Бас мүфтимен кездесті

0 8

Кеше елорда әкімі Алтай Көлгінов ҚМДБ бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлымен кездесіп, карантин режимі жағдайында өтетін Құрбан айтты атап өту мәселесін талқылады.

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты адамдардың көптеп жиналуына, бір жерге шоғырлануына болмайды. 5 шілдеден бастап енгізілген қатаң карантин режиміне сәйкес, барлық рәсім онлайн өткізілуі қажет. Осыған сәйкес биыл құрбандық шалу рәсімдері де онлайн-форматта өтеді. Осы орайда, алғаш рет қашықтан құрбан шалуды ұйымдастыру мақсатында qurban2020.kz сайты іске қосылды. Аталған сайтта кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады. Кездесуде қала әкімі вирустың таралу қаупінің алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларына мән берілетінін атап өтіп, елордалық мешіттерге ұйымдастыру жұмыстары бойынша көмек көрсетілетінін атап өтті. Ол үшін еріктілер мен IT-мамандардан тұратын қалалық арнайы штаб құрылды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елорда бойынша өкілдігі және тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесе дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Рұқсат етілмеген жерлерде құрбандық шалуға болмайды. Осы мәселені және адамдардың топтаспауын қадағалау үшін аудан әкімдіктерінде шұғыл әрекет ету топтары құрылды. Барлық мемлекеттік органдар күшейтілген режимде жұмыстар жүргізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 1 =