©2020 Астана Ақшамы
БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАУҒА МҮДДЕЛІМІЗ
Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды (Жолдау жолдарынан)
Мәдениет – ұлттың рухани тұғыры, шынайы болмысының шілтерлі шымылдығы. Дәстүріне қарап, сол халықтың жан-дүниесін, болмыс-бітімін, тіршілік тынысын танисыз. Қазақ мәдениеті мен дәстүрі дегенде, көз алдымызға алдымен орала кететіні қандай көрініс?.. Іргесі түріліп, түндігі айқара ашылған ақ шаңқан киіз үй. Киіз үй іші де құлпырған бір әлем: шашбаулы уықтар, төрде қазақы ою-өрнекпен нақышталған сандық, сандықтың үстіне әдіптеле жиылған көрпе-төсекті айтыңыз, кереге басында кәдуілгі қара домбырамыз ілініп тұр, сол тұрысының өзі күй күмбірлеткендей… Оң жақ босағада – салпаң құлақ, садақтай иілген құмай тазы, сол жақ босағада – томағалы қыран…
Ашық аспан астында ән қалықтайды, алтыбақанда тербелген бозбала мен бойжеткен шырқаған ән. Ақбоз атты тақымдаған жігіт осы думанға асығып келеді. Әне, үйір жылқы жарыса барып, суатқа құлады. Желідегі құлындардың мұндайда шыңғыра кісінейтіні бар. Ересек балалар кезектесе түйген келі мен келсап та жарасым тауыпты. «Қамажайды» шырқап, текемет басқан аналардың ақ жаулығы ауылдың ажарын ашқандай…
Міне, қазақ мәдениеті мен дәстүрінің бір парасы. Осы әңгіме бола қалса, өзекке шоқ түсірер жайлар да ойға оралады. Ақ шаңқан киіз үйдің Америка асып кеткені, сары қымызды Алмания еншілеп алғаны – табанды тіліп, тұз сеуіп жібергендей ішіңді ашытады… Өшкеніміз тұтанып, жоғалтқанымызбен қайта қауышудамыз ғой. Ел болғанымызды көрген әлгілер енді иесіне қайтарар деген үміт те жоқ емес. Дүние иесінен үн шықса, әрине.
Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды
(Жолдау жолдарынан)
Қызыл империя бодандығындағы түрлі халықтың ұлттығын былай қойғанда, мәдениеті мен дәстүрін табанға салғанын тарихтың парақтары әйгілейді. Бабалар қалыптап, ұрпаққа мирас еткен талай құндылықтар құрдымға кеткенін енді екшеп, есептеудеміз. «Ескіліктің исі аңқыған» қанша дүние замана қатпарында қалды. Тас бауыр тоталитаризмнің пәрменімен туған топырағынан шалғайлап, өзге елге тамырын жайғандар да көп. Қазақ солай қам шеккендердің қатарында.
Бүгін тәуелсізбіз, егеменбіз, еркінбіз. Дербестіктің туы желбіреген шаңырақтың астында жазмыш жазуымен тұрағын тапқан туысқан халықтар аз емес. Біз олардың кеудесінен итеріп, дәстүрі мен мәдениетіне сызат салмадық. Өсуіне, өркендеуіне қолғабыс еттік. Өзге ұлттар этно-мәдени бірлестіктерін ашты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болып, Қазақстан халқы ассамблеясын құрып берді. Ассамблеяның ұйтқысымен туысқандар жарасымын тапты, кеңестік кезеңде жоғалтқан мәдени дәстүрлерімен қауышты. Қауышты да, жаңғыртты.
«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Данышпан Абайдың қағидаты – бар қазаққа ұран. Сондықтан да, неміс өз тілін оқытатын мектебін ашуда, орыс өз тілінде кітабын оқуда, шешен ұлттық биін билеуде, өзбек ала шапанын бабасының көзіндей қастер тұтуда… Солай болғанымен, қазақ руханияты, өнері, әдебиеті әу бастағы биігінен төмендеген жоқ. Тәуелсіздіктің лебі ескен жаңаша сипаттағы дүниелер туды. Олар ұлт құндылықтарының тамырын бекітіп, мызғымастай күшейте береді.
Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті
(Жолдау жолдарынан)
«Егемендігімізді еншіледік» деп, ешкімді кеудеден итермедік. Татулықты ту еткен елміз. Бәзбіреулер іспетті іргемізді қымтап, қыңқ еткенді жау көрмейміз. Қанымыздағы ғадетпен жайдарымыз, жақсысын аламыз, жаманынан жиренеміз. Содан кейін болар, өшкеніміз өше түскен жоқ, жоғалғанымызды жоқтамай қалмадық. Шама-шарқымызша ұлт құндылықтарын іздей бердік.
Өзгеден аларымыз неғұрлым көбейе берсе, өзіміздікі де өркендей берді. Ұлттығымызға қаяу түсірмей-ақ, әлемдік жаңалықтардан қалыс қалмадық.
Қазақта тек бар. Тектілік жоғалған. Кешегі алағай-бұлағай кезеңдерде буынымыз босағанымен, бүгін күшімізге қайта міндік. Сондықтан ғой, Алаш арыстарының қайта тірілгені, Қорқыттың қобызы қайта күңіренгені, тіземіздің құбылаға қарай бүгілгені…
«Жау жоқ деме, жар астында». Жанға батар жағдаяттар мүлде жоқ деуге ауыз бара қоймас. Дуал артынан тығылып атар теріспиғылдылар қазақтың арасына іріткі салудан тайынбайды. Бұл, біріншіден, біздің бар екенімізді байқатса, екіншіден, қайратымызды жани түседі. Ысылған үстіне, ысыла бермекпіз.
Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек
(Жолдау жолдарынан)
Бейбіт елдің ертеңі баянды. Мәдениеті жарасқан жұрттың болашағы да жарқын. Көп ұлтты бола тұра, көп мәдениеттер бәсекеге түсіп жатқан жоқ. Қайта, бірін-бірі қолдап, қолпаштап, ізет көрсетуде, құрмет білдіруде.
Қазақ халқының мәдениеті үлкен, бай, өнегелі. Біз өзіміздікін ғана өрге тартудан аулақпыз. Туысқан ұлттардың мәдениетіне де үн қатамыз. Бұл – білгенге именшектік пен қорқақтық емес, сыйластық пен татулық. Мерейіміз сонысымен асқан, айбынымыз сонысымен биік, айбарымыз сонысымен асқақ.
Тәуелсіз елдің ұрпағы еркін, болашағы кемел. Өйткені, еркін ұрпақ ез болып өспейді, өр һәм өрелі болып өседі. Өз ұлтын, қанын, тілін, дінін, ділін танып ұлғаяды. Осы құндылықтарды таныған ұрпақтың әлемдік тарих сахнасынан Қазақ мемлекетін әсте жоғалтпақ емес. Мәдениеті мен дәстүрін өшірмек емес. Басты мұрат та, мақсат та осы!
Асхат РАЙҚҰЛ