Басты ақпарат

Барлығы заң бойынша шешілуі керек

«Қазақстанға шекарадан заңсыз өтті» деген айып тағылған қытайлық қазақ Сайрагүл Сауытбай Жаркент қаласында өтіп жатқан сот отырысында қылмысын мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасауды өтінді. 2018 жылдың 13 шілдесіндегі соттың түске дейінгі бөлігінде прокурор Арзыгүл Имярова Сайрагүл Сауытбайға қатысты ресми айыптау актісін оқып берді. Оның айтуынша, С.Сауытбай Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы («Шекараны заңсыз бұзу») бойынша айыпты деп танылған. Заңымыз бойынша, сотта оның кінәсі дәлелденсе, елден шығарылады. 

Соттық тергеу барысында Сайрагүл өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын жеткізді. «Қытайда сая­си қысым жасалғандықтан, Қазақстан шекарасынан заңсыз өтуге мәжбүр болдым. Қытайда құпия болып саналатын «саяси үйрену» орталықтарында жұмыс істедім. Мемлекет құпиясын әшкерелемеу жөнінде қолхат бергенмін» деп мәлімдеді сотта ол. Ал судья Динара Құйқабаева Сайрагүлдің прокурормен процессуалдық келісім жасау туралы өтінішін қарауды 23 шілдедегі сот отырысына қалдырды.
Айта кетелік, 2018 жылдың мамыр айында Алматы облысының тұрғыны, Қазақстан Республикасының аза­маты, Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі – Уәли Сіләм өз әйе­лін еліміздің ҰҚК қыз­меткерлері Қорғас ке­ден бекетінен шекараны заңсыз бұзды деген айыппен ұстағанын хабарлаған болатын.
«Сайрагүл Сауытбай­дың ісі» туралы 17 шілдедегі Үкімет отырысына келген Сырт­қы істер министрі Қайрат Әбдірахманов­тан түсіндірме беруін өтінген едік. Министр былай деп қысқаша жауап берді: «Қазіргі таңда бұл іс сот, яғни қазақстандық сот тарапынан қарастырылып отырғанына орай, оған байланысты ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Барлығы заң бойынша шешілуі керек. Барлық этникалық қазақтардың тағдыры, олар қайда болса да – бізді немқұрайлы қалдырмайтынын айтқым келеді».
Шыңжаңда тұратын қазақтардың жергілікті билік тарапынан қатты қысымға ұшырап, зорлық-зомбылық пен жаппай заңсыздықтан жапа шегіп жатқаны қаймана қазақтың қабырғасына батып отыр. Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесіне қатысты Сыртқы істер министрлігіне сауалдар жолдап, төмендегідей жауап алдық:
«ҚР Сыртқы істер министрлігіне Қытайдан көшіп келген және үнемі Қазақстанда тұ­ратын этникалық қазақтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша азаматтардан өтінімдер түсуде. Мәселе, негізінен, келесі фактілерге байланысты:
– ҚР азаматтарының қос азаматтық үшін ұсталуы;
– ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар Қытай азаматтарының ұсталуы;
-Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған және Қа­зақстанда үнемі тұ­ратын этникалық қа­зақ­тарға Қытайдағы зейнетақы жинақтарын тоқтату. Қытай тарапының мәліметіне сәйкес, этникалық қазақтар Қазақстанға тұрақты тұруға рұқсатсыз кетіп, ҚР азаматтығын алды және Қытайда тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шықпаған. Қазіргі уақытта, тараптар осы мәселелерді шешу үшін тығыз жұмыс істеуде.
Біз атқарған жұмыс­тың нәтижесінде, қолымызда бар мәліметке сәйкес, қазіргі таңда ШҰАА билігі 625 этникалық қазақ үшін Қазақстанға шығуға қойылған шектеуді жою мәселесін қарастыруда. 2018 жылғы 10 шілдеге ҚР-дың шетелдік мекемелері мен Сыртқы істер министрлігіне жүгінген қос азаматтығы үшін Қазақстанға шығуға уақытша шектеу қойылған.
19 азаматтың 14-і босатылды. Өзіңіз білетіндей, біздің жігеріміз және қытай тарапының қолғабысы арқасында қос азаматтық үшін ұсталған барлық 12 адам босатылды».

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button