«Барыс» рекордпен бастады

0 116

КХЛ чемпионатында ел намысын қорғап жүрген «Барыс» хоккей клубы кезекті ойында Екатеринбург қаласының «Автомобилист» командасын қабылдап, тағы да ірі есеппен, яғни 7:2 есебімен жеңіске жетті.«Барыс» биылғы чемпионатта жеті ойын өткізіп үлгерсе, алты ойында қарсыластарынан басым түсті. Тек бір ойында ғана жеңілістің ащы дәмін татқан еді. Осылайша, «Барыс» жаңа маусымды жаңа рекордпен бастап отыр.

Астаналық команда бүгінде КХЛ чемпионатының жалпы біріншілігінде Санкт-Петербургтің СКА командасынан кейін екінші орында келеді. Ал «Шығыс» конференциясы бойынша көш басында тұр. Әзірге ең көп гол соққан біздің «Барыс» болып отыр. Біздің хоккейшілер жеті ойында қарсыластар қақпасына 40 шайба салып үлгерді. Бұл КХЛ чемпионатындағы жаңа рекорд.

Бірнеше астаналық апта сайын жаңартылып отыратын «Үздік ойыншылар» қатарынан түспей келеді. Атап айтқанда, бес гол соғып, жеті рет дәл пас берген Найджел Доус үздік бомбардирлер тізімін бастаса, Талғат Жайлауов үздік пас берушілердің қатарынан көрініп жүр. Талғат сегіз дәл пас шығарып, үш голдың авторы атанған. Сондай-ақ, биыл команда сапына қосылған американдық Мике Лундин үздік қорғаушылар тізімінен орын алған.
«Барыс» келесі ойындарын сырт алаңда өткізеді. 26 қыркүйекте «Донбасс» (Донецк), 28 қыркүйекте «Медвешчак» (Загреб), 30 қыркүйекте «Динамо» (Минск), 2 қазанда «Спартак» (Мәскеу) командаларымен ойнайтын болады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 10 =