Барша аймаққа үлгі шаһар

0 38

Жақында Үкімет басшының төрағалығымен өткен Нұр-Сұлтан қаласының жаңа орталығын салу барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Асқар Мамин: «Елорда құрылысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырған тарихи жоба. Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаев алдымызға елорданы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды. Енді біздің басты міндетіміз – қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, оның инфрақұрылымын, сыртқа келбетін жақсарту. Елорда өмір сүру сапасының деңгейі бойынша барлық өңірге үлгі болуы тиіс» деді.

Шын мәнінде, қазір ел жүрегі – елорда барлық аймаққа үлгі болар шаһарға айналды. Қала күн сайын көркейіп, қанатын кеңге жайып келеді. Бұл айтуға оңай болғанмен, осы деңгейге жету үшін қаншама күш жұмсалды. Қазір тұрғындардың игілігі үшін сан тарау жобалар қолға алынып, сол бағытта көп жұмыстар атқарылып жатыр. Біз соның ішінде абаттандыру туралы айтсақ дейміз. Қаланың көркі – биік үйлер, сәнді ғимараттар ғана емес, тал-терегімен жайқалған сая­бақтар, неше түрлі гүлдің иісі аңқыған гүлзарлар, қыздың жиған жүгіндей жинақы аулалар, балалар асыр салатын ойын алаңдары.

Шаһар – ауладан басталады

????????????????????????????????????

Биыл бас қалада «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 150-ге жуық аула абаттандырылады. Қазір ол жұмыстар белсенді басталып кетті. Олардың кейбірі он жылдан бері абаттандырылмаған, солардың бәрі назардан тыс қалып жатқан жоқ. Сонымен бірге 50-ге жуық көпшілік баратын қоғамдық орындар да көркейеді. Мәселен, әнебір жылы Мәскеуге жолымыз түскенде үлкен шаһарда шағын саябақтар мен гүлзарлар көп екендігін байқадым. Қазір бізде осындай саябақтар мен гүлзарлар көбейгені көңілге жылылық ұялатады. Әсіресе сүрілген ескі үйлердің орнына салынған шағын саябақтар қаланың ажарын ашты.
Мысалы, таяуда елорда басшысы Байқоңыр ауданына қарайтын «Жастар» шағын ауданын аралап, сондағы жұмыс барысымен танысқан еді. Аталған шағын аудандағы 50-ден астам тұрғын үйде 14 мыңға жуық тұрғын тұрады. Биыл осындағы 16 аула толығымен абаттандырылады. Сонда тұрғындармен кездескен қала әкімі Алтай Көлгінов: «Аулаларды абаттандыруда тұрғындардың пікірін ескеру қажет. Ол үшін биыл барлық аудан бойынша «Қатысу бюджеті» бағдарламасы іске қосылды. Қай ауланы абаттандыру немесе ойын алаңдары қандай болу керек дегенді тұрғындардың өзі шешеді. Ең алдымен жұмыс тиісті деңгейде орындалуы қажет. Біз сапасы төмен жұмысты қабылдамаймыз» деп айтты.
Елорда әкімдігі қаланы көгалдандыруға айрықша назар аударып отыр. Осы жылы бас шаһарды көгалдандыру мен абаттандыру мақсатында 30 мың ағаш отырғызылады. Қазір қалада гүл егу жұмыстары қызу жүргізілуде. Биыл шаһар бойынша 6 миллионға дейін гүл егіледі.

Шеткі көшелер де жөнделуде

Тағы бір қуантарлық жайт, бас шаһардың шет аймағындағы көшелерге асфальт төселіп, аулалары абаттандырылып жатыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 150 көше жөнделеді. Олардың дені жүзге жуық тұрғын үй алабында орналасқан.
Өндіріс тұрғын алабының тұрғыны Сәуле Құлмайева аталған алаптағы өзі тұрып жатқан көшеге 25 жылдан бері асфальт төселмегендігін айтыпты. «Биыл бірінші біздің көшеге асфальт төселді. Қуаныштымыз. Бұрын елордада тұратынымызды мүлдем сезінбейтінбіз. Жол жаңбыр жауса, батпаққа айналады. Қазір жол мен бірге жарық та тартылды. Балалар да аулада еркін ойнап жүр. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген азаматтарға алғысымды айтамын» деп қуанышын жеткізген. Биыл Өндіріс тұрғын алабында 16 көшенің жолы жөнделіп, оның кейбірі жаңадан салынады. Сонымен қатар Агроқалашық тұрғын алабында да 21 көшенің жолы жөнделеді.
Өзіме түнгі елорданың көрінісі қатты ұнайды. Әсіресе жарқ-жұрқ еткен түрлі-түсті шамдары адамды еліктіріп, алыстан қол бұлғап шақырып тұрады. Осы жылы қала көшелеріне 10 мың энергия үнемдейтін шамдар орнатылады. Бұл шамдар электр энергиясын 40 пайызға үнемдеп, әдеттегі шамдарға қарағанда айтарлықтай жарық болады.

Кептелістен веложолдар құтқарады

Әлемдегі халқы көп үлкен шаһар тұрғындары иін тірескен кептелісте көп тұрмау үшін жұмысқа көбінесе велосипедпен қатынайды. Бұл үрдіс кейінгі жылдары бізде де кең қанат жайыла бастады. Биыл елордада 45 шақырым веложол салынса, осы үш жыл ішінде 130 шақырым веложол салу жоспарланып отыр. Қазір қалада 50 велостансаға 200 велосипед қойылған. Осы маусым айында оның саны үш есе көбейтіліп, елорда тұрғындары мен қонақтарына 155 стансада 700 велосипед қолжетімді болмақ.
Маусым айы туа күн қат­ты ысып кетті. Жұршы­лық­тың көбі қаладағы субұр­­қақтың маңайында жүр. Субұрқақтар да қаланың сәніне айналған. Биыл елор­дада 70-тен астам су­бұрқақ жұмыс істеп тұр. Оның көбі, яғни 48-і Есіл ауда­нында орналасқан. Есіл ауданы­ның әкімі Берік Жәкеновтің айтуы бойынша «Нұржол» желек жолындағы музыкалық субұрқақтардың әуені жаңармақ.
Бір сөзбен айт­қанда, елордадағы атқары­лып жатқан абаттандыру жұмыстары көңіл тоғайтады. Оған тек бәріміз болып атсалысуымыз қажет. Сонда бас шаһардың да шырайы ашыла түседі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =