Барымызды бағалай бiлейiк

0 101

Халқымыз ұлттық құндылықтарға аса бай. Алайда құқықтық сауаттың төмендiгiнен сол атадан мирас асыл қазынамыздан айырылуға шақ қалып тұрмыз. Олай дейтiн себебiмiз, халықаралық аренада қымыз – немiстерге, бауырсақ – қырғыздарға, халық ауыз әдебиетiндегi кейбiр батырлық жырларымыз түркiлдес елдердiң меншiгiне телiне бастады.

Өзiмiздiң барымыз, өзгенiң нарына айналып кетсе ұрпақ алдында айыпты болмаспыз ба?
Мұның бәрi айналып келгенде, патент деген «пәлеге» келiп тiреледi. Патент – жеке адамға немесе фирмаға берiлетiн құқықтық мүмкiндiк. Яғни, өнертапқыштың тапқырлығын ерекше құқықтық мойындауды қамтамасыз ететiн ресми құжат.
Аталмыш құжатқа ие бола отырып, өнертапқыш зияткерлiк меншiкке қатысты барлық құқығын заң арқылы қорғай алады. Алайда, ҚР Әдiлет министрлiгi халқымыздың ұлттық тағамдары болып табылатын қазы-қарта, жал-жая, шұбат, қымыз, құрт, iрiмшiк, және тағы да басқа осы секiлдi ұлттық өнiмдерiмiздiң дайындалу тәсiлiне қатысты кез келген тұлғаға айрықша құқық беруге құлықсыз. «Бұл басқа тұлғалардың күнделiктi тұрмыста тұтыну мүмкiншiлiгiн шектеу» дейдi ондағылар. Мұндай жағдайда той-томалақта аты аталған өнiмдердi дастарханға қою үшiн патент иеленушiден рұқсат сұрау қажеттiлiгi туындайтынға ұқсайды. Сондықтан, қазақтың қымызына немiс азаматы авторлық құқық иеленгенiмен, бiздiң отандастық ондай бақытқа әзiрге қолы жетпейдi.
Мұның бәрiне себеп болып отырған – бiздегi құқықтық заңнама жүйесiнде уақыт талабына сай заң құжаттарының жоқтығы.
Бұл орайда, ҚР Әдiлет министрiнiң орынбасары Әмiрхан Аманбаевтың мәлiмдеуiнше, алдағы уақытта «Дәстүрлi бiлiмдер туралы» заң жобасы дайындалып жатыр екен. Сол заңның шеңберiнде қазақтың ұлттық тағамдары, салт-дәстүрлерi, ер-тоқым, ат әбзелдерiн жасау – бәрi-бәрi қорғауға алынатын болады. Бұл заң қазақтың өзiнiң салт-дәстүрi мен мәдениетiне байланысты ұлттық өнiмдерi мен төл туындыларын тұтастай меншiктеп алуына мүмкiндiк беретiн болады.

P.S Дайындалып жатқан заң жобасы қолданысқа енгенше, қазақтың басқа да құндылықтары өзгенiң олжасына айналып кетпесе игi едi.

Жамаладен Ибрагимов,
заңгер-ғалым:

– «Дәстүрлi бiлiмдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған дәстүрлi бiлiмдердi құқықтық қорғауды заңды түрде бекiту, сонымен қатар елдiң ұлттық жетiстiгi болып табылатын дәстүрлi бiлiмдер саласындағы мемлекеттiк саясатты айқындау үшiн әзiрленген.
2006 жылғы 23 желтоқсанда қабылданған «2007-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы патенттiк жүйенi дамыту бағдарламасын бекiту» туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң №1243 қаулысында: «Зияткерлiк меншiктiң дәстүрлi емес нысандары: географиялық атаулар, фирма атаулары, дәстүрлi бiлiмдер, генетикалық ресурстар, фольклор және тағы басқа құндылықтарды қорғау мәселесiн шешу» қажеттiлiгi анықталған болатын. Содан берi дәстүрлi бiлiмдердi құқықтық қорғау мәселелерi заңды түрде шешiлген жоқ.
Қоғамның халық медицинасына, дәстүрлi әдiстермен дайындалған химиялық қоспасыз өнiмдерге деген қызығушылығы, оларға қол жеткiзушiлiк, оларды пайдаланудан түскен өнiмдi бөлу, қорғау мәселелерi туындады. Медицинада, ветеринарияда, ауыл шаруашылығында, жеңiл өнеркәсiп саласында дәстүрлi бiлiмдердiң пайдаланылатындығы қазiргi күнде баршаға мәлiм. Соған қарамастан домбыра, бесiк, қазы-қарта, жал-жая, шұбат, қымыз және басқа да қазақ халқының жетiстiгi мен тарихи мұрасы болып табылатын дәстүрлi бiлiмдердi құқықтық қорғау мәселесi қоғамды дүр сiлкiндiрдi. Сондықтан заң жобасында Қазақстан Республикасы аумағында дәстүрлi бiлiмдердi құқықтық қорғаудың тәртiбiн белгiлеу, мемлекеттiк саясаттың негiзгi ережелерiн, сонымен қатар дәстүрлi бiлiмдер саласындағы құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк кепiлдiктердi бекiту, тiзбесiн жасау, ұсынымына қажеттi талаптар және тiркеу тәртiбiн анықтау көзделген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =