Барша түркінің төл перзенті

0 39

ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі, аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы Мұстафа Шоқайдың еңбектері мен жеке құжаттары қазіргі таңда кітапханалар мен архивтерден орын алған. Сондай құжаттардың бір шоғыры: мақалалары, хаттары, суреттері және ол жөніндегі естеліктер Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР «Ұлттық архиві» мекемесінің №83 қорында сақтаулы тұр.Мұстафа Шоқай өмірін көп жыл­дардан бері зерт­теп келе жат­қан ғалымның бірі Стам­бул­дағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның түрікше, қазақша, кейін француз тілдерінде «Мұстафа Шоқай. Өмірі. Күресі. Шығарма­шы­лығы» деп аталатын еңбегі шықты. Ғалым былай деп жазады: «Мен өзім зерттеу­лерде бейтарап болуға,
М.Шоқайды жан-жақты көрсетуге тырыстым. Дегенмен «бұл кісінің олқылықтары, кемшіліктері жоқ па» деп, өзім зерттеулер барысында бұл жағына да салмақ салып іздедім. Бірақ зерттеуші ретінде, өкінішке орай деймін, ондай мәліметтер таба алмадым. Бірақ ұлтымның перзенті ретінде, қуанышқа орай деймін, М.Шоқайдан бір кемшілік те таба алмадым. Адамгершілік жағынан ешқандай кемшілік жоқ. Былайша айтқанда, М.Шоқай – түркі мұсылман халықтарының асыл қасиеттерін бойына сіңірген ұлы тұлға. Онымен қалай мақтансақ та болады».
Мақаланы жазу барысында М.Шоқайға қатысты архив қорындағы тек бірқатар құжаттарға ғана тоқталдық. Бұдан басқа, түрік, неміс, ағылшын, француз, шағатай тілдерінде жазылған құжаттар жеткілікті. Оның бірнеше тілді жетік меңгергенін осыдан байқауға болады. Мысалы, М.Шоқайдың «Китайский Туркестан» мақаласы орыс тілінде жазылған. Мақала машинкада басылып, күні «15/XII-1932» деп көрсетілген. Мұстафа Шоқай «Қытайлық Түркістан деп әдетте, Батыс Қытайды немесе «Синь-Цзянь» провинциясын атайды (бұл сөздің дәл қытайша аталуы «Чинг-Джанг» – «Tching-Djang») аудармасы «жаңа облыс», «жаңа провинция» деген мағынаны білдіреді» деп жазады. Бұл атау Ресей Құлжаны Қытайға қайтар­ғаннан кейін берілген. Автор Ресейдің жаулап алған Құлжаны қайтадан Қытайға қайтаруын отарлау саясатымен байланыстырады. Яғни, Ресей Құлжадағы көтерілістердің өзі жаңадан отарлап жатқан Түркістан аумағындағы көтерілістерге ұласып, өршіп кетуінен қорқып осындай қадамға барды дейді. Ол кезде қазіргі Түркіменстан, Хиуа хандығы әлі де жаулап алынбаған еді, Қоқан хандығы да болған еді. Құлжаны қайтарған соң, Патшалық Ресей бірқатар сау­да жеңілдіктеріне ие болып, бүкіл Батыс Қытай жерінде – Ұлы Қытай қабыр­ғасы мен Монғолияға дейінгі аймақта салықсыз еркін сауда жасауға рұқсат ал­ғандығы және Құлжаны иелену мен оны ұстап тұруға кеткен шығынды өтейтін 5 миллион рубль көлеміндегі ақшалай төлемге ие болғандығы бізге тарихтан мәлім. Сондай-ақ автор Синь-Цзяньда халық санының 5 миллионнан асатынын, оның ішінде түркі тектес мұсылмандар 75 пайызды құрайтынын, қалған бөлігі – қытайлар, монғолдар екендігін айтады. Өкінішке орай, мақала аяқталмай қалған, қалған беттері жоқ.
Келесі құжат Мұстафа Шоқайдың Аяз-Исхакиге арнап жазған хаты. Ол 1934 жылдың сәуір айында «Яш Түркістанның» 53 шығарылымында жарияланады. Бұл түрік тілінде жазылған хат 1979 жылы Анкарада шыққан «Muhammed Ayaz Ishaki. Hayati ve faaliyeti» деген кітапқа енген. Қазір Ұлттық архив қорында хаттың көшірмесі сақталған. Мұстафа Шоқай хатты Аяз Исхакиге Жапонияда қастандық жасалған кезде жазған. Аяз Исхаки Мұстафаның досы. Ол – татар ұлттық қозғалысының көшбасшысы, қоғам қайраткері, жазушы, публицист. 1917 ж. қарашада Қазан, Уфа, Орынбор губерния­ларының террриториясын қамтыған Еділ-Орал автономиясын құруға қатысып, оның сырт­қы істер жөніндегі департаментін басқарған. Кеңес өкіметі Еділ-Орал автономиясын құлатқан соң 1919 ж. Польшаға эмиграцияға кеткен. 1928 жылдары Берлинде, 1934-1938 жылдары Маньчжурияда, Кореяда, Жапонияда, араб елдерінде, Финляндияда болады. Бұл елдерде татар эмигранттарын ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарады.1934 жылы Токиода жапон тілінде «Еділ-Орал» атты кітабын шығарады. М.Шоқай Аяз Исхакиге жазған хатында «Токиода сізге бірнеше бұзақылардың шабуыл жасағанын мен терең таңданыспен және жеккөрушілікпен естідім деп жазған.
Келесі құжат бойынша 1937 жылы 2 қарашада М.Шоқайдың «Le Temps» газетінде жарияланған «Le Japon et les musulmans» мақа­ласына орай редакцияға жолдаған түсіндірме хаты былай деп басталады «Сэр Директор, 31 қазан күні «Le Temps» газетінің 8-бетінде Токио туралы «Жапония және мұсылмандар» атты жаңалықтар жарияланды, ол «кеңестік Түркістан бос­қындарының басшысы эмир Құрбанғали» деген сөйлемнен басталады. Сэр Директор, Түркістан ұлттық комитетінің өкілі ретінде сізге мынаны хабарлауға рұқсат етіңіз». Әрі қарай Құрбанғали мырзаның Түркістан ұлттық қозғалысына ешқандай қатысы жоқ екендігі айтылады. Құрбанғалидың әмір (ақсүйек) емес, кезінде Орынборда қарапайым молда болғандығы, оның Жапония протекторлығында мұсылман мемлекетін құру әрекеті Ниппонның Орталық Азия мұсылмандарына ықпал етуі үшін ештеңе жасай алмайтындығынан жүзеге аспайтындығы, сондай-ақ саяси көзқарасы жағынан оның монархист екендігі, сол себепті ресейлік ультрамонархистердің көмегімен оның «үлкен мұсылман мемлекетін құру әрекетіне ешкім сенбейді» деп жазады. Расында да, М.Шоқайдың айтқаны дәл келіп, мұсылман мемлекетін құру идеясы іске аспайды. Бұл М.Шоқайдың саяси көрегендігінің бір ғана дәлелі. Мұстафа Шоқай баспасөз беттеріндегі Түркістанға қатыс­ты шыққан мақалалардың бәрін қалт жібермей оқып, оған өзінің лайықты, дәйекті жауабын беріп отырған. Хаттың соңында «Мұстафа Шоқай ұлы. Түркістан ұлттық үкіметінің бұрынғы президенті және Түркістан ұлттық комитетінің өкілі» деп жазылған.
Келесі құжатта М.Шоқайдың 1926-1939 жж. аралы­ғындағы халық санағының нәтижесі, Түркістан жеріндегі өзгерістер туралы жазған мақаласы берілген. ХХ ғасырдың 20–30-жылдарында Кеңестік Қазақстанның демографиялық тарихы өте күрделі болды. Осы кезде әлеуметтік аласапыран өзгерістер – ұжымдастыру, көшпелілерді зорлықпен отырықшыландыру салдарынан туындаған ашаршылық пен эпидемиядан халық саны күрт азайды. 1926 және 1939 жылдарда өткен халық санақтарының материалдары осы нәтижені көрсетеді. 1926 жылы 17 желтоқсанда Кеңес Одағы аумағын түгел қамтыған тұңғыш санақ өтеді. М.Шоқай өзінің мақаласында (1939 ж. М.Шоқай. Түркістан Респуб­ликасы жөніндегі мәліметтер) Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан Республикаларын «Түркістан халықтары» деп атап, олардың республика болып құрылған кезеңдеріне, жер аумағына, 1926-1939 жж. аралығындағы халық санағының нәтижелеріне, басты қалаларына сипаттама береді. М.Шоқайдың дерегі бойынша, 1926 жылдың 17 желтоқсан айында өткен халық санағында Қазақстандағы халықтың саны – 6 073 979, ал 1939 жылдың 17 қаңтарында өткен санақ бойынша халық саны – 6 145 937. Халықтың саны небәрі 1,2 пайызға өскендігін көрсетеді. Оның ішінде қалада тұратындар саны – 1 706 150, ауылдық жерде тұратындар саны – 4 439 787. Басты қаласы Алма-Ата, ондағы халықтың саны (1939 ж. халық санағы бойынша) 230 528 деп көрсетілген. Ұлтжанды азамат әрі қарай былай деп ашына жазады: «Обратите внимание на этот ничтожный процент увеличения населения Казахстана за истекшие годы от переписи 1926 г. по переписи 1939 г. 12 лет. Численно это увеличение выражается в 71 958. И это, несмотря на то, что за это время Советское правительство переселило из внутренней России в Казахстан около полумиллиона русских мужиков. Следовательно коренное население – турки-казахи сильно уменшилось в числе. Это происходит из-за систематического голода, которому подвергается коренное казах-турецкое население выселяемое Советским правительством в интересах русского переселения, с своих населенных мест». Демограф ғалым М.Тәтімов өзінің еңбектерінде «1926–1939 жылдардағы екі санақ аралығында Қазақстан халқы 36,7 пайызға кеміді» деп жазған болатын.
М.Шоқайдың ұлт азаттығы үшін күресте ақпарат құралын ең басты қару ретінде пайдаланғанын архив құжаттары растайды. Баспасөз беттерінде оның түркі халықтарының бірлігі, жаңадан орнаған Кеңес үкіметінің отаршылдық саясаты, жер, ұлттың азаттығы мен бостандығы мәселелеріне байланысты көптеген мақалалары жарық көрген. Мұстафаның жан-жақты білімдарлығын, қаламгерлігі мен саяси көрегендігін мойындаған эмиграциялық баспасөз редакциялары оған есіктерін ашық ұстаған. Орыс, өзбек, ағылшын, француз, неміс, поляк, түрік және араб тілдерін жақсы меңгерген саясаткер газет-журнал мақалаларын өзі редакциялаған. Өзі журнал, газеттер шығарған. Архив қорындағы «М.Шоқайды еске алу. Дүниеден өткен соң бір жылдан кейін. 27 желтоқсан 1942 жыл» деп аталатын құжатта (түрік тілінде): «Түркі тари­хының ұлы тұлғаларының бірі Мұстафа Шоқайдың дүниеден өткеніне бір жыл болды. Осыған орай, марқұмның әр түрлі уақыттар мен жағдайларда түскен суреттерінің кішкене бөлігі жария­ланады. Осылайша, осы ұлы түркіні көре алмаған немесе білмейтін адамдар қандай да бір дәрежеде оның өмірі мен келбетін елестете алады…» дей келе, М.Шоқайдың өзі шығарған газет-журналдары мен басқа да басылымдарда жарық көрген мақалаларына шолу жасалады. Қарас­тырып отырған құжаттың соңында «1919 жылдан бері Түркістаннан тыс жерде жұмыс істеген Мұстафа Шоқай өзінің қызметінің күрделі қиын кезеңінде және ұлттық істері басталған кезде, 27 желтоқсанда Берлинде қайтыс болды, оның мүрдесі марқұм Мехмед Талаат-паша жерленген Берлиндегі түрік-ислам зиратына қойылды» деп жазылған.
М.Шоқайдың өзінің жур­налистік-публицистік жолын «Бірлік туы», «Улуғ Түркістан» басылымдары­нан бастағанын, «Йени Түркістан», «Яш Түркістан», «Түркістан» журналдарының негізін қалап, олардың қалыптасып, дамуына барынша еңбек сіңіргенін білеміз. «Яш Түркістан» журналы М.Шоқайдың пуб­лицистік-редакторлық, ұйымдастырушылық қабілетін танытқан ең көрнекті туындысы болды. Журнал бірнеше түркі тілдес және мұсылман мемлекеттеріне тараған. Бір көңіл аударарлық мәселе, М.Шоқай негізін қалаған журналдардың барлығы Түркістан атауымен байланысып жатқандығы.
Мұстафа Шоқайдың өмі­рін, саяси қызметі мен шы­ғармашылығын зерттеген профессор Әбдіуақап Қараның айтуынша, «біз қазір М.Шоқайдың бейнесін ашып қана отырмыз. Өйткені, бұл туралы зерттеулер әлі толығымен басталған жоқ. Және де бұнымен аздаған адам айналысып келеді. Бұл кісі басқа Алаш қайраткерлеріне қарағанда көп жұмыс­ты қажет етеді. Себебі, бұл кісі шетелге кеткен. Франция­да болған. Деректер жан-жақта шашылып жатыр. Сонан кейін олардың көбісі әр тілде. Атап айтсақ, француз, ағылшын, неміс. Онан кейін «Яш Түркістанның» өзі бір бөлек. Оны өздері шағатай тілі дейді. Сондықтан бұларды зерттеу үшін аз емес, көп адам керек. Әсіресе, менің айтарым, «Яш Түркістанды» жақсы зерттеуіміз керек. «Яш Түркістанда» М.Шоқайдың тек таңдамалы мақалалары ғана аударылған». Ғалымның айтуынша, Мұстафа Шоқай бейнесін 21-ші ғасыр биігінен қарап отырып та әлі толығымен тани алған жоқпыз.
Қалай болғанда да, жұмыс жалғасуда және көп ұзамай ұлы тұлғаның мұрасы тарихи отанына толық көлемде оралады деген үміт бар. Құжаттарға қарап, М.Шоқайдың бүкіл идеялары бүгінгі күні де өте өзекті деп айта аламыз. Оның «Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп-дамиды, жеміс береді» деген сөздері әрбір қазақ баласына «Тәуелсіздігіңді қадірле, ұлттық мүдделер үшін қыз­мет істе» дегендей бағыт-бағдар беріп тұр.

Ажар ЕРМІШОВА,
ҚР Ұлттық архивінің
жоғары деңгейдегі
білікті маман-архивисі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =