Бастамалар бас қаладан бастау алады

0 37

Елорда әкімдігінде қала басшысының орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен хакім Абайдың – 175, Әбу-Насыр әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және өткізу жұмыстары бойынша кеңейтілген жиын өтті. Оған шаһардағы зиялы қауым өкілдері, басқарма басшылары, білім беру және өнер мекемелерінің жетекшілері қатысты.Жиын тізгінін ұстаған Бақтияр Мәкен биыл елімізде атап өтілетін айтулы оқиғалар туралы айта келіп, отырыстың негізгі мәні – осы шаралардың ұйымдастыру мәселесін пысықтау мен атқарылатын жұмыстарды ақылдасу мақсатында жиналып отырғанын жеткізді.
– Ұлы Абайдың және әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің асыл мұраларын зерделеу, олардың тәлім-тәрбиелік өсиеттерінен сабақ алу, аталған тұлғаларымыздың мерейтойларын той тойлау деңгейінде емес, ой ойлау тұрғысынан маңызды етері сөзсіз. Биыл сонымен қатар Ұлы Жеңістің – 75, Конституцияның – 25, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойлары атап өтіледі. Нұр-Сұлтан – еліміздің бас қаласы, кез келген бастама елордадан басталады. Қаламыз еліміздің өзге өңірлеріне қашанда үлгі болуы тиіс. Сондықтан алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға аса жауапкершілікпен қарап, оның жоғары деңгейде өтуіне барлығымыз бір кісідей атсалыссақ, бәрі жақсы болады деген ойдамын, – деді ол.
Бүгінде жоғарыда айтылған мерейтойларға қатысты қалалық деңгейде іс-шаралар жоспары мен тұжырымдама жасалып, бекітілді.
Отырыс барысында мерейтойлардың дайындығы мен өткізу жұмыстары жайында үш басқарма басшысы баяндама жасады. Абайдың 175 жылдығына байланысты іс-шаралар жөнінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев айтып берді.
– Ұлы Абайдың 175 жылдығы – биылғы өтілетін ең маңызды оқиғалардың бірі. Биыл, жоспарға сәйкес, хакім атамыздың тойына 300-ге жуық түрлі деңгейде іс-шара ұйымдастырылады. Бұл шаралар балабақшадан басталып, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары мен мекемелерде өтеді. Солардың қатарында Абай оқулары, ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, ақындармен кездесулер, поэзия кеші, қойылымдар секілді шаралар жоспарланып отыр. Сонымен бірге ірі сауда орталықтарында, саябақтарда, аялдамаларда ақынның қара сөздері мен өлеңдері аудиоформатта ұсынылады, хакім туралы айтқан тұғырлы тұлғалардың тағылымды сөздері көшеге ілінеді. Қазан айында «Абай және рухани жаңғыру» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұған елімізден бөлек АҚШ, Германия, Түркия, Қытай, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия ғалымдары шақырылып отыр, – деп басқарма басшысы Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына дайындық туралы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов баяндады.
– Әлемнің екінші ұстазы атанған бабамыздың мерейтойына бекітілген жоспар 50 тармақтан тұрады. Ол барлық санаттағы қоғам өкілдерін қамтиды. Оның ішінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, әл-Фараби оқулары, дөңгелек үстел мәжілісі, фарабитанушы ғалымдармен кездесу, кітап көрмелері ұйымдастырылады. Былтыр ұлы бабамызға елордадан ұзындығы 9217 м қамтитын үлкен даңғыл берілді. Енді сәні мен сәулеті келіскен Оқушылар сарайына әл-Фараби бабамыздың есімін беру ұсынылып, қазір ол үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр. Сондай-ақ биыл ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтереді. Қазір оған байқау жарияланды, ақпан айында қорытындысы шығарылып, үздік жұмыс республикалық комиссияға ұсынылады, – деді.
Сонымен бірге Нұрлан Ерболатұлы биыл елордадағы Ұлттық музейдің жанынан «Абай әлемі» деген үлкен орталық салынатынын айтты.
Одан кейін сөз алған Қоғамдық даму істері басқармасы басшысы Талғат Рахманберді Алтын Орданың 750 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шараларды таныстырды.
Талғат Абайұлы қала бойынша Алтын Орданың 750 жылдығына 80-нен астам іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтып, ол наурызда басталып, жыл аяғына дейін созылатынын мәлімдеді.
– Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай 72 тармақты қамитын жоспар бекітілді. Қазір бас қалада 52 соғыс ардагері, 2817 тыл ардагері тұрады. Соған орай 75 жылдыққа арнап мерейтойлық кітап жарық көреді. «Бұл үйде соғыс және еңбек ардагері тұрады» деген тақта орнатылады, шаһардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты сегіз ескерткіш жөндеуден өткізіледі. Мәскеу қаласындағы Жеңіс шеруіне арнайы делегация жасақтап жібереміз және басқа да мәдени-спорттық шаралары ұйымдастырылады, – деді.
Баяндамашылардан кейін сөз кезегін зиялы қауым өкілдері – Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдікұлы, Ғарифолла Есім, Сұлтан Оразалы сөз алып, өздерінің ой-пікірлерін айтты.
Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы күн тәртібіндегі бірқатар мәселеге тоқталып өтті. Соның ішінде Мәдениет және спорт басқармасына Қалалық ортаны регенерациялау басқармасымен бірлесіп «Абай әлемі» ғимаратының құрылысын жеделдетуге, Қоғамдық даму істері басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қала көшелеріне, аялдамаларға, LED-экрандарға, көпқабатты үйлердің қасбеттеріне Абайдың қанатты сөздерін, мерейтойдың логотипін кең көлемде орналастыруға және тағы басқа іс-шараларды орындауға тапсырма берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды