Бас қалада 354 сайлау учаскесі ашылды

0 9

Нұр-Сұлтан қаласында 354 сайлау учаскесі бар, оның 5-еуі – аумақтық, 349-ы – учаскелік. Сондай-ақ 66 учаскелік сайлау комиссиясы – Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінің жанында. Бұл туралы кеше қалалық әкімдіктегі брифингте айтылды.Жиынға Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, цифрландыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Асқар Таксимов және Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова қатысты.
Бақыт Бектемісованың айтуынша, биыл жаңа 50 сайлау учаскесі құрылған.
«Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 21 қазандағы қаулысымен ҚР Парламенті мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарға белгіленді. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 354 сайлау учаскесі бар. Оның 5-еуі – аумақтық, 349-ы – учаскелік. Соның ішінде 66 сайлау комиссиясы – Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінің жанында. Қала бойынша жалпы 3322 сайлау комиссиясы мүшесі бар. Олардың 35-і – аумақтық, 3287-сі – учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері.
Сайлаушы өзінің болатын орнын ауыстырған кезде сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде сайлаушыға немесе сенімхаты бар өкіліне дауыс беру құқығын беретін тізімнен шығару куәлігін табыс етеді. Мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі басқа сайлау округінде немесе бір елді мекен шегіндегі өзге сайлау учаскесінде сайлауға қатысқысы келетін сайлау­шыларға тізімнен шығару куәліктері берілмейді. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді. Тізімнен шығару куәліктерін беру сайлау күнінен бір күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де тоқтатылады» деп мәлімдеді ол.
Дауыс беру учаскесін анықтаудың мынадай жолдары бар:
– Қала әкімдігінің astana.gov.kz порталының басты бетінде «Өз сайлау учаскеңді тап» баннері;
– 109 телефоны арқылы 24/7 режимінде iKomek бірыңғай байланыс орталығы;
– Telegram-да @nursultan­ikomek109_bot, @smartastana_bo чат-боттары;
– Facebook: @ikomek109, Instagram: @ikomek109, электронды пошта: 109@ikomekastana.kz;
– «iKOMEK109» және Smart Astana мобильді қосымшалары (Android және iOS платформаларында) арқылы жүргізіледі.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =