Бас қала қалай газдандырылып жатыр?

0 42

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеуінде елді әрі қарай газбен қамтамасыз етуді жалғас­тыруды тапсырған болатын. Әсіресе, орталық және солтүстік өңірлерді «көгілдір отынмен» қамтуға ерекше назар аударды. Сол мақсатта «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы басталып, осы уақытта біршама жұмыстар еңсерілді. Атап айтқанда, елордаға 1 мың шақырым магистралды газ құбыры тартылды. Қазір орамішілік газ тарату желілері салынып жатыр. Әсіресе, бұл жұмыс жеке секторда қарқынды жүргізілуде. Қаланы газдандандыру ісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен қала әкімі Алтай Көлгіновтің ерекше бақылауында тұр.Қыстың тымық күндері пеш жағудың салдарынан қаланы түтін басатыны белгілі. Әрине, қала экологиясына бұл жағдай кері әсерін тигізуде. Биылғы жылыту маусымы басталғанда «Көктал-1» және «Көктал-2», «Агрогородок», «Промышленный», «Железнодорожный» тұрғын алаптары және «Оңтүстік-шығыс» ауданының бірқатар үйлері газға қосылып, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 «көгілдір отынға» ауыстырылады. Сол кезде экология да жақсарып, шеткі аймақ тұрғындардың өмірі жеңілдейді. Газдандырудың бірінші кезеңінде-ақ зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге немесе 40 мың тоннаға азаяды.
Биыл елордада жалпы 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салу жоспарланып отыр. Таяуда алғашқы әлеуметтік нысандар мен жеке үйлер газға қосылды. Қазір «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» тұрғын алаптарында желілердің 60 пайызы салынды. «Железнодорожный» тұрғын алабында бұл жұмыс 100 пайыз орындалды. «Промышленныйда» тиісті жұмыстар алдағы тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Бүгіндері ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ден тұрғын алаптардағы үйлерге желілерді тікелей бұру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Елорданы газдандыру екі бағытта және үш кезеңде жүзеге асырылып жатыр. Бірінші бағыт – өндірістік сектор мен тұрғын алаптарды газдандыруға арналған газ тарату желілерін салу. Екінші бағыт – ЖЭО-ларды газға ауыстыру. Ал алғашқы кезеңде «Көктал-1» және «Көктал-2», «Агрогородок», «Промышленный», «Железнодорожный» тұрғын алаптары және «Оңтүстік-шығыс» ауданы газдандырылады. Ол үшін тоғыз іске қосу кешені салынып бітті. Екінші кезеңде «көгілдір отын» «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Тельман», «Пригородный» тұрғын алаптары мен Garden Village және Family Village коттедждер қалашықтарына жеткізіледі. Үшінші кезеңде «Үркер», «Шұбар», «Өндіріс» тұрғын алаптары газдандырылатын болады. Жобаны іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдарға жоспарланған, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Отын-­энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мақсат Есмағұлов.
Оның айтуынша, газ тарату желілері тұрғын алаптардағы әр үйге дейін тартылады. Әрі қарай үй иелері газды баспаналарына өздері кіргізеді. Таяуда қала аудандарының әкімдері қалалық мәслихат депутаттарына шеткі аймақтарды дамыту мәселесі бойынша есеп берді. Сонда газдандыру қалай жүргізіліп жатқанын да баяндады.
Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердінің мәлімдеуінше, «Көктал-1» тұрғын алабында 25 көшеге, «Көктал-2» тұрғын алабында 25 көшеге және «Агрогородокта» 33 көшеге газ тарату желілері тартылды. Ал Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполовтың сөзінше, «Железнодорожныйда» 650 үйді, «Промышленныйда» 2300 үйді газға қосу жоспарланып отыр.
– Қазір тұрғындарға газға қосылу мәселесін түсіндіріп жатырмыз. Бұл үшін Ж.­Жабаев, 12/2 және Шалкөде, 3 мекенжайларында екі кеңсе ашылды. Мердігерлермен келісімге келдік. Олар «Железнодорожныйда» әлеу­меттік қолдау ретінде өз қаржысына 10 үй мен №29 мектепті газға қосты, – дейді Б.Есполов.
Қазіргі таңда тұрғын үйлерге газ кіргізумен айналысып жатқан компанияның бірі «Нұр-Сұлтан Газ» аталады. Компания директоры Александр Райконың айтуынша, үйге газ кіргізу кемінде 300 мың теңге тұрады. Мұндағы 200 мың теңге – тиісті мамандардың жұмысы, 100 мың теңге – қазандықтың бағасы. Әрине, баға тұрғын үйдің шаршы метрі мен қазандық түріне байланысты өзгеріп отырады. Осы уақытқа дейін отыздан астам жеке үйдің иесімен келісімшартқа отырған компания тағы тапсырыстарды күтіп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − five =