БАС ДАҢҒЫЛДА – БАҒДАРЫМ

0 251

ERA_3619

Қандай бақыттымыз!.. Бас шаһарымызда Тәуелсіздік атындағы даңғылымыз бар! Тек қадір-қасиетін сезіне білсек-ші…
Барлық облыс орталықтарында Тәуелсіздік даңғылы болу керек сияқты. Өйткені, біз, қазақ халқы – ТӘУЕЛСІЗБІЗ, АЗАТПЫЗ, ЕГЕМЕНБІЗ! Бұл – Астанадағы Тәуелсіздік даңғылын бойлай аяңдап келе жатқанда көкейде қылаң берген ой…

а

Ас

хат РАЙҚҰЛ

IMG_9410

Ардағымыз, айбарымыз – Отан-Ана!

Үш торапты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов пен орыстың қос алыбы Пушкин мен Кравцов көшелерін түйістіре басталған Тәуелсіздік даңғылы, бір қызығы, елордадағы ең қысқа даңғыл екен. Ұзындығы бар-жоғы бір шақырым тоқсан алты метр ғана.

Алты жолаққа бөлінген бас даңғыл (мейлі, қысқа болса да) жайында бүгін ақтарылғанның айыбы жоқ шығар…

Есілге ағатын шапқылап Ақбұлақ өзегін басып өтетін жолды «Толқын» спорт кешені бастайды екен. Сәл ілгері қозғалсаңыз, сол қапталыңыздан «Отан Ана» монументін көзіңіз шалады. Мұны «Отан қорғаушылар» алаңы деп те атайды жұрт. Алып ана бейнесі қос қолына ұстаған зерлі кесесіне ақ құйып, қазақы көңілімен, мейірбан пейілмен қонағына ұсынып тұрғандай. Соғысқа аттанған жарын, әлде алыста жүрген ұлын сағынып, әлденеге алаңдайтындай. Одан күллі қазақ әйеліне тән ұлттық болмыс-бітім аңғарылады.

Қола бағанның  ұшар басындағы ою-өрнекті жүз жиырма бір алтын масақ көпұлтты еліміздің тамыры терең бірлігі мен берік достығын айшықтайды. Келген жанның назарын бірден аударатын Жер шарының бейнесі бір қолымен әлемді тербеткен Анамен әсем үйлесімін тапқан. Қола бағанның бір жағына байтақ мекенімізді басқыншылардан қорғаған хас батырлар, екінші жағына Ұлы Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен жауынгерлер сап түзепті. Айтпақшы, осы ескерткіштің ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «…Бұл мемориал ұрпақтарымыз бейбіт өмірімізді құрметтеп, қанқұйлы соғыс зардабының қандай болатынын естен шығармау үшін ұлағатты ескерткіш болуы керек. Біз өз иықтарымен бар ауыртпалықты арқалаған айрықша аналарымызды мақтан етеміз. Оларсыз жеңіс те болмас еді. Отын өшірмеген ержүрек аталарымыз бен шаңырағымызды шайқалтпаған мейірбан аналарымыздың қадірі мен қасиетіне қойылған киелі белгі – бұл!» деген еді.

 

Дара тұлғалар даңғылдан бастау алады

Хош, ілгері аяңдайық… Оң қапталымызда «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы қалып барады. Мынау – жауырыны жер иіскемеген палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы көше. Қайран, Қажыата, сенің көшеңнің Тәуелсіздік даңғылынан бастау алғаны да бекер емес-ау. Әлемге ұлтын мойындатқан сендей ұлдар арамызда бүгін де бар, тәуба. «Алмалы» қонақ үйі, Сервис орталығы, «Центр кредит» банкі сынды кәсіпкерлік нысандар даңғылдың ажарын аша түседі. Қазақ даласын қара ақ желең, албырт нақышты күйімен тербеген дәулескер күйші Дина көшесі де Тәуелсіздіктен басталған екен.

«Keruen Travel», «Daniar» қонақ үйі, «Ultra» дизайн салоны, «Intelresurs ltd» туристік жарнама орталығы, «Oil» май құю бекеті,  «Ajar centr» сауда орталығы… Құдайым-ау, ағылшын шаһарына еніп кеттік пе, әлде иелерінің латын әліпбиіне көшу алдындағы дайындығы ма?..

Алаштың Би-ағасы, Бейімбет Майлин де Тәуелсіздік даңғылынан бастау алатын көшені иеленіпті. Осы тұстағы «Алтын ғасыр» тұрғын үй кешені алыстағыға «Шұғаның белгісіндей» мұнартып, шұғыласын шашатын сықылды.

 

Балталы, Балбырауын, Балқантау…

Тәуелсіздікпен қиылысқан Бауыржан Момышұлы даңғылы. Бір кездері «Он үшінші магистраль» аталған сұрықсыз көшенің бойындағы Үйлер де аңғал-саңғал еді. Енді ше… Тотыдай таранып, сұлудай сыланыпты. Қос қапталдағы ғимараттардан баһадүрдей биіктік байқалады. Сәл ілгері қозғала қалсаңыз, басқа бір жұртқа енгендей күй кешесіз. Кілең қос қабатты коттедждер. Өркениеті өсіп, дамып кеткен қазақ ауылы іспеттес. Даңғылмен қиылысатын, іргелес жатқан қысқа-қысқа көшелердің де атаулары қазақы: Ақыртас, Шертер, Қалба, Құндызды, Балталы, Қарқабат, Дауылпаз, Келес, Тарлан, Балбырауын, Балқантау, Майқайың… Осылай жалғаса береді.

Баһадүр мен хас батыр қатар жатыр. Әлгі «ауылдан» есіңізді жиып, енді шыға бергенде Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ең алғаш ту тіккен қазақ жауынгерлерінің бірі, тіпті, бірегейі Рақымжан Қошқарбаев атындағы даңғылға кезігесіз. Осы тұстан ғой «Қазақ елінің» көгінде қалықтаған алып қыранның көзге айқын шалынатыны, «Пирамиданың» ұшар биігі көрінетіні, Әзірет Сұлтан мешіті мұнараларының мен мұндалайтыны…

 

05Батыстың сәулеті. Шығыстың шырайы

Тәуелсіздік даңғылының айбынын асырған, ажарын келістірген, рухын айшықтайтын нысандарға енді келген сықылдымыз. Алдымен, ұлт ұстазы, ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы көшесімен қиылыста жатқан, көп конфессияның, түрлі діннің жетекшілері мен өкілдерін бір шаңырақ астында ұйыстырған Бейбітшілік және келісім сарайынан бастасақ. Әлемнің сегізінші кереметі аталып кеткен ғимараттың авторы – ағылшын архитекторы Н.Фостер. Болат пен тастан, шыныдан тұрғызылған нысан экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холлы тәріздес.

Сарайға қарама-қарсы тұрған – Әзірет Сұлтан мешіті. Үш қабатты имандылық ордасының баламасы әлем елдерінде кемде-кем. Былтыр ғана Алланың ақ үйін ашу салтанатына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Төрт мұнаралы сәнді және сәулетті зәулім мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз Әзірет Сұлтаны бар. Мешіттің Тәуелсіздік даңғылында, Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайларының ортасында орналасуының да мәні бар» деген-ді.

 

 «Қазақ елінде» ұлттың қасиеті бар

Осындай таң-тамашалармен басыңыз айналып тұрғанда, қарсы алдыңыздағы «Қазақ елі» монументінің құзар басына көз сала қойыңызшы. Бөрігіңіз домалап жерге түспесе, маған келіңіз. Өйткені, биіктігі тұп-тура тоқсан бір метрге барады. Тәуелсіздігімізді алған жылдың белгісі ғой. Бұл алып ескерткіштің ең басты ерекшелігін айтсақ, оның төрт бұрышты діңгегінің төрт қабырғасына да барельефтер қойылған. Алдыңғы қабырғасындағысы «Тұңғыш Президент және Халық» деп аталады. Онда Елбасының толық бейнесі мен халықтың келбеті көрініс тапқан. Одан кейінгі барельефтер «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» болып жалғасады.

Енді… енді оң жағыңызға көз салсаңыз, «Тәуелсіздік» сарайын көресіз. Еуразия қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының Астана Саммиті өткен төрінде оның. О-о, одан басқа қандай жиындардың, басқосулардың ұйтқысы болмады бұл сарай. «Қазақ елі» монументінің сол қанаты – «Шабыт» сарайы. Қазақ ұлттық өнер университетінің еншісіндегі нысанның ішінде не жоқ, бәрі бар: сезім мен шабыттың шалқып-тасып, тебіренуіне барлық жағдайды жасап-ақ бағыпты. Даңғыл бойымен тағы ілгерірек аяңдасаңыз, алдыңыздан кесіп өтетін Шәмші Қалдаяқов көшесі «Менің Қазақстаным!..» деп ән салып жатады…

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − seventeen =