БАС ҚАЛАДА БАҒЫ ОЗҒАН

0 210

Астана – арманға жетелеген байқауға бай қала. «Жас қанат» республикалық байқауы талайларды қанаттандырды, халықаралық «Шабыт» фестивалі өнерпаздар шабытын шарықтатты. «Astana Piano Passion», «Аялаған Астана», «Дала дауысы»… қайсыбірін айтамыз. Әрқайсысының өз орны бар, әрқайсысы бір төбе. Біз елордалық конкурстардың қатысушыларына «Байқау өміріңізге өзгеріс әкеліп, өнер әлеміне жолдама бола алды ма?» деген ортақ сауалды қойған едік.

    

Маржан АрапбаеваМаржан АРАПБАЕВА, «Жас қанат-2002» байқауының дипломанты, әнші:

«ЖАС ҚАНАТ» МАҒАН ӨНЕР ЕСІГІН АШТЫ

– Бала кезімнен музыкаға ғашық едім. Таңнан кешке дейін ән салатынмын. «Айқайлай бермеші, басты ауыртып жібердің!» деген көрші үйдің ұлдарынан басқа әніме ешкім аса назар аудара бермейтін (күліп еске алды). Он бірінші сыныптан кейін мамандық таңдау керек. Ал, мені тек ән қызықтырады. Консерваторияға түсейін десем, музыкалық мектепте не колледже оқымағанмын. Бір күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында музыка-педагогикалық факультет барын естіп, бірден Алматыға жол тарттым. Кейіннен оқушыларға ән-күйден сабақ бердім, домбыра мен вокал үйірмелерінің жетекшісі болдым. Балалармен жұмыс істеу өте ұнайтын, бірақ мұғалімдік менің қолым еместігін ішім сезетін. Бірдеңе жетпей тұратын. Жүрегім әнді аңсайтын. Сөйтіп жүргенімде, ойда жоқта мейрамханада ән айтуға шақырды. Келістім. Сол сәттен дауысымды эстрадаға жетілдіре бастадым. Халық әндері, поп-музыка, джаз… Бір сөзбен айтқанда, репертуарым жан-жақты еді. Онымен де тоқтамадым. Ешкімге ұқсамайтын, өз әнімді орындағым келді. Италия әншісі Лаура Паузинидің әнін орысшаға аударып, оранжировка жасайтын адамды іздедім. Таныстарым маған Қайрат Жәнібековке жолығуға кеңес берді. Дауысымды естіген соң: «Үлкен сахнаға шыққың келе ме? Мысалы, мен сені «Жас қанат» байқауына ұсынар едім. Бұған қалай қарайсың?» деп сұрады. Бұл сөздер мені бірден еліктірді. Көңілімде үміт сәулесі жарқ ете қалды. Бірақ, ондай байқауға қатысу үшін қомақты қаржы керек болар деп ойладым да, «Жоқ. Бұл менің жолым емес» деп қысқа қайырдым. Әлгі әңгімеден соң, біраз уақыт өтті. Ұмытып та кеттім. Бір күні Қайрат телефонмен хабарласып, «Жас қанаттың» қатысушысы болуыңмен құттықтаймын!» деді. Студияда жазылған әнді режиссер Александр Пономаревқа тыңдатқан екен. Ол кісі мені конкурсқа қосыпты. Осылайша мен «Жас қанатта» ән салып, өнер адамдарының көзіне түстім. Дипломант атандым. Жеңімпаздар арасынан мені байқаған қазылар алқасы «Азия дауысы» фестиваліне шақырды. Шанхайда өткен халықаралық ән байқауынан жүлделі үшінші орынмен оралдым. «Славян базары» байқауында екінші орынға ие болдым. Елге «конкурстық әнші» деген атпен таныла бастадым. Ойлап отырсам, менің бағымды ашқан – «Жас қанат». Сол арқылы алдымнан өнер есігі ашылып, үлкен сахнаға аяқ бастым.

калкаман саринҚалқаман САРИН, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын:

МЕН ҮШІН «ШАБЫТ» – ПОЭЗИЯ МЕРЕКЕСІ

– «Шабыт» өзіме өнерлі жастардың бас қосатын поэзия мерекесіндей көрінеді. Күз келсе, сонда асығамыз. Етене араласып, шығармашылық тұрғыда табысамыз. Ол – Астанамен бірге өсіп келе жатқан бәйтерек сияқты. Мұнда сезілетін әдеби орта шабыттандырады, серпін береді, алға жетелейді, рухани байытады.
2008 жылы қатысып, лауреат болдым. Мен қатысқан жылы қазылар алқасының төрайымы Фариза Оңғарсынова апамыз болған еді. Кеш соңында оның «Жыл сайын үздіктерді анықтаймыз. Бірақ, кейіннен оларды таппай қаламыз» деген сөзі қайсымызға болса да қамшыдай тигені рас… Өмірбаяныңа «Шабыт» фестивалінің лауреаты» не болмаса «жеңімпазы» деген бір тіркес жалғанады енді, бірақ ақындарға «О, бұл «Шабыттың» жүлдегері ғой!» дегізерліктей құдіреті бар деп айта алмаймын.

Небір фестиваль, мүшәйралардың жеңімпазымын деп кеуде соғып, өзіңді ақынмын деу – қателік. Ақынның ақындығын халық мойындайды, бағасын да халық береді.

         

Болат БатырбаевБолат БАТЫРБАЕВ, «Аялаған Астана» республикалық балалар байқауының былтырғы жеңімпазы:

«АЯЛАҒАН АСТАНА» МАМАНДЫҚ ТАҢДАУЫМА КӨМЕКТЕСТІ

– Әнге деген қызығушылығым жеті жасымда оянды. Әкем мені Көкшетау балалар шығармашылығы үйіндегі вокал үйірмесіне жаздырды. «Айгөлек», «Ақ көгершін» сияқты көптеген ән байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Санкт-Петербургте өткен «Болашақ ғаламшар» байқауында үшінші орынға ие болсам, Новосібірдегі Дельфийлік ойындардан алтын медаль әкелдім. Былтыр жетекшім «Аялаған Астана» жобасы басталғалы жатқанын, оның жеңімпазы Артектегі «Жаңа толқын-2013» балалар байқауында ел намысын қорғайтындығын айтты. Іріктеуге қуана-қуана қатыстым. «Япыр-ай» мен «Ямайка» әндерін орындап, 200-ге жуық баланың ішінен жартылай финалға шықтым, ары қарай финал… Бір жыл өтсе де, сол кезде алған әсерім әлі есімде. Бойымда қобалжу, тікелей эфирдегі көрсетілім, өнерімізді бағалап отырған танымал аға – әпкелер. Оған қоса, оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән орындайсың. Сахнада бір өзің емес, кәсіби музыканттармен бірге өнер көрсету ғажап екен әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Ең бастысы, бұл байқау маған мамандық таңдауыма көмектесті. Болашақта Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсіп, өнер жолын қусам деген арманым бар.

Дайындаған: Мәдина ЖАҚЫП

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 3 =