалы отбасылар, әлеуметтік әлсіз топтар және жұмыс істейтін жастар жатады. Бұл ретте біз мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес сатып алу құқығынсыз баспана жалдауды бюджеттік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерге ұсына алмаймыз.

– Жеңілдікпен бері­летін шаршы метр қалай ұсынылады?

– «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 75-бабына сәйкес мемлекеттен үй берудің өзіндік нормалары бар. Сол бойынша пәтердің пайдалы ауданы 15 шаршы метрден кем емес, 18 шаршы метрден көп емес болуы керектігі туралы талаптар бар. ҚР Үкіметі бекіткен аурулар тізіміне кіретін созылмалы аурулары бар адамға қосымша бөлме қарас­тырылады. Сонымен қатар бір бөлме екі түрлі жыныстағы отбасыға берілмейді. Мәселен, үй кезегінде тұрған адам толық емес отбасыға жататын болса, айталық олар анасы мен ұлы дейік, саны жағынан пәтер беру нормаларына сәйкес оларға 1 бөлмелі пәтер беруіміз керек, алайда олардың екі түрлі жыныстағы адамдар екенін ескере келе екі бөлмелі үй беру керек болады.

– Қазіргі таңда қызметтік және жалға алатын баспана – өзекті мәселе, осы бағдарламалар туралы айтыңызшы, оларға кімдер қатыса алады?

– Сатып алу құқығынсыз тұрғын үйді жалдау «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тек үш санаттағы азаматтарға берілетінін айттым. Оған өтінім беруде азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы платформа жасалған, аяқтай келіп, өтінім жазбай-ақ сол арқылы үйде отырып өтінім беруге болады. Тек электронды цифрлы қолтаңба болса болды. Тұрғын үй дайын болғанда, біз басқарманың сайтында өтінім қабылдау басталғанын хабарлаймыз. ЭЦҚ арқылы өтінім берсе болды, қалған құжаттарын электронды жүйе арқылы тауып аламыз. Ал қызметтік пәтерге келсек, заңға сәйкес мемлекеттік қор коммуналдық, мемлекеттік мекемелер және мемлекеттік кәсіп­орындар қорынан тұрады. Одан бөлек, ведомстволық тұрғын үй қоры деген бар. Қызметтік үй азаматтарға қызметтегі міндеттерін орындап жүрген кезеңде беріледі. Біздің басқарма жанында әкімдікке қарайтын ішкі ведомстволық ұйымдар бар. Қызметтік пәтер алу үшін қалада 2018 жылы құрылған «Тұрғын үй» МКК-ға немесе қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына хабарласып, тиісті құжаттарды апару керек.

«Отбасы банк» арқылы үй алуда да екі бағыт бар. Аз қамтылған азаматтар жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен, 10 пайыз бастапқы жарна төлей отырып үй алуына болады. Бұған үш санат – көпбалалы отбасы, толық емес отбасы және мүгедек бала өсіріп отырған отбасы кіреді. Сонымен қатар осы банк арқылы «Шаңырақ» бағдарламасы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен, бастапқы жарнаға 10 пайыз төлей отырып, жүзеге асырылады. Оған кезекте тұрғандардың бәрі қатыса алады

– Қаламыздың бір тұр­ғыны – «Күміс алқа иегері» атанған көпбалалы ана 1665 нөмірмен үй кезегінде тұрмын дейді. Ол сатып алу құқығынсыз үйді жалға беру көпбалалы отбасыларға қашан мүмкін болатынын білгісі келеді.

– Бұл жақында, нақтырақ күзге таман беріледі. Мүмкін ертерек болып қалар. Нысандар дайын болған сәтте өтінім беру басталғанын ертерек хабарлаймыз. Жалпы көпбалалы отбасыларға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй мәселесі бөлек қарастырылады. Сол сияқты әлеуметтік осал топтарға да, жұмыс істейтін жастарға да бөлек беріледі. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша үй кезегінде 47914 азамат тұр. Солардың 6 мыңы – көпбалалы отбасы санатындағылар, 20 мыңдайы – әлеуметтік осал топтар. «Отбасы банк» арқылы үй алуда да екі бағыт бар. Аз қамтылған азаматтар жылына 2 па­йыздық мөлшерлемемен, 10 пайыз бастапқы жарна төлей отырып үй алуына болады. Бұған үш санат – көпбалалы отбасы, толық емес отбасы және мүгедек бала өсіріп отырған отбасы кіреді. Сонымен қатар осы банк арқылы «Шаңырақ» бағдарламасы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен, бастапқы жарнаға 10 па­йыз төлей отырып, жүзеге асырылады. Оған кезекте тұрғандардың бәрі қатыса алады. Бір айта кетерлігі, әлеуметтік қолдау шеңберінде әлеуметтік көмек ретінде 1,5 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты беріледі. Егер азаматтың санаты осы бағдарламалардың біреуінің талаптарына сәйкес келетін болса, банк арқылы несиесін төлеуге қабілеттілігін дәлелдеп, құжаттар апарады. Сосын банк қарыз бере алады деген хабарлама жібереді. Сол хабарламаны бізге алып келген соң сертификат береміз. Бұл қайтарымсыз көмек – бастапқы жарнаны жабатындай қаржы. Алайда сертификатты барлық бюджеттік сала қызметкерлеріне бере алмаймыз, яғни тек кейбір саладағы адамдарға – педагогтарға, медицина мамандарына, полиция, төтенше жағдай қызметкерлеріне, әлеуметтік қызметкерлерге беріледі. Сонымен қатар «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-пен арада өзара іс қимыл жөніндегі меморандумға қол қойылған, соның аясында біз сатып алу құқығымен жалға пәтерлер ұсынамыз. Оған тек 7 сала бойынша бюджет саласы қызметкерлері ғана қатыса алады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, полиция, ТЖ, мәдениет, спорт саласы мамандары. Осы бағыт арқылы былтыр 426 пәтер бердік. Өткен жылы әкімнің бастамасымен «Елорда жастары» бағдарламасын іске қостық. Мұның жұмыс істейтін жастарға баспана жалға беру бағдарламасынан айырмашылығы неде? Егер жалдау бойынша бағдарламамен тек 29 жасқа дейін жастар қамтылса, «Елорда жастары» арқылы 35-ке де­йінгі жастар жылдық 5 па­йыздық мөлшерлемемен және 10 пайыз бастапқы жарна төлеу арқылы үй алуына болады. Бұл бо­йынша барлығы 1179 өтінім берілді. Соның ішінде 200 өтінім иесіне үй беру мәселесі шешілді. Оларға ең көп дегенде 18 млн теңгеге дейінгі баспана алуға мүмкіндік бар.

– Президенттің тапсыр­масымен осы жылы әлеу­меттік осал топтар үшін баспана жалдауды субсидиялаудың жаңа механизмі іске қосылады. Бұл кімдерге қолжетімді?

– Бағдарламаның операторы – Отбасы банк. Өтінімдер қабылдау 18 сәуірден басталып кетті. Ережеге сәйкес оған қатыса алатын 4 санат бар. Оған атаулы әлеуметтік көмек алатын, көпбалалы отбасылар, мүгедек бала өсіріп отырған отбасылар, жетім балалар мен І, ІІ топтағы мүгедектер жатады. Бұл бағдарлама бойынша үй құнының елу пайызын өздері, елу пайызын мемлекет төлейді.

– 2006 жылы кезекке тұрып, 2019 жылы сатып алу құқығынсыз жалдауға пәтер алған бір азаматша кеңес сұрайды. Оның айтуынша, баспана жалдау бағдарламасының кесірінен отбасы мүшелері жылжымайтын мүлікті ипотекаға болса да рәсімдей алмайды. Бұл жағдайда не істесе болады?

– Отбасы мүшелері басқа бағдарламаға қатыса алмайды деген сөз жоқ. Жалдауға пәтер 5 жылға беріледі. Бірақ сондай азаматтардың арасында мерзімі біткен соң мемлекет үйді тартып алады деген қате түсінік бар. Алайда келісімшартты үйдегі басқа адамның атына қайта жасап, мерзімін ұзартуға болады.

– Елордадағы тозығы жеткен және апатты үйлер мәселесі қалай шешілуде?

– Бүгінде қаламызда 219 апатты үй бар. Олардың 61 пайызы әбден тозған. 155-і – көппәтерлі үйлер, қалғаны – жеке үйлер. Қалада жоспарға сәйкес ескі үйлерді сүру үш кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңі – 2013-2017 жылдар, екіншісі – 2018-2022 жылдар және үшінші кезеңі 2023-2027 жылдар аралығы. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында апатты үйлер тұрғындарына бұрынғы үйінің бағасына тең және ауданы бойынша сай келетін пәтерлер беріледі.

– Лифтілер туралы айт­сақ… Олардың жұмысы қалай бақылауға алынған?

– Бүгінгі таңда қалада 9 мыңнан астам лифт бар. Соның 235-і жөндеуді қажет етеді. Әзірге қосалқы бөлшектері болмай тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы былтыр 34 лифт ауыстырдық. Лифт жасайтын отандық өндірушілер өзімізде бар. Алайда оларды таңдауда тұрғындар пікіріне баса мән беріледі.

– Биыл 1 шілдеде елордада ПИК жұмысы толық тоқтайды. Жаңа МИБ жүйе­сіне көшу процесі қалай жүруде?

– Қалада 665 көпқабатты үйде 522 МИБ құрылды. 1085 қарапайым серіктестік бар. Елордадағы 2859 тұрғын үйдің 61 пайызы жаңа жүйе­ге көшті. Ал қалғандары тез ашпаса, шілдеде ПИК жұмысы тоқтаған соң сол үйлер әсіресе жылыту маусымында қараусыз қала ма деген қауіп бар. Сондықтан тұрғындардан МИБ ісіне салғырт қарамай, тезірек оны құрып, төрағасын сайлап, жиналыстарын өткізу керектігін өтінеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды